Аталған жоба қоғамдағы бес әлеуметтік дертке – нашақорлық, құмар ойынға тәуелділік (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдыққа қарсы кешенді күрес жүргізуге бағытталған. Жоба шеңберінде Аналар кеңестері мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, ақпараттық-түсіндіру, сараптамалық және профилактикалық жұмыстар атқаруда.
– Қазіргі таңда қоғамда нашақорлық, құмар ойынға әуестік, отбасындағы зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сынды әлеуметтік мәселелер өзекті болып отыр. Бұл проблемаларға бейжай қарауға болмайды. Біз, Аналар кеңесі, аталған мәселелермен жүйелі түрде күрес жүргізіп келеміз. Бұл – біздің басты міндетіміз, – деді Айжан Қуанышбаева.
Зиянды әдеттерге тәуелділік бүгінде этникалық шығу тегі мен діни көзқарасына қарамастан, бүкіл қазақстандық қоғамға ортақ өзекті мәселе болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында: «Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресте маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз қоғам құру үшін бұл зиянды құбылыстардан түбегейлі арылуымыз қажет» – деп атап өткен болатын.