USD517.16EUR588.48RUB6.23

Көкпекті ауданының 2024 жылғы жетістіктері және 2025 жылға арналған ауқымды жоспарлары

23 сәуір 2025, 14:05
Абай облысына қарасты Көкпекті ауданы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсімін көрсетіп отыр. Былтыр 9 ауылдық округ пен 28 елді мекенді қамтитын, 13 032 тұрғыны бар аудан түрлі салада айтарлықтай жетістіктерге жетті.
Көкпекті ауданының 2024 жылғы жетістіктері және 2025 жылға арналған ауқымды жоспарлары

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында  өткен баспасөз маслихаты барысында аудан әкімі Әділет Қожанбаев 2024 жылғы негізгі жетістіктер мен 2025 жылға арналған жоспарлар туралы баяндады.

Аудан экономикасы өткен жылы елеулі өсім көрсеткен. Көтерме сауда көлемі 497,9%-ға, инвестициялар 227%-ға, ауыл шаруашылығы 113,6%-ға, бөлшек тауар айналымы 107,4%-ға, өңдеу өнеркәсібі 118,8%-ға, құрылыс саласы 186,4%-ға артты. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысы 177,8%-ға өскен.

– 2025 жылы бұл оң динамика жалғасады деп күтіп отырмыз. 2024 жылы қол жеткізген нәтижелеріміз – болашақ даму үшін берік негіз. Мақсатымыз – осы қарқынды сақтап қана қоймай, өз кіріс көздерімізді арттыру арқылы халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды іске асыру, – деді Әділет Қожанбаев.

2023 жылы ауданның меншікті кірістері 932,6 млн теңгені құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,3 млрд теңгеге жетті. Ал 2025 жылы 1,7 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр, бұл – 30%-ға өсім деген сөз. Бұл қаражат әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

“Ауыл – Ел бесігі” бағдарламасы аясында 2024 жылы жалпы сомасы 444,3 млн теңгені құрайтын 15 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде Теректі және Тассай ауылдарында 6,3 шақырым жол жөнделді, 12 елді мекенде көше жарығы орнатылды, Ажа және Көкпекті ауылдарында абаттандыру жұмыстары жүргізілді. 2025 жылы Көкпекті ауылында 5 км жолды жөндеуге 275 млн теңге, ал 11 ауылда спорт, балалар және воркаут алаңдарын салуға 190,4 млн теңге бөлінеді.

– Ауылдарды абаттандыру – бұл тек сыртқы көріністі жақсарту емес, бұл – тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Биыл алғаш рет аудандық бюджеттен 211,5 млн теңге бөлініп, субұрқақтар мен саябақтарды жөндеу жобалары іске асуда, – деп атап өтті аудан әкімі.

Көлік инфрақұрылымы да басым бағыттардың бірі. 2024 жылы жолдарды жөндеуге 349,3 млн теңге бағытталып, Көкпекті – Биғаш тас жолы мен Толағай ауылына кіреберіс жол жөнделді. 2025 жылы Үлкен –  Бөкен ,Көкжайық – Үлгімалшы бағытындағы 11 шақырым жолды жөндеуге 701,6 млн теңге, ал өзге жол жобаларына 823,5 млн теңге қарастырылған.

Тұрғын үй құрылысы да қарқынды дамуда: 2023 жылы 19 үй, 2024 жылы 842 млн теңгеге 50 үй салынды. Бұл 50 отбасының баспаналы болуына мүмкіндік берді. 2025 жылы 58 пәтер салу жоспарланған. Су тасқынына қарсы шаралар аясында 2024 жылы өзен арналарын тазалау және жағалауларды бекітуге 20,9 млн теңге бөлінді. 2025 жылы бұл мақсатқа 37,4 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар, Тассай ауылындағы су тасқынынан бүлінген «Жүзагаш» көпірін қалпына келтіруге 937 млн теңге көлемінде қаржы бөлуге өтінім берілді.

– Біз көшіп келген азаматтарға тұрғын үймен және қажетті қолдаумен қамтамасыз ету арқылы ауылдарымызды жандандырып, халықтың көші-қон мәселесін шешіп келеміз, – деді Әділет Қожанбаев.

Жұмыссыздық деңгейі 2023 жылы 5,3%-ды құраса, 2024 жылы 4,8%-ға дейін төмендеді. Ал 2025 жылы бұл көрсеткішті 4,5%-ға дейін азайту көзделуде. Бұл жаңа жұмыс орындарын – кен орындарында, құрылыс пен әлеуметтік нысандарда ашу арқылы жүзеге аспақ. Сонымен қатар, 2024 жылы мектептер мен балабақшаларды жаңғыртуға 257,3 млн теңге бөлінді. Ауданда 6 медициналық пункт салынды және аудандық аурухана жөнделді.

Аудан экономикасының негізі – ауыл шаруашылығы. 2024 жылы 74 мың тонна дәнді дақыл және 46 мың тонна майлы дақыл жиналды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда тиісінше 169% және 136,3%-ға артық. Өнеркәсіп саласы алтын мен платина тектес металдарды өндіру, сондай-ақ никель мен мыс кен орындарын барлау арқылы дамып келеді.

Көкпекті ауданы мемлекеттің қолдау бағдарламалары мен жергілікті бастамаларды ұштастыра отырып, тұрғындардың өмір сапасын арттыру және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету жолында сенімді қадам жасауда.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

17 сәуір 2025, 15:02
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2025
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar