
Ағымдағы жылдың 21 сәуірінен бастап республика аумағында жүзеге асырыла бастаған акцияның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заңсыз қару айналымының алдын алу.
– Биыл бұл іс-шараны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 5 миллиард 24 миллион теңге бөлінді. Тапсырылған қарудың түрі мен техникалық жай-күйіне қарай азаматтарға 10-нан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 39 320 теңгеден 393 200 теңгеге дейін өтемақы төленеді, – деп атап өтті Бақытбек Сыдықбаев.
Спикердің айтуынша, қару-жарақты өз еркімен тапсырған азаматтар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен толықтай босатылады.
Қару тапсыру тәртібі жөнінде Абай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының Азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының аға инспекторы Ермек Закенов тұрғындардың ішкі істер органдарына тікелей жүгінуіне немесе «102» арнасына хабарласуына болатынын атап өтті.
– Полиция қызметкерлері оқиға орнына келіп, қаруды қабылдап, арнайы құрылған комиссия қарудың бағасын анықтайды.Бұл акция азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан тұрғындарды белсенді қатысуға шақырамыз, – деді аға инспектор.
Сонымен қатар, Ермек Закенов түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында өңір бойынша, әсіресе ауылдық елді мекендерде, халықты ақпараттандыру шаралары белсенді жүргізіліп жатқанын жеткізді.