
Аймақ басшысы елді мекен тұрғындарымен бірге сенбілікке қатысып, ағаш көшеттерін отырғызды. Айта кетейік, аймақта 5 сәуірде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында облыс әкімінің бастамасымен жалпыөңірлік тазалық акциясы басталған болатын.
5 және 12 сәуірде облыс аумағында екі мәрте жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық акциясына 44 мыңнан астам тұрғын, 1800-ге тарта ұйым және 700-ден астам арнайы техника тартылды.
Сенбілік аясында 40 мыңға жуық аула, 400 саябақ пен шағын алаң, 100-ден астам ескерткіш маңы, 126 су айдыны тазаланған. 2 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылып, 8 мың тоннаға жуық қоқыс арнайы полигондарға жеткізілді. Облыс әкімі тазалық акциясы жыл бойы жалғасатынын атап өтті.
«Президент бастамасымен қолға алынған "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясындағы жалпыөңірлік тазалық акциясына облыс тұрғындары ерекше қолдау білдіруде.Бүгін, міне, қаладан 500 шақырымнан астам жердегі, бұрын аудан орталығы болған Баршатас ауылына арнайы келіп, өздеріңізбен бірге шырша көшеттерін отырғыздым. Шалғайдағы елді мекен тұрғындарының, әсіресе ауыл жастарының тазалық акциясын қолдап, сенбілікке белсенді қатысып жатқаны қуантады" деді аймақ басшысы.
Сенбілікке қатысқан ауыл тұрғындары жалпыөңірлік тазалық акциясының облыс үшін маңызды бастама екенін айтты.
«Тазалық әркімнің отбасынан, ауласынан басталады. Тазалық пен тәртіпке тек коммуналдық қызметкерлер ғана жауапты емес. Барлығымызға ортақ іс бұл. Игі
бастаманы Баршатас тұрғындары да қолдайды. Ауылымызға арнайы келіп, халықпен бірге сенбілікке қатысқаныңыз үшін алғыс білдіреміз», - деді ауыл тұрғыны Өміртай Лахан.