
Осы мақсатта білім мен тәрбиені ұштастырған интеграциялық жоба шеңберінде Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушылары үшін далалық зерттеу сабағы өтті. География пәні мен «Менің кіші Отаным» тәрбие жобасы бойынша ұйымдастырылған интеграциялық компоненттің деректер жинау және талдау кезеңінде зияткерлер жергілікті жердің табиғи ерекшеліктерін зерттеп, жаңа тәжірибе мен бағалы білім жинақтады.
Зерттеу жұмыстары «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты мен оның Жаңасемей және Семей филиалдарында, сондай-ақ «Қарағайлы» шипажайы, «Святой ключ» бұлағы мен «Елімай» демалыс базасы аумақтарында жүргізілді.
Оқушылар 11 түрлі бағыт бойынша табиғи нысандарды зерделеп, орман шаруашылығының тарихы мен ерекшеліктерін, қарағай ағашының қолданысын, өрттен кейінгі орманды қалпына келтіру жұмыстарын, «Святой ключ» суының қасиеттері мен оның діни туризмдегі әлеуетін, топырақ құрамының ерекшеліктерін, флора мен фаунасын, рекреациялық жүктеменің әсерін және «Қарағайлы» шипажайының бальнеологиялық туризм ретіндегі мүмкіндіктерін бағамдады.
«Семей орманы» МОТР қызметкерлері оқушыларға әр зерттеу бағыты бойынша кең ауқымды мағлұмат беріп, орман шаруашылығы мен оның экожүйесі туралы маңызды сұрақтарға жауап берді. Далалық зерттеу сабағы білім алушылардың ғылыми зерттеу әдістерін игеруіне және табиғи ортаны қорғау мәселелеріне деген қызығушылықтарын арттыруға ықпал етті.