USD503.05EUR542.99RUB5.98

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Абай облысында экологиялық акция өтті

Кеше 09:28
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Абай облысында экологиялық акция өтті
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Абай облысында экологиялық акция өтті

Абай облысының Жанасемей ауданында табиғатты қорғауға бағытталған ауқымды экологиялық шара өтті. 31 наурыз күні «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Күшікбай бұлағында «Бұлақ көрсең, көзін аш» атты акция ұйымдастырылды. Шараға 50-ден астам адам қатысып, бұлақ маңын тазарту жұмыстарына белсене атсалысты.

Акцияның басты мақсаты – Күшікбай бұлағының айналасын қоқыстан тазарту, табиғи экожүйені қалпына келтіру және халықтың экологиялық мәдениетін арттыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар қоршаған ортаға деген жауапкершілікті күшейтіп, қоғамды табиғатты аялауға шақырудың тиімді жолы болып табылады.

Экологиялық шараға еріктілер, студенттер, белсенділер мен жергілікті тұрғындар қатысты. Олар бұлақ көзін ашып, айналасын тазартып қана қоймай, судың ластануын алдын алу бойынша арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тазарту жұмыстары барысында қоқыс та шығарылды.

Іс-шара барысында жастар өкілі Ерсінбек Орлеубек қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын атап өтті.

«Таза Қазақстан» – бұл жай ғана экологиялық бағдарлама емес, бұл – еліміздің әрбір азаматын қоршаған ортаны қорғауға шақыратын ұлттық деңгейдегі маңызды бастама. Бүгін біз Күшікбай бұлағын тазартумен ғана шектеліп отырған жоқпыз, біз табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға, қоғамға экологиялық жауапкершілікті насихаттауға үлес қосып отырмыз. Бұлақ – тіршілік көзі, ал оның таза болуы – біздің болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Өкінішке қарай, табиғи су көздерінің ластануы үлкен экологиялық проблемаға айналып отыр. Сондықтан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында біз табиғатты қорғау, экожүйені қалпына келтіру бағытында нақты қадамдар жасап жатырмыз. Бүгінгі шараның мәні – әр адамның бойында экологиялық сана қалыптастыру. Біз табиғатты тек пайдаланып қана қоймай, оған қамқорлық жасауды да үйренуіміз керек. «Таза Қазақстан» жобасы арқылы біз осы жауапкершілікті әрбір азаматтың санасына сіңіруге тырысамыз. Сондықтан осындай акцияларға қатысу – әрбіріміздің парызымыз. Табиғат бізге аманат, оны таза әрі көркейген күйде келер ұрпаққа жеткізу – біздің борышымыз» – деді Ерсінбек Өрлеубек.

Абай облысы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан экологиялық бастамаларға белсенді қатысуда. Өңір тұрғындарын экоакцияларға ғана емес, жалпы табиғатқа ұқыпты және жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Бұл акцияның өткізілуі қоршаған ортаны қорғау ісінде тағы бір маңызды қадам болды.

Экологиялық акциялар, тазалық жұмыстары, ұжымдық сенбіліктер – мұның барлығы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатқа деген ұқыпты көзқарасты нығайтуға елеулі үлес қосады.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2025
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar