
– Кірістер 1,7 млрд теңгені, субвенция 1 млрд теңгені, республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген трансферттер 2,7 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар ауылдық округтерге 1 млрд теңге бағытталды. Өткен жылы орташа жалақы 253 946 теңгеге жетті, – деді Нұрбек Қошқарбаев.
Аудан әкімі атап өткендей, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,1 млрд теңгені құраған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 867,7 млн теңге.
– Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 20,6 млрд теңгеге жетті. Оның 12 млрд теңгесі – жеке инвестициялар, ал 8,6 млрд теңгесі – бюджет қаражаты. Кәсіпкерлік тек экономиканы қолдап қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын да құруда. Өткен жылы бөлшек сауда айналымы 8,7 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда ауданда 1 238 шағын кәсіпорын жұмыс істейді, – деп атап өтті Нұрбек Қошқарбаев.
Сонымен қатар кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалануда. «2021-2025 жылдарға арналған Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында екінші деңгейлі банктер арқылы 20 кәсіпкерге 1,9 млрд теңге қаржы бөлінді.
– «Кең дала» бағдарламасы бойынша «Бесқарағай несие» несие серіктестігі төрт шаруа қожалығына көктемгі егіс жұмыстарына 123,7 млн теңге несие берді. 2024 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 32,4 млрд теңгені құрады, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ Нұрбек Қошқарбаев жол жөндеу мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл аудан тұрғындары жиі көтеретін маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе, Бозтал мен Қарағайлы ауылдары арасындағы жолдың жағдайы алаңдаушылық тудырады.
– Бұл мәселе бір күнде шешілмейді, 20 жылдан бері көтеріліп келеді. Қазіргі таңда 18 шақырымдық жолды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайын, ол мемлекеттік сараптамадан өтті. Сараптама толық аяқталған соң бюджеттен қаржы бөлуге өтінім береміз. Сонымен қатар Мостик ауылына баратын жолды жөндеуге қатысты да жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл бағытта да тұрғындардан бірнеше рет өтініштер түскен, – деді Нұрбек Қошқарбаев.
Жалпы алғанда, 2024 жылы аудандық маңызы бар «Қара-Мұрза ауылына кіреберіс» автожолының 1,5 шақырымына орташа жөндеу жүргізілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бесқарағай ауылындағы Молдажанов және Қалтаев көшелеріне, Қарағайлы ауылындағы Абай және Алаш көшелеріне орташа жөндеу жасалды.