
- Құралай Аманжолқызы, тіліміздің бүгінгі жай-күйі жайлы пікір алмассақ, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
- Жеке кәсіпкермін. “Атамекен” ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы — бұл коммерциялық емес ұйым. “Атамекен” ҰКП бизнестің ҚР Үкіметімен және мемлекеттік органдармен келіссөз күшін күшейту үшін құрылған. Кәсіпкерлер палатасы өз қызметімен кәсіпкерліктің барлық салаларын, соның ішінде ішкі және сыртқы сауданы қамти отырып, шағын, орта және ірі бизнестің мүдделерін білдіреді. Кәсіпкер 16 әйел бірігіп, Атамекеннің ішінде кәсіби одақ құрып, тіл мәселесі болсын, қаладағы өзекті мәселелер болсын, өзге бір саладағы бизнес бастауы болсын осы жерде талқылаймыз. Кәсіпкерлердің әкелген жобасын мәпелеп өсіріп, мемлекет тарапынан грантқа дейін жеткіземіз. Осындай үлкен масштабта жұмыс атқарамыз.
- Тіл мәселесін көтеру баршамыздың парызымыз. Қай салада болсын тіл мәртебесін биікке көтереміз. Тілді насихаттауда, үйретуде озық әдістемелер жасалауы қажет. Сол тараптан қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
- Өз еліміз Қазақстанда тұрып жатқаннан кейін өзіміздің ана тіліміз - қазақ тілі. Конститутцияда «Тіл туралы» Заңының 7-ші бабында ана тілі - қазақ тілі деп бекітілген. Бүгінде қазақ тілінің аясы кеңіп келеді. Мысалы, еліміздің атын әлемге танытып жүрген әнші Димашты алсақ, Қазақстанның атын, қазағымыздың әуезді әнін бүкіл жер жүзіне паш етіп жүр. Шетелдің адамдары қазір қазақша өлең айтып, тілімізге қызығушылықтарын танытуда. Қытай азаматтарының өзі қазақша өлеңдерді жаттап алғаннан кейін не сұрайсыз? Қазақ үшін бұл үлкен - мәртебе. Әр қазақтың жүрегіндегі патриоттық сезімді оятады. Қазақтың атын осыншама жер жүзіне танытып жүрген спортшыларымыз да қаншама. Жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларымыз шетелдерде еліміздің туын аспандатып, Әнұранымызды шырқатып жүр.
Облысымызда тіл мәселесі тақырыптары жиі көтеріліп, көп мәселелер өз шешімін тауып келеді. Абай атындағы кітапханада лингвистикалық орталықта тіл курсы жұмыс жасап жатыр. Сонда жыл сайын қазақ тілі, ағылшын тілі халыққа тегін оқытылады. Сол бойынша қаншама мұғалім, көптеген маман жұмыс істейді. Өкініштісі, біздің қала тұрғындары мұндай орталықтардың барын біле бермейді. Ол жерге өзім барып, бақылап көрдім. Кешкі уақыттың өзінде орыс ұлтының өкілдері қазақ тілін оқып отыр. Арасында қазақтар да бар. Не үшін тілді меңгеріп жатырсыз деп қызығушылық танытып едім сонда ол кісілер: «Жұмыс бабымен үйреніп жатырмын. Өйткені, жұмыста қазақ тілін білуге талап қойылады. Қазақ тілін білу маңызды себебі, алдымызға келген адам қазақша сөйлесе, біз оған қазақша жауап беруміз керек. Орысша болса орысша жауап береміз» деген жауап алдым.
Өзге ұлттың барлығын бауырына басқан халықпыз. Басқа елдің тілін сыйлай білеміз. Орыс, қазақ, басқа да тілдерде еркін сөйлейміз. Алайда, өз тарихымыз бен тіліміздің мүддесі жоғары болу керек. Ана тілін, мемлекеттік тілді құрметтеу оның маңыздылығын түсіндіру кезінде Абай өз қара сөзінде көп жазды. Тіл - әрбір елдің жаны, әрбір ұлттың - көркі. Оның мәдениеті мен білімі, тұрмысы мен өнері тілінде сақталады. Өйткені, тәрбиесі, тарихы тек өз туған тілінен өрбиді. Сол себепті, қазақ тілін қадірлеу өз халқын, өз тарихын, өз ұлтын қадірлеу деп білемін.
- Қаламыздағы жарнамаларға, баннердегі жазуларға көңіліңіз тола ма?
- Қала бойынша жазуларда қателер болса, ол туралы жазып жатады. Әлеуметтік желінің осындайда пайдасы зор. Олқылықтарды жариялап, айтып жатады. Қате жазылған жазуларды түзету үшін арнайы комиссия құрылған. Бұл қызмет тәулік бойы жұмыс істейді және құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді. Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі: Мекежайы: Семей қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 4-үй. Телефон: 8(7222) 52-63-46, электрондық пошта: semey_tyl@mail.ru . Бұл бөлімге қате жазулар немесе «Тіл туралы» заңнаманың бұзылуы туралы тікелей хабарласып, тиісті шаралар қабылдауын сұрай аласыз. Өтінішіңізде нақты орын, қате жазулардың сипаттамасы және мүмкіншілігіңіз болса, фотосуреттерді қоса ұсыну мәселенің тез әрі тиімді шешілуіне ықпал етеді.
Мемлекет тарапынан біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Атамекеннің әр жиыны тек қазақша өтеді. Әрбір қазақ өзі жұмыс жасап жүрген ұжымының, мекеменің көзқарасын түзету керек. Тілімізді дәріптеу, мәртебесін көтеру баршамыздың борышымыз. Әр адам өзінен бастамаса, басқа адамдарға не түсіндіре аламыз?
- Басқа да өзекті мәселелер шешімін тез табатындай көрінеді, ал, тіл саласындағы атқарылатын жұмыстармен оның шешімі табылмай келеді? Сол туралы ойыңыз қалай, қандай шаралар жүргізілуі керек?
- Бүгінде бұл мәселе оң шешімін тауып келеді деп ойлаймын. Президентіміз барлық сұхбаттарын қазақша береді. Кез келген реформа, болсын тек қазақша бастайды. Мемлекет тарапынан көп жұмыстар істелсе, ол халыққа бәрібір жетеді. Телеарналардың көбін қазақша сөйлету керек деп ойлаймын. Қазақ тілінде бағдарламалар көптеп түсірілуі керек. Ел болашағы, біздің үміттеріміз балалар тілі үшін түрлі қызықты кітаптар, қазақи мультфильмдер көгілдір экраннан берілсе екен. Қазақ тіліндегі жарнамалар санын көбейту керек. Заң бойынша қатаң қолға алынуы тиіс. Телефон қосымшаларында бағдарламаларды да көшіру үшін қарасаң, қазақ тілінде жоқтың қасы.
Мемлекеттік тілді құрметтеуді талап ету керек. Сонда ғана алға қадам басамыз. Келешек ұрпақтан үмітіміз зор. Олар қазақша балабақшаға барады, қазақ мектептерінің табалдырығын аттап, қазақша жетік білетін маман иесі болып шығады. Айналамда қазақша таза сөйлейтін орыс ұлтының өкілдері бар. Аталған лингвистикалық орталыққа үш жыл бойы барып жүрді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктерді біздің халық білмей жатады. Орталықта 8 мұғалім отырады. Абай облысында осы сынды біршама игі істер атқарылып жатыр. Кеше ғана келген облыс әкіміне де артатын үмітіміз үлкен. Ертістің оң қабағындағы Семей, Алаш қаласының айтылу керек қырлары өте көп.
- Қазіргі таңда кәсіпкерлерге талап қойылған, дүкен, мекемелердің аттарын екі тілде жазу. Міндетті түрде қазақша одан кейін орысша, бірақ орфаграфияға сүйенсек, қазақ тілінде мекеменің аты жазылады. Мысалы, «Арай» дүкені, ал орыс тілінде магазин «Арай» деп жазылады. Бірақ талапты орындау үшін кәсіпкерлерге «дүкені Арай магазин» деп жазуға тура келеді. Бұл іс жүзінде осылай. Кәсіпкер ретінде сіздің пікіріңіз қандай? Қайсысы орфаргафияға сай?
- «Арай» деген ортасына қойып, басына дүкен аяғына «Арай» магазин деген жазудың қисыны келмейді. Оған мемлекет тарапынан барып түсінік берілуі керек. Ол бұрмалауға келмейді. Дүкеннің жарнамасы болғаннан кейін барлығы сауатты жазылуы керек. «Арай» дүкені, магазин «Арай» деп жазылуы тиіс. Қазақстанда екі тілге ешкім қарсы емес. Біздің халықтың кеңпейілділігін, дархан көңілін біздің елде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері жақсы біледі деп ойлаймын. Қарапайым күнделікті тұрмысты алсақ, сырт жаққа тамақтануға барғанда да көп жерде тек «меню» деп ұсынып жатады. Негізі «мәзір» деп ұсынылу керек. Алдағы уақытта қолға алады деген үміттеміз .
- Өз кәсібіңізге оралсақ, кәсібіңізбен қатар әлеуметтік желіні де жүргізіп жүр екенсіз. Бүгінгі қоғамның тілі осы «әлеу желі» десек қателеспейміз. Кәсібіңіз бойынша жарнамаларыңыз қай тілде басым жүргізіледі? Халыққа өтімдісі қайсысы?
- Негізі мен өзім туризм саласында жұмыс істеймін. Абай облысының атын шығаратын – «Алакөл» демалыс орны. Алакөл - табиғат сыйлаған шипалы көл. Қазақстан бойынша көлдерден екінші орын алады. Бұрын тереңдігі 20 м болса, қазір 55 м тереңдікте. Қаншама халық жазда демалуға келеді. Басым тіл - қазақ тіл. Өйткені, Алакөлдің жанында қазақы қаймағы бұзылмаған Жарбұлақ сынды ауылдарымыз бар. Ол да өз әсерін береді деп ойлаймын. Ауылдың адамдары қонақтарды әрдайым қонақжайлықпен қарсы алады. Тіпті, шетелдің азаматтары да қарапайым тұрмыстағы сөздерді қазақша айтып жатады. Рахметтерін қазақша жаудырып жатқанда марқайып қаламыз. Өйткені, олар қай елге келсең де сол елдің тілімен сөйлеу ол- құрметтің белгісі екенін біледі.
Әлеуметтік желіде тек қазақша контент жариялап отырамын. Арасында сұраныс бойынша орысша материалдар да болады.
Патриотизімдік биік рухты көтеру керек. Менің жүрген жерімде айтып жүретін ұсынысым, мемлекеттік іс-шараларды «Атамекен» әнімен аяқтаса екен деймін. Әрбір қазақтың жүрегінен орын алған бұл ән рухты оятып, әр жүректі қазақ деп соқтырады.
Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің, мәдениеті мен ұлттық бірегейлігінің негізі.
Қазіргі таңда қазақ тілін меңгеруге деген сұраныс артып келеді. Мемлекеттік қызметте, бизнесте білім беру жүйесінде қазақ тілінің маңызы зор.
- Ел мерейін өсіретін тіліміздің мәртебесінің асқақтауына кәсіпкерлер қандай үлестерін қоса алады?
- Мемлекеттік қызметтегілердің қазақ тілінде сауатты сөйлеп, жаза алуы тиіс. Кәсіпкерлер қазақ тілінде қызмет көрсетуге, жарнама жазуға ерекше мән беруі керек. Тұтынушылар қазақша қызмет көрсетуді талап етіп, мемлекеттік тілді құрметтеуді бірінші орынға қойса, мәртебеміз асқақтай бермек. Қазақ тіліндегі жарнамалардың сапасына көңіл бөліп, қателереге жол бермеу маңызды.
- Құралай Аманжолқызы, сұхбатыңызға рахмет!
Динара Ахмедқызы