Оқытудың танымал бағыттарына мыналар жатады: электр және газ дәнекерлеушілері, электрші, сантехниктер, құрылысшылар, аспаздар, тігіншілер, шаштараздар, сонымен қатар цифрлық технологиялар саласындағы мамандар. Бұл мамандықтарға қызығушылық жыл сайын артып, жұмысшыларға деген сұраныстың растайды.
Облыстағы 31 колледжде студенттерге кәсіпорындарда теорияны практикамен ұштастыруға мүмкіндік беретін дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Осы жүйе аясында 70 мамандықта 3 060 студент білім алуда. Сондай-ақ 20 колледж 22 кәсіпорынмен меморандумға отырды, соның арқасында 4 200 студент жұмыс берушілердің демеушілігімен оқуға мүмкіндік алды.
Биылдың өзінде облыстағы колледждерде слесарлар, токарьлар, электршілер мен мерчендайзерлерді қоса алғанда, жаңа мамандықтар ашу жоспарлануда.
Бүгінде жоғары сынып оқушыларына арналған білім беру бағдарламалары пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Жалпы білім беретін мектептердің 10-11 сынып оқушылары бір мезгілде колледж дипломын ала алады. Өткен оқу жылында жобаға екі оқу орны қосылды: Жоғары геодезия, картография және құрылыс колледжі мен Бизнес және сервис колледжі. 2024-2025 жылдары Көлік колледжі мен Бесқарағай колледжінде эксперименттік топтар ашылды.
Сонымен қатар, Абай облысындағы колледж студенттері WorldSkills чемпионаттарында дәстүрлі түрде жетекші орындарды иеленеді. Облыс құрамасы екі жыл қатарынан ел біріншілігінде үздік болып келеді.