– Қазіргі уақытта Қопа, Байқошқар, Қорық (Малкелді), Ай (Мыңбұлақ) ауылдарында, Ақтоғай кентінде және Аягөз қаласында ауыз сумен қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі. Аталған мәселелерді шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аягөз қаласының ет комбинаты ықшам ауданына дейін контррезервуардан су құбыры желілерін салу. Су құбырының негізгі трасса ұзындығы – 4500 метр. Сондай-ақ Аягөз қаласының Р.Қошқарбаев (3 км) көшесі су құбыры желілерінің құрылысы іске асуда, нысанды 2025 жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, Аягөз қаласында 27 көшеде су құбырын қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Су құбыры желілерінің ұзындығы 48 286 метр, ол да келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда, – дейді аудан басшысы Қанат Әділбай.
Сонымен қатар, әкімнің баяндамасына сәйкес, ауылдық жерлерге келсек, Қорық және Байқошқар (Малкелді) ауылдарында қазіргі таңда су құбыры төселіп, су бөгеті құрылысы жұмыстары жүргізілуде. Бұдан өзге, Ақтоғай кентінде су жинау құрылғысын жасау жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ, биыл облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Ай және Қопа ауылдарының су құбырының жұмыстары жанданған.
– Қопа ауылында жыл соңына дейін жоба толық аяқталады деп жоспарлануда. 15,6 шақырым магистральдық және 10 шақырым абоненттік су құбыры төселді, 216 су құдығы орнатылды. Мыңбұлақ ауылында 13,9 шақырым су құбыры толығымен төселді, 150 су құдығы орнатылды. Су құбыры желілерін салу жұмыстары жүргізілуде, – деп атап өтті Қанат Әділбай.