USD524.65EUR552.19RUB5.14

Семейдің қоғам белсенділері бірыңғай уақыт белдеуін қолдады

25 қараша 2024, 11:09
Қоғам белсенділері UTC+5 уақыт белдеуі табиғи, тарихи және әлеуметтік ерекшеліктерді ескеретінін атап өтті.
Семейдің қоғам белсенділері бірыңғай уақыт белдеуін қолдады

Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу қажеттігінің басты себептерінің бірі – еліміздің (негізгі бөлігі) географиялық тұрғыда бесінші уақыт белдеуінде орналасқандығы. Бұл дегеніміз, UTC+5 азаматтарға табиғи циклдармен үйлесімді өмір сүруге мүмкіндік береді. Адам табиғаттың ажырамас бөлігі болғандықтан, оның биоритмдері де ғаламшар циклдарына бейімделеді, бұл денсаулыққа оң әсерін тигізеді.

UTC+5-тің ең бірінші және маңызды артықшылығы – тарихи негізделген уақытты қалпына келтіру. UTC+5 уақыт белдеуінде таңның атуы мен күннің батуы адамның табиғи биоритмімен барынша сәйкес келеді. Бұл өз кезегінде жұмыс өнімділігін арттырып, көңіл-күйді жақсартып, стрессті төмендетеді.

– Әрине, жаңа уақытқа көшу – қағаз жүзінде тез өтетін процесс сияқты көрінгенімен, нақты өмірде оған бейімделу уақытты талап етеді. Бірақ бейімделу мен үйрену кезеңінен кейін биоритмдер жаңа тәртіпке көшеді, ал бірыңғай уақыт белдеуінің артықшылықтары айқын көріне бастайды. Біз бұрынғы уақыт белдеуіне де бейімделіп, оған үйренгенбіз. Ол кезде де қолайсыздықтар туралы айтылған еді. Ал жақын тарихқа көз жүгіртсек, сағат тілі жыл сайын бір сағат алға-артқа ауыстырылған кезеңдер болғанын ұмытпауымыз керек, – дейді қалалық мәслихат депутаты Дариға Абайқызы.
Кеңес өкіметінің декреттік уақыт енгізу туралы шешімі экономикалық және саяси мүдделерге негізделген еді, бірақ табиғи жағдайлар ескерілмеді. UTC+5 уақыт белдеуіне көшу 1930 жылдарға дейін халықтың қажеттіліктеріне сәйкес болған уақытты қалпына келтіреді.

Көптеген елдер декреттік уақыттың қиындықтарына тап болған соң табиғи уақыт белдеулеріне қайта оралды. Нәтижесінде халықтың өмір сапасы жақсарып, бейімделу жүктемесі азайды.

– Бірыңғай уақыт белдеуіне оралу – дер кезінде қабылданған стратегиялық шешім. Мен уақыттың өзгеруінен кейін өзін жақсы сезінген адамдарды білемін. Кейбіреулерге бейімделуге бірнеше күн жеткілікті болды, бірақ бұл әр адамның жеке ерекшелігіне байланысты. Жалпы, бұл бастама дұрыс деп есептеймін және оны қолдаймын. Жаңа уақытқа бәріміз біртіндеп үйреніп кетеміз, – дейді қалалық мәслихат депутаты Асхат Бәкіров.
Әрине, UTC+5-ке көшуге бейімделу қажет, бірақ оның айқын артықшылықтары жақын болашақта көрініс табады. Табиғи уақыт еңбек, білім беру және тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді.

UTC+5-ке оралу – тарихи контексті де, азаматтардың денсаулығын да ескеретін ақылға қонымды және болашаққа бағытталған шешім.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar