Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев фестивальдің маңыздылығын атап өтіп, бірлік пен ұлтаралық келісім еліміздің басты байлықтарының бірі екенін ерекше айтты.
– Бүгінгі таңда біздің қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісімін сақтау және оны дамыту бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Бірлік пен келісім – бұл жай ғана сөздер емес, олар – бейбітшіліктің негізгі тіректері. Осы фестиваль әр адамның жүрегіне жылулық пен қуаныш сыйлап, бірлігімізді нығайтады деп сенемін, – деді Айдар Садырбаев.
Фестиваль қонақтары әртүрлі этностардың ұлттық киім үлгілерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Абай облысында достық пен келісімде өмір сүріп жатқан 50-ден астам этнос өкілдері бар. Ұлтаралық татулықты нығайту және Қазақстан халықтарының мәдениетін насихаттау мақсатында өңірде 5 достық үйі мен 49 этномәдени бірлестік қызмет атқарады.