Мал жаю ережелерін бұзғаны үшін 2 мыңнан астам ауыл тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, бірақ айыппұлдар жағдайды жақсарта алмай отыр, себебі жол-көлік оқиғаларының саны әлі де артып келеді. Бұл туралы Абай облысы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бауыржан Садақбаев мәлімдеді.
– Бұл мәселенің негізгі екі себебі бар: мал иелерінің өз малын қадағаламауы және ауыл шаруашылығы жануарларын сырғаламау мен чиптеудің жоқтығы. Бұл бағытта аудандық әкімдіктер, ветеринариялық инспекциялар мен ауыл шаруашылығы бөлімдері тарапынан жұмыстардың әлсіз ұйымдастырылғаны байқалады, себебі жол-көлік оқиғаларының алдын алу тек полицияның емес, жергілікті атқарушы органдардың да міндеті, – деді Бауыржан Садақбаев.
ИСЖ деректері бойынша, облыс аумағында 2 млн 375 мың 152 бас ауыл шаруашылығы жануарлары тіркелген. Биылғы 8 айда қараусыз қалған 4 820 бас ауыл шаруашылығы жануары арнайы тұрақтарға орналастырылып, мал жаю ережелерін бұзғаны үшін 2 289 адам ҚР ӘҚБтК 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
– Облыста ауыл шаруашылығы жануарларын уақытша ұстауға арналған 110 арнайы тұрақ бар. Сонымен қатар, апаттылықты талдау нәтижесінде жеті қалааралық жолда 11 қауіпті учаске анықталып, "ҚазАвтоЖол" АҚ-мен бірлесіп, жол бойына 21 патрульдік көлік пен ауыл шаруашылығы жануарларының макеттері орнатылды, – деп түйіндеді спикер.
Мемлекеттік органдар өкілдері ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне мал жаю ережелерін қатаң сақтауға, малды қадағалауға және уақытылы сырғалап, чиптеу қажеттігін еске салды.