
Германияның федералды статистика басқармасы елдің ішкі жалпы өнімі бірінші тоқсанда өткен тоқсанмен салыстырғанда 2,2% азайғанын растады. Мұндай жағдай 2008 жылғы қаржы дағдарысынан бері алғаш рет болып отыр. Бұл ең алдымен тұтынушы шығындарының - 3,2%, компаниялардың кәсіпорындар мен жабдықтарға салынған инвестициясының - 6,9%, экспорттың – 3,1%, импорттың – 1,6% дейін төмендеуіне байланысты болып отыр. Германия үкіметі Екінші дүниежүзі соғысынан бергі ең күрделі экономикалық құлдырауды күтіп отыр. Биыл ішкі жалпы өнім 6,3% дейін қысқарады деген болжам бар. Айта кетейік, Германия экономикасы бәрінен бұрын өнеркәсіп экспортына тәуелді. Бұл сала коронавирус пандемиясына дейін-ақ Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығуы мен АҚШ пен Қытай арасындағы сауда егесі тұсында тұрақсыздыққа ұшырап, біраз зардап шеккен. Өнеркәсіп тапсырыстары ақпан мен наурыз аралығында 9% дейін азайды. Бұл - 1991 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш.