USD514.65EUR544.6RUB5.17

Тағдырдың тосын толқыны

14 сәуір 2021, 11:52
Алып-ұшқан сезім жетегінде жүрген Аяжан әлгінде болған оқиғаға сенер емес. Бақыттан толып тұрған ішіндегі дүниесі жарылып кетердей. Соңғы уақытта Әділжанмен доспыз деп жүріп, бұл достықтың махаббат сезіміне қалай ұласып кеткенін білмей қалған-ды. Аяжан алғаш рет қалаға оқуға келген кезі. Базар маңындағы самса сынды пісірмелерді сататын кішкентай ғана дүңгіршектердің бірінен көзіне осы Әділжан түскен еді. Ол кезде қатты мән бермеген. Тек жігіттің жүзі жылы көрінді.

Бірінші курсты бітірген соң жазғы демалыста біраз қаражат жинамақ ниетте жұмыс қарастыра бастаған. Құрбысы Жұлдыз Аяжанды базар маңындағы асханалардың біріне даяшылыққа шақырды.  Тағдырдың айдауымен бе, кім білсін, бұл сол Әділжан жұмыс жасайтын орын болып шықты. 

Жұлдыз жақын құрбысы, әрі жарты ай бұрын осы жерге жұмысқа кіргендігі бар сондықтан жұмысшылар мен бастықтардың бәрін танып алған. Түскі ас уақыты болған кез. Жұлдыз Аяжанға қайдан барып тамақ алу керектігін айта отырып «Анда көзі бақырайған бір жігіт бар. Бала сияқты өзі. Аты Әділжан. Барып содан «маған тамақ салып беріңізші» деп бетіне қарап жымисаң ұялып қалады. Барып сөйтіп істеп көрші» - деп қызық көрмек ниетте бір шетте Аяжанды аңдып тұрған. Аяжан Әділжанның қайсысы екенін ұғар емес, бәрі өзбек жігіттері болғасын  көзі сығырайған ешкім жоқ. Артына бұрылып Жұлдыздан қайсысы дегендей ишарат білдірді. Жұлдыз басында кішкентай шошақ малақайы бар жігітті нұсқады.

«Кешіріңіз, маған түскі асымды салып бересіз бе?» - дегенге бәрі жалт бұрылды. Аяжан ұялтамын деп өзі ұялып қалды.  Әділжан өзі жасаған палауын және үстіне «бонус» ретінде мантысын қосып беріп, Аяжанға ұсынды. «Рахмет» деп жымиған Аяжаннан Жұлдыз айтқандай Әділжан екі беті қызарып, көзін төмен салып, ұялып қалғаны рас, рахметті қабылдағандай басын изеді. Барлық даяшылар бірге отырып түстенетіндіктен «мантысы» бар Аяжанға бәрі қызық қарады. Шыдамағандар «неге саған манты қосып салып берген, бізге жоқ» деп ауыздары бұртия кетті.  Сол күннен бастап Әділжанның Аяжанға көңілі басқаша болды, оны әр салған тамағына бонустар қосып беретінінен байқалды.  

Әділжан мен Аяжанның ортасында үлкен достық пайда болды. Қалжыңдары да көбейіп, таңертең келе салысымен бір-бірін іздейтінді шығарды. Екеуінде де бала көңіл болғандықтан ба бастықтардың көзі тая бере ойынға көшетін. Күннің аптап ыстығында бөтелкеге су толтырып алып  екеуі бастап су атысады, аяғында тіпті келген тамақтанушыларға дейін су шашысып ойнап кететін еді.

Сабақ басталар уақыт таяғасын жұмыстан шығатын күн де жақындаған. Аяжанның көңілі Әділжанды қимады. Бірақ, бір қалада болғасын бір-бірін жоғалтпастыққа, көрісіп, сөйлесіп тұруға уәде берісті.

Әділжан мен Аяжан күнде уәде етілгендей хабарласып тұрды. Кешкілік Аяжан сабақтан шыққасын Әділжанмен кездесетін. Достықтарына біршама уақыт болғасын Аяжан Әділжаннан «Осы сен ұнатқан қыз бар ма?» деп сұраған сұрағына: «Иа, бар» дегенге неге екені белгісіз Аяжанның көңілі түсіп кетті. Түсініксіз қызық күйді кешті. Ішкі дүниесі құлазып сала берді. «Ол кім?» Әділжан Аяжанның көзіне тіке қарап, жымиды да «Ол сен, бұзық қыз. Сен маған алғаш көрген кезден бастап ұнайтынсың. Мен сені, сенің барлық қылықтарыңа ғашықпын»  дегенді естіген Аяжанның жүрегі қатты дүрсілдей жөнелді. Әділжан көптен күтіп жүргендей Аяжанды қапсыра құшақтай алды.  

Осылайша сезім жетегімен аспанда қалыптап жүргендей күйді кешті. Алдағы ғұмырларын да бір-бірінсіз елестетпеді.  Болашақта үйленіп, қайда тұрып, қалай күн кешетініне дейін жоспарлап қойған.

Кешкілік серуеннің бірінде тосыннан қолына бір құшақ розасы бар Әділжан тізерлеп отырып, Аяжанға сақинасын ұсынып: «Менің жарым болуға, тек мендік болуға, қалған ғұмырыңды маған арнауға келісесеің бе?» - деді. Аяжанның қуаныштан ба кім білсін көзіне жас үйіріліп, еріні дірдектей «Иәәә, Иәәә» - деп бар дауысымен айқайлай жөнелді. Әділжан ұсынған сақинасын қолына кигізіп, Аяжанды қатты құшақтап, шыр көбелек айналдыра жөнелді.  

 Жақын арада Әділжан Аяжанды ата-анасымен таныстырмаққа бекінді. Ұлты қазақ болмаған соң әрине ата-анасы да жақын жерде тұрмайтындықтан, әрі Аяжанды ол жаққа ата-анасы бөтен біреумен қалай жіберіп қойсын. Әділжанмен ақылдаса келе Аяжан ата-анасымен сөйлесіп, тұрмысқа шығатынын айтып, ата-анасымен таныстырмаққа бекінді. Ауылға сол күні кешке билет алып кеткен-ді.

Әкесі қызының басқа ұлттың  жігітіне тұрмысқа шығуға ниетті екенін естігенде бірден бұл  қарым-қатынастарына қарсы шықты. «Саған, қазақтан жігіт құрып қалды ма? Жасың небәрі он сегізде. Ол жақтың қатал салтына шыдаймын деп тұрмысың. Көп сөзді қой. Мен бұған қарсымын» деп нақ жауабын берді.

-Бірақ, әке... біз осы Қазақстанда тұрамыз, оның Қазақстан азаматтығы бар. Ол туралы біз сөйлесіп қойғанбыз...дегеніне асқар тауы көнер емес.

-Мен қарсымын дедім бе қарсымын. Мен білемін оларды. Зар еңіреп өзің қаласың. Қателеспе. Оқуыңды оқы. Асықпа. Болды сөз осымен тәмам!,-деп шорт кесіп шығып кетті. 

  Бағанадан үндемей тұрған анасына сұраулы жүзбен қарады. «Әкең дұрыс айтады. Жассың ғой, қызым. Ғұмырың әлі алда. Өз өміріңді құртпа. Сенің болашағыңды ойлағасын айтып отырмыз. Сезімнің жетегінде кетіп ертең опық жеп қаласың ғой?!» деген анасына жалынышты үнмен:

 -Мама, мен оны сүйемін ғой. Қарсылық танытпаңыздаршы. Мен неге де болсын көнемін. Онсыз өмірімді де елестете алмаймын. Ол жақсы жігіт. Ренжітпейді мені. Әлі көресіздер» деп ботадай боздаған қызын құшақтап «Қайтейін құлыным, қайтейін...» деп қана анасы үнсіз сыбырлап, қалай жұбатарын білмеді.

Ата-анасының разылық жауабын естімегендіктен жүзі салыңқы, көңілкі жабырқау қалаға қайтты. Тек мұны Әділжанға қалай жеткізбек?

Әділжанмен айтылған орынға кездесуге келді. Бірақ оның қарасы көрінбеді.  Телефоны сөндірулі. Біраз күтіп, келер болмаған соң, көңіл-күйі түсіп қайтты. Түні бойы хабарласты, телефоны сөндірулі. Уайымнан таңға дейін көз іле алмаған Аяжан Әділжанның жақын досына хабарласты. Оның анасы аяқасты ауырып, ауруханаға жатып қалғанын естіп кеше Отанына ұшақпен ұшып кеткенін естіді. Жүрегі бір жамандықты сезгендей жаман күйді кешті. Әділжанның бұл кетуі екеуінің тағдырларын күрт өзгертерін кім білсін?..

Кешкілік жергілікті емес нөмірден қоңырау түсті. Бірден Әділжан екенін ұқты. Телефонды қуанышпен көтерді. «Жаным, қалың қалай? Ренжіме айта алмай кеттім. Аяқастынан кеттім» деген Әділжанның ақталуына «Жақсымын, анаң сауығып кетсін, жоға ренжімемеймін. Анаң қалай?»

«Қазір тәуір. Тек, мен біраз уақыттан кейін қайтамын. Жағдай солай болып тұр. Сүйемін. Өзіңді күт. Кейінірек хабарласамын» деп асығыс телефонды тастай салды. Түкке түсінбеген Аяжан қайта қоңырау соқпақ болды да, ішінен «ертең хабарласамын сөйлесе алмаймын деді ғой» деп өзін тоқтатты.

 Бірақ, ертең де, басқа күндері де қоңырау соғылмады. Аяжанның шалған қоңырауы бармады. Әділжаннан түк хабар жоқ. Аяжанның көңілі де, зауқы да ештеңеге соқпай, бар ойы тек Әділжан болды. Арада үш ай өткесін Аяжанның телефонына Әділжаннан қоңырау келді. Әділжан Аяжанмен кездесу керектігін түсіндіріп өтті.

Кездесу орнына Аяжан асыға жетті. Әділжанның әрі қарап тұрған сұлбасын көріп, жүгіріп барып құшақтай алды.  Бірақ бұл құшақ Әділжанның суық жүзінен үзілді. «Аяжан тыңдашы. Тек мұқият тыңда. Мен сені сүйемін. Бірақ, менің ата-анам басқа бір қызбен атастырып қойды. Мен қарсы шыға алмадым. Анам мұны көтере алмас еді» деген сөзін түкке түсінбеген Аяжанның жүзінен бағанағы қуаныштың табы да қалмады.

-Не деп тұрсың? Қалай? Атастырылдым дейсің бе? Бұл не сандырақ? Ал, біз ше? Сен сонда біздің махаббатымыз үшін күресе алмағаның ба? Онда сүймегенің ғой? Бәрінің өтірік болғаны ғой?,- деп тоқтамай көзінен аққан жасты екі жеңімен кезектесе сүртіп, кері бұрылып жүгіре жөнелді. Көзінің жасы да, өзі де тоқтай алар емес.  Тек Әділжанның «Аяжан. Аяжан...» деген дауысы алыстап кетіп бара жатты...

Арада бес жыл уақыт өткен. Аяжан оқуын бітіріп, тұрмысқа шығып кетсе де жүрегіндегі Әділжанды ешқашан да өшіре алмады. Тек өзінің тағдырына жазылған азаматын сыйлағандықтан, сүйетіндей кейіп танытады, бірақ жүрегі басқа деп соғады. Кейде сол жолдасына сондай әділетсіз сияқты көрінетін. Сүймейді, бірақ алдап өмір сүріп жатқандай. Бастапқыда Аяжан сүйіп кетемін деп тұрмысқа шыққан-ды. Бірақ, өзін алдаған екен. Араларында бала болса да бұл жүрек құрғыры Әділжан деп соғуда. Сол үшін Аяжан кейде өзін жеккөретін.

Өмір деген қызық қой, шіркін. Көптен күткен құрбыларымен кездесуге барған Аяжан кафенің есігін аша бере Әділжанмен соқтығысып қалды. Үнсіз тұрып қалды. Көздерінен олардың бір-біріне деген махаббаттары өшпегендігі көрініп тұр. Аяжанның жүрегінің дүрсілі тіпті өзінің құлағына дейін жетіп тұрды. Бірақ, бұл тағдыр екеуінің жолын екіге бөліп берді. Тек жүректері бір болуды ғана қалаған екі жан ұзақ тұрыстан кейін үндеместен көздерін төмен салып, бір-бірінің жанынан өте шықты.  

Айжан ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar