USD426.32EUR496.24RUB6.04

Жатақханадағы қызық ғұмыр

27 қаңтар 2021, 12:40
«Қауашағын жаңа жарған балапандай» болып келген жатақханамның қасынан өтіп бара жатып, артыма ұзақ бұрылып қарадым. Бақандай жеті жыл өте шығыпты. Қызығы мен шыжығы көп ол да бір өмір ғой, шіркін! Кеше ғана болғандай көз алдымнан елестеп өтті...
Жатақханадағы қызық ғұмыр

Таңнан күзеткен жатақхана есігінің «обед» деп жабылғалы бір сағат уақыт өтті.  Түс уақыты ауып барады. Даладағы қалың көпшілікпен бірге күнге қақталып тұрсақ та әркім өзінің кезегін жібергісі келмей, темір есіктің ашылуын аңдып отыр. Ішкі жақтан тықырлаған дыбыс естілгенде барлығымыз өре түре келдік.  Жанталас басталды... Кеш батып келеді. Әбден күдерім үзілген мен әрең дегенде темір есіктің табалдырығын аттадым-ау.

Комендант апайдың кабинетіне кіріп, құжаттарымды рәсімдеп, вахтадан кілтімді алғанда құдды бір үй алғандай болып,  мәзбін. Ұшуға қанат біткендей болып әп-сәтте үшінші қабатқа баспалдақтарды екі аттап жетіп қалғанымды байқамай да қалдым. Ұзын дәліз бойымен орналасқан ағаш есіктер. Маған тура ортаңғы  бөлме бұйырыпты. Ішкі көрінісін көрмек оймен кілтті екі бұрап аштым. Көзіме бірінші түскені үлкен терезе. Әрі қарай  темір бес  төсек пен ескі екі үлкен шкаф және үстел-орындықтарымен.  Өзіммен ала келген жүктерімнің ішінен жұмсақ бірдеңелерімді алып, төсекке жайдым. Манадан шаршағанымды енді сездім. Уһ деп екі қолымды кере ашып, жата қалдым. Ұйықтап кетіппін.

Есік сықырлап ашылғанда ояндым. Өзім сияқты төрт  қыз келіпті. Сәлемдесіп, Айжан деп қолымды ұсындым, Арай, Самал, Меруерт, Маржан  деп танысып кеттік.  Бір Шығыстың әр жерінен келген екенбіз.  Бір уақытта  «қыздаааар, көрпе-жастықтарыңды алыңдар» деген дауысын естіп дәлізге шықтық. Әр бөлмеден біз сияқты шыққан бірнеше топ қыздар шақырып жатқан апайдың артынан еріп кеттік. Кезекке тұрып, өзімізге бұйырған көрпе-жастықтарымызды көтеріп, бөлмемізге келдік. Төсектің жыры біткесін «Кемедегінің жаны бір» дегендей қыздармен  бірге дүкенге барып, асқазанымызға талғажау етерлік бірдеңелерді сатып алдық. Бір-бірімізді қызық көріп әңгіменің  түбін түсіріп отырғанда мұрынында меңі бар, көзі бақырайған, орта бойлы, толықша келген, жасы отыз шамалас әйел адаммен бірге бағанағы таңнан есікте қарауылдап тұрған үш қыз кіріп келді.

-Сәлеметсіңдер ме, қыздар?! Мен тәрбиешілерің боламын деді. Ал мына қыздар менің көмекшілерім. Мұнда үлкен тәртіп. Таңертең уақытымен тұрасыңдар, кешкісін уақытымен жатасыңдар. Сабақтарыңды оқуға да арнайы уақыт бөлінеді, ешқайда шықпай сол айтылған уақытта жатақхананың ішінде сабақ оқисыңдар! Бөлмелерің әрдайым таза, жинақы тұру керек. Тамақ жасау үшін асханадағы плитадан орына аласыңдар, шаугімдеріңді сонда қайнатасыңдар. Ал ұялы телефондарыңды қуаттауға  және киімдеріңді үтіктеуге , жууға арнайы бөмелерге барасыңдар. Кезекшілік деген болады, оны мына қыздар түсіндіреді, осы қыздарға бағынасыңдар  –дегенде, қамаққа алынғандай сезініп қалдық. Сөйтіп, тәрбиешіміздің сөзі тәмам болып, шығып кетті. Артынан қалған үшеуі баскесердей ажырая қарап:

-Қыздар, мен осы этаждың старостасымын, ал мынау тазалық секторы, ал анау тәртіп секторы- деді қасындағы екеуді нұсқап. Кезекшілікті  бөлме болып атқарасыңдар! Арнайы бөлмелерді , яғни ас үйдегі плитка, үстел, раковина  және киім үтіктейтін бөлменің де барлық заттарын, едендерін  жуып- тазалайсыңдар! Сонымен қоса дәліздің едені мен қабырғаларын және баспалдақтарды жуып-тазалап бізге айтасыңдар! Тексереміз, дұрыс болмаса қайта жуасыңдар- деді қатқыл үнімен.

Бәріміз «жетім қозыдай»  көзіміз мөлейіп, манадағы сөздерінен кейін шошыңқырап қалғанымыз, рас. « Ж-ж-жарайд» деп басымызды изей беріппіз. Әйтеуір қойшы «староста-секторларымыз» кетіп ауамыз кеңейді. 

 Жатақханамыз базардың маңайында орналасқан, ортасын теміржол бөліп тұрады.  Кейде басы мен аяғы көрінбейтін поезд өтіп, кейде тұрып қалып жатады. Сондай уақытта, жастықтың буы-ау шамасы жүріп кетеді-ау деген ой жоқ, жүк пойызының вагондары жалғанған ортадан тәуекел деп астынан еңкейіп өте шығатынбыз.

Ертеңінде ақша жинап қосылып, екі қыз тамақ алуға кеттік. Теледидардан көріп-естіп жүретін Зайытовтың студенттің өмірі жайлы айтылатын әнінің «Тойып алып ұйықтайсың китайский лапшаға» деген жолдары есіме сақталып қалған.

 Содан студенттің нағыз тамағы  сол лапшаны толтырып алғанбыз. Әй , қызық-ай, десеңізші. Ондай лапшаны жемейтін студенттер де бар екен бөлмемізде. Алып қойғасын «жейтін студенттер» болып бітірдік. Бастапқы кез болғансын ауылдағы ата-анамыздың береген қаражаты бар, аш қалмадық.

Біраз уақыт өткесін нағыз студенттік өмірді сезіне бастадық. Қалтада ақша жоқ, тамақ жасайық десек рожки бар болса май жоқ, май болса рожки жоқ. Әркімнің бөлмесіне кіріп «Кішкене бере тұршы» деп шәкіртақыға дейін күнелтетінбіз. Степендиямыз түскенде «Студенттің бір байығаны, шала тойғаны» деп  асханаға барып бір тоятынбыз.  Сөйтіп «кішкене бере тұршыларымызбен» жиналған қарызымызды беріп, шәкіртақымыздың түбі көрінетін. Тағы бір ай өлместің күнін кешеміз.

Ол ол ма, қызықтың көкесі қабатымызда жиырма бөлме, плитка біреу-ақ. Оның да қосылып, өшетін арнайы уақыты бар. Қосылғанда таба, кәстрөлімізді ұстап ұшамыз. Орын алып үлгерсең үлгердің, үлгермесең кезек күтесің. Алдыңдағы қыздың тамағының дайын болғанын күтетінің тағы бар. Ол кейде ұзағынан жүріп, плиткамыздың өшетін уақыты жетіп, тамақсыз, құр қара шайды талғау етеміз. Сол тамақты жасау үшін де бөлмемізге кезекшілік қоямыз. «Тәртіпке бағынған құл болмайды»  деп өзіміз де біраз күннің  ішінде ішкі тәртіпке икемделіп алдық.

Жаңағы староста мен көмекшілері айтылған тәртіп бұзылса «наказания» беретіні бар. Тереземізді ашамыз деп солардың қаһарына қалып қойғанымыз бар. Барлығымызға еден жудыртып жазамызды берді.  Шырт ұйқыда жатқан уақытта, есік қаққаннан оянып кеттік. Жаңағы «наказания» бергішіміз тағы келіп, жазамыздың бітпегендігін, тұрып баспалдақты жуу керектігін ескертіп, ұйқылы-ояу жатқан бізді алдына салып алып кетті. Ертесінде арамзыдағы ерке қыздардың бірі жылап, үй-ішіне болған жайды айтып әкесі бір демде жетіп келіп, ұрыс шығарғаны бар.

 Талай қызықтар болды ғой шіркін! Жеңгеме барған сайын айтушы еді «сендердің нағыз қызықты уақыттарың ғой. Мен сағынамын студенттік шағымды деп». Ал енді қазір өзім біраз  студенттің жеңгесі болып отырмын.

Айжан ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

14 сәуір 2021, 11:43
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2021
Әрленім және құрастыру
SemStar