Қазақстан әлем бойынша өнертапқыш елдердің қатарына енгені де көңіл қуантады. Дәлел ретінде елімізде соңғы 20 жыл ішінде 30 мыңға жуық ғылыми жетістіктің патенттелгенін айта кету керек. Қазіргі таңда көптеген өнертапқыштарға арналған турнирлер өткізіліп тұрғаны дарынды жастарды анықтауда мүмкіндік зор. Сондай-ақ, олардың шығармашылықтарын шыңдауға және мектеп қабырғасынан бастап ойлау қабілеттерін дамытуға септігін тигізеді.
Бүгінгі жастардың кейбірі әуе техникасының кішкентай үлгісін жасамақ түгіл, оның қандай болатынынан да хабарсыз. Әсіресе, ауылдық жерлерде техникалық саланы игеріп, қолдан түрлі ойыншық техникаларын жасауға, соған бейімі мен икемі бар балалар бар болғанымен, олардың осы саладағы білімдерін жетілдіретін арнайы үйірмелер жоқтың қасы.
Кезінде тұтас КСРО-да техника саласында өнертапқыш атанған жастардың елдің игілігіне үлес қосып, сөйтіп, болашақ ғалымдар мен он саусағынан өнер тамған майталман мамандар нақ осы жас техниктер стансысынан шыққаны тайға таңба басқандай анық.
Солардың бірі семейлік өнертапқыш баланы айта кеткеніміз жөн болар. Жетінші сынып оқушысы Виктор Хегай зағип адамдардың қозғалуына көмектесетін робот ойлап тапты. Роботтағы сенсор алдынан кедергі кездескенде иесіне белгілі бір дыбыс береді. Салмағы 200 граммдық бұл құрылғы киімге немесе бас киімнің алдына тағылады.
Балалар өнертабысы өте көп: саусағы жоқ қолғап, түбі төртбұрышты қағаз пакет, калькулятор, таяқшасы бар балмұздақ және тағы басқа. Осының арқасында біздің өмірімізге жас өнертапқыштар әкелді. Өнертапқыш балалар күнінде әлем бойынша түрлі сайыстар, жаңа өнертабыстарын көрсететін конкурстар өткізіледі. Ойлап табу – балаларға тән табиғи құбылыс.
Бүгінгідей ғылым дамып, өркениет өрлеп тұрған дәуірде білімді ұрпақтың қалыптасатыны да заңдылық. Егемен еліміздің ертеңі саналатын жастардың дені жаңалыққа құштар, ғылымға әуес. Бұл орайда еліміздің әр қиырында талантымен талайды тамсандырып жүрген білімді жастар жетерлік.