USD447.4EUR477.55RUB4.76

“Өнерпаз болсаң арқалан”

31 қаңтар 2020, 14:55
Данышпан Абай атамыз «Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де - бір кірпіш, дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан!» деп айтқандай, өнердің тұнығынан сусындап, атадан келе жатқан қадірлі өнерді халыққа паш етіп жүрген жас дүлдүлдеріміз көп. Олардың өнеріне баға берер көрермен, тыңдаушы халықтың да талғамы биік, таңдауы дұрыс. Себебі, ұлттық аспабымыз домбырамен бірге ән күйлеріміз ұлтымыздың санасына сіңіп, рухын тербетіп келеді.
“Өнерпаз болсаң арқалан”

Бүгінде күйшілік дәстүрді жалғастырып, ұлттық мұраны дәріптеп жүрген, жерлесіміз Дарын Берікұлы Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінің домбыра факультетінің 4-курс студенті. 2009 жылдан бері үлкен сахналарда өнер көрсетіп, олжалы болып жүр. Республикалық Махамбет  оқуларының жеңімпазы. Республикалық «Жас музыкант» байқауының жеңімпазы. Халықаралық «Жас өнерпаз» байқауының, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің, республикалық «Қос ішек», республикалық Кетбұға би атындағы байқаулардың бас жүлдегері. Он саусағынан өнер тамған жас өнерпаз, домбыраның қыр-сырын жақсы меңгерген.

Ананың сүтімен, әкенің қанымен келген өнерді аялап, халықтың асыл мұрасын ардақтаған жасөнерпаздың алар асуы әлі алда.

 «Ата-анамда өнер адамдары. Әкем Берік Омаров Семей қаласындағы Ә.Қашаубаев атындағы филармонияның әншісі. Анамда дәстүрлі әнші. Негізі осы өнер жолына алып келген анам. Ал, домбыраны алты жасымнан қолыма алып, үйрене бастағаным есімде. Әкем атақты әнші Бекболат Тілеухановтың шәкірті. Анам Рамазан Стамғазиевтан оқыған. Осындай өнерлі отбасында дүниеге келген соң, өнерден алыс кету, басқа саланың тізгінін ұстау әсте ойыма келмеген.

 «Өнер киелі. Өнер екінің біріне қона салмайды» деп әкем үнемі айтып отырады. Сондықтан қасиетті сахнаға шыққанда барынша өнерімді халыққа таза, тұнық қалпында жеткізгім келеді. Бүгінде осы қазақтың ұлттық өнерін, әнін, дәріптеп жүрген біраз адамдар болса, соның бірі әкем деп айтар едім. Семей қаласында өнерге тәрбиелеп жүрген шәкірттері бар. Мен күйшілік өнердегі 7 мектептің барлығын күйім келгенше орындап жүрмін. Қазақтың өнері, мұрасы өте бай. Біз соның бір парасын ғана біліп, оқып жүрміз. Арманым, ғасырдан-ғасырға жетіп келе жатқан қазақтың күйшілік өнерін бізден кейінгі ұрпаққа осы таза күйінде бұзбай  жеткізу. Өзімнен кейінгі қарындастарымда өнерден құр алақан емес. Түрлі конкурстардың бас жүлдесін иемденіп жүр».

«Өмірге де, өнерге де әкелген анам» деп сөзін тарқатқан жас өнерпаздың баба мұрасына, дала дәстүріне деген адалдығы сезіліп тұр.

 Елбасымыз «Рухани жаңғыру мақаласында: Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды»- деп айтқандай, ұлттық қанымызға сіңген, дәстүріміз бен ұрпақтан-ұрпаққа мұра боп келе жатқан құнды мәдениетіміздің мәйегін қанына сіңіріп, ұлттық рухтың уызына қанып өскен осындай ұрпақтарымыз барда, рухани жаңғыру жолынан еш адаспайтынымыз анық.

Жалпы, қазақтың ұлттық болмысы, боздалада боздап өткен талай көштің тағдыры, табиғаттың тілі барлығы осы күй арқылы жеткен. Қазақ пен домбыра, домбырамен күмбірлеген күй, күймен бірге ұлы даламыз, ұлы даламыз бен ұрпақтар сабақтастығы егіз ұғым екені анық!

Мақпал МАРАТҚЫЗЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

09 қаңтар 2024, 15:47
08 қаңтар 2024, 12:20
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar