USD514.65EUR544.6RUB5.17

Жалынды жастардың жағымды істері

31 қаңтар 2020, 14:43
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай, еліміздің барлық облыс, қала, аудандарында еріктілер қызу жұмыс бастап кетті. Біздің Семей қаласында да жыл басталғаннан бері, еріктілердің көмегімен көптеген игі істер жүзеге асты. Солардың біразын назарларыңызға беріп отырмыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, жастардың бірігіп, алмайтын қамалы жоқ. Жақсылық жасасаң, көбейеді. Бұл бастама, қаланың әрбір тұрғынына үлгі болады деп ойлаймыз.
Жалынды жастардың жағымды істері

                               ЕРІКТІЛЕР ЕРЕКШЕ ЕҢБЕКТЕНУДЕ

Семей қаласының колледждері мен жоғары оқу орындарының студенттері қолдарына күрек алып, қаланың мәдени нысандарының маңдарын қардан тазартты. Абай ескерткішіне іргелес аумақты қардан тазарту үшін 30-ға жуық ерікті шықты.

       Айта кетсек, облыс басшысы Даниал Ахметовтың айтуымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында жалпы бес жүз алпыс іс-шара өткізу көзделген. Оның жиырма төрті халықаралық, жиырма бірі республикалық, бес жүз он бесі облыстық деңгейде өткізіледі.

           - Жазушының 175 жылдығына орай, Абай ескерткішіне іргелес аумақты қардан тазартуға шықтық. Өзім аталған шараларға жиі қатысып тұрамын, - дейді Радиотехника және байланыс колледжінің бірінші курс студенті Никита Гутов.

          Акция аясында еріктілер ескерткіш жанындағы қарды тазалап қана қоймай, Восточный кентінде тұратын жалғыз басты зейнеткерлерге аулаларды тазартуға көмектесті. Семейдегі акцияның бастамашылары Жастар ресурстық орталығының өкілдері.   Еріктілер атап өткендей, бұл акция өз жалғасын табады. Келесі жолы еріктілердің күшімен басқа да мәдени орындардың аумағын қардан тазартылатын болады. 

                                     БІЗ БІРГЕМІЗ

«Еріктілер жылы» аясында өткізіліп жатқан қар тазалау акциясын қаламыздың еріктілерінен қабыл алған жайдарманшы жастар Шығыс кентіндегі жалғыз басты қарт анамыздың ауласын қардан тазалап, отынын жарып көмек көрсетті.

Олимпискии 68 көшесінде тұратын 86 жастағы Қадиша апамыз өмірдің қиындығына ұшырап жер үйде жалғыз тұрады. Қарт анамыздың ауласын қар басып, отын жару қиындығы бар екенін де атап өтуге болады. Осы жағдайды естіген қаламыздың жайдарманшы қауымы, көрерменге көтеріңкі көңіл сыйлаумен ғана емес көмек қолдарын барлық жағдайда соза алатынын тағы бір дәлелдеп өтті. Алдағы уақыттада Қадиша апамен байланыста болып, әрдайым көмектесіп отыруға дайын екенінде білдірді. Акция аясында эстафетаны жайдарманшылар қаламыздың мәдениет саласында жүрген өнерлі жастарына, асабаларға жолдады. Игі бастама өз жалғасын табады деп сенеміз.

 

                                     ӨЗГЕГЕ ӨМІР СЫЙЛА

Семей қаласының қан орталығында «Қан тапсырда-өмір сыйла!» атты донорлық акциясы бастау алды. Бұл игі бастаманы қан орталығының мамандары мен жергілікті жастар ресурстық орталығы бірлесе қолға алды.

Сауабы мол, пайдасы зор шараның мақсаты - әртүрлі ауыр жағдайдағы қанға мұқтаж науқастарға қол ұшын созып, жәрдемдесу.   

 Мұндағы басты талап қан тапсыруға келген азаматтың ең алдымен қаны қай топқа жататыны, және жарамдылығы анықталады, сондай-ақ арнайы парақша толтырылып, орталық жүйеге донор туралы ақпарат еңгізіледі. Содан кейін ғана рұқсат беріледі. Таңертең сағат 08:00-ден бастап түскі 12:00-ге дейін жалғасқан шараға 30-ға жуық ерікті жастар қатысты. Олардың әрқайсысы 450 мл қан берді. Мамандардың айтуынша өз қанын өзгеге бөліп беріп, шынайы жанашырлық пен бауырмалдық танытқан жандар жыл сайын өз еріктерімен қан тапсыруды дәстүрге айналдырып келеді.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar