USD449.3EUR489.69RUB4.89

АҚТАЛМАҒАН ҮМІТ (новелла)

07 сәуір 2021, 14:24
Таңға дейін жылаған Маралдың көзі әбден ісіп, ішкі жан-дүниесі алай-дүлей болып жатыр. Тек әлсін-әлсін «менің құр кеудем ғана қалды...құр кеуде» деп күбірлеп жатыр. Кешегі отбасынан аманат қылып алған жарының жасағаны жанына батып кетті. Онсыз да талай жерге қарыз болып, несиеге малшынып отырса да сенгені жарының қолдауы болатын. Күнделікті ұялы телефонына дамылсыз қоңырау соғып, қарызын сұраушыларға басқасынан жалынып, қарыз алып, бірінікін өтеп біріне қарыз болып отырса да сынбады.

Біраз жатқан Марал ойға шомып кетті... Көз алдына балалық шағы, осы уақытқа дейін өткен ғұмыры елестеп жатыр.«Әке, сенің әйелің маған ұрыспасыншы!» деп анасына шағымданып, әкесінің домаланған қарынын сипалап, бар дүниені ұмытып, тыныштық табатын кішкентай қара қыз қашан бойжетіп, ана болып үлгерген. Қиындықтарға жиі тап болып жүрген соңғы уақытта әкесінің жанына қашып кетіп, бәз баяғыдай болғысы келеді-ақ.

Алдағы екі баладан кейін анасы ұзақ жыл құрсақ көтере алмағандықтан әулие-әмбиелердің басына қонып, 11 жыл дегенде  Марал дүниеге келген. Сондықтан да ата-анасы оны «құдайдан сұрап алған перзентімізсің» деп ерекше жақсы көретін. 

Мектеп қабырғасында өте белсенді болды. Кітап десе жанын беріп, дымын қалдырмай сүйіп оқитын. Бойжете келе барлығы сүйсіне қарайтындай талдырмаш мүсін, қараторының әдемісі болды.

Мектепті аяқтап, мұғалімдік оқуға түсті. Оқу орнының алғашқы күнінде-ақ өзінің білімділігімен, сұлулығымен көзге түсті. Марал еш адамды жатырқамай барлығымен оңай тіл табысып кететін. Оқу орнында өте белсенді, жарқырап жүретін. Оған ұқсағысы келетін қыздар қауымы да көп болды. Бір басына осыншалық дарын мен сұлулықты бергесін, әрине Маралды көргенде жігіттердің де жүректері дүрсілдеп қоя беретін. Біреуі ән арнап, біреуі өлең жазып, қыр соңынан қалмай жүргендер де, іштей тынып сүйгендер де көп болды. Бірақ, Маралдың жүрегі ешқайсысына да селк етпеді. Тілегін білдірген әрбір ер азаматтарға әдемі жауабымен бетін қайтаратын.

Талайдың арманы болған бойжеткен оқудың соңғы курсында өзінің жүрек қалауы Есенін тапты. Марал жігіттің бойынан елгезектігі мен өзі сияқты кіммен болсын тез тіл табысқыштық қасиеттерін ұнатты. Қыздың махаббаттан басы айналып, қалықтап әуеде жүргендей күй кешті. «Ғашықтың көзі көрсоқыр» дегендей жігітінің бойындағы басқа қасиеттерін байқамады.

Біраз қыз бен жігіт болып жүрген соң тұрмысқа шығуға ұсыныс та түсті. Осы сәтте ойланып қалған. Себебі, Алматыда ағасы «жақсы бір жерге жұмысқа орналастырып, ары қарай шыңдаласың, қасымда боласың» деп сеніп отырғаны да әлі күнге дейін ойында.  Сүйгенінің қолын ұстап, отбасылық өмірге қадам басса болашағынан үміт күткен ағасы ренжиді, ал мансап жолын таңдаса сүйгенінің жүрегін жаралайды. Біраз күн ойлануға мұрсат сұрағасын ойы сан-саққа кетіп, ақырғы жауабы отбасылық өмірге деген қадамды таңдады. Бірақ, сол уақытта өмірінің 180 градусқа өзгеретінін бағамдасашы.

Қарындасының таңдауына ренжіген аға тіпті тойына да келмеді. Бұл, Маралға ауыр соқты. «Ағамның сөйлеспек түгіл көргісі де келмегені ме?! Неге сонша ренжіді?  Менің қуанышты сәтімде жалғыз ағатайым неге қасымда болып, қарындасым деп елжіретпеді?! Неге мені үлкен өмірге өз қолымен шығарып салмады?!»  деп оған қатты ренжіген еді сол уақытта. Ұзатылуға шақ отырған Маралдың көңілі қатты босады, көзінен ата-анасын, апайы мен  бауырын көрген сайын жас іркіліп, қимастық сезіммен отырды. Сөз беріліп ең соңында бауырының жездесіне қарап: «Маралымды, жан апайымды ренжітпеші, жылатпашы, жезде, саған үлкен аманат» дегенді әрең отырған Марал көз жасын тоқтата алмай қалды.

Ұзатылып, екі күннен кейін ақ көйлегін киіп, бір қарашаңырақтың келіні болып шыға келді. Жолдасы бір үйдің жалғыз ұлы, екі жақтың тұңғыш немересі болғандықтан тым ерке өскен. Жақсы жерде жұмыс істеп, қызмет қылып жүрген-ді. Бірақ, онысы Маралдың біріншісіне аяғы ауыр кезінде тым есерсоқ мінезінің арқасында жұмыстан шығып қалып, екі жыл қозғалыссыз үйде жатып алғандығы бар.

Әйел адамның барлығы шыдай бермейтін бұндай сынға Марал отбасым үшін деп, алты айлық баласын ата-енесіне табыстап, нар тәуекел деп жолын білмейтін, бірақ өзі қызыққан бір шағын бизнес түрін ашып алды. Бір жыл уақыт өтті дегенде ағасының көңілі жібіп, осы бизнесін бастауына біраз қаражат беріп, демеу болған. Сол ағасы мен өзінің күш-жігерінің арқасында бұл кәсібін дөңгелетіп алып кетті. Бірақ, үйде күні бойы бос жатқанның кеселінен бе, күйеуінің Маралға деген қызғанышы ояна бастады. Келе сала қолындағы телефонын жұлып алып тексереді келіп. Әкеп тастаған таксистерінің өзінен қызғанып, талай рет ұрыс шығарды. Ақыры болмаған соң бұлай жатып, жөнсіз қызғануын тоқтату мақсатында басқа жұмыс істемесі белгілі, бұрынғы жұмысына кіргізу үшін қыруар қаржы алып, жан-жаққа қарыз болып қалды. Онысы ә дегенде сәтсіз болып,  қаншама қаражаты желге ұшты.  Оған мойымай тағы да қарызданып жүріп жылдан астам уақыт өткенде дегеніне жетіп, ақыры бұрынғы шенді жұмысына тұрған-ды.  Солай, Маралды иығынан бір ауыр жүк түскендей-ақ болды. Бірақ, талай жерге малшынып, қарызданып кеткенін әу баста өзі де ұқпай қалды.

Қарыз басып тұрса да жарының жұмысқа  кіргеніне мәз. Тек қу жаным аман болса, тірекшім бір жағынан шығар деп қана өзін жұбатты. Бірақ, бұл қуаныш ұзаққа созылмады...  Бір жылға жетпей жолдасы жұмыстан шығып қалды, тағы да сол даңғаза мінезінен. Мұндай жаңалықты естігенде есінен танып қалды.

Көзін ашса ағараңдаған адам бейнесі.

- Мен қайдамын? – деді.

-Алаңдамаңыз сіз ауруханадасыз. Жатыңыз, сізге тұруға болмайды! – деді жаңағы ағараңдаған адамы.

-Неге?

-Сіздің аяғыңыз ауыр, 11-12 апталық. Біраз тынығып алыңыз – дегенде есін жинағандай болды. Ойы сан-саққа кетті. Бірінші ойлағаны «қалай асыраймыз?».

Бір аптадай уақыт өткесін ауруханадан шығып, үйге оралды. Алдынан елпектей шыққан күйеуіне ашуы келді, көргісі келмеді. Тек ата-ене мен екі жастан енді асқан балапаны тұрған соң ештеңе дей алмады.

Ата-енесі баланы алып, сыртқа шығып кеткен-ді. Бағанадан Маралдың қырын қарап жүргенін сезіп жүрген Есен ашулы келіп: «Не қыл дейсің сен? Өлейін бе? Көрсетіп жіберді мені?» - деп өзін ақтағандай кейіп танытты.  «Онда бар да екі қолға бір күрек тап. Тағы солай жатып алмақсың ба? Менің аяғым ауыр, сенің кеудеңнің не керегі бар? Таксист болсаң да, күзетші болсаң да тағыңнан түсіп қалмайсың» дегенде: «Өзіңе күзетші немесе таксист күйеу тауып ал. Мен ондай жұмыс істемеймін» деп салды.

«Онда мен кетемін!»- дегенде көзіне жын көрінгендей  күйеуі Маралды шаштан сүйрей жөнелді, апарып өзінің бөлмесіндегі төсекке лақтырып жіберді де Маралды қылқындыра бастады. Марал да берілмек емес, қу жаны үшін екі қолымен итермелеп, ұрып жатыр.  Кенеттен келген енесі болмаса қайтер еді. Енесі шошығаннан ба, әлде, Маралды аяғаннан ба, не ұлының мұндай хайуандығына жаны ауырғаннан ба өксіп-өксіп жылап отыр. Күйеуі  сыртқа қашып кеткен-ді. Тек үйде жаны ауырған екі ана. Енесі бағанадан екі бүктетіліп жатқан  Маралға келіп: «Кешірші құлыным, кешірші ақымақ ұлымды. Садағаң кетейін. Сен кетсең мен өлемін. Шыдай алмай құсадан өлемін. Алтыным, мен онымен өзім сөйлесемін» деп Маралды құшақтап сүйді де, сыртқа кетті.

Осы мезетті күткендей Марал асыға тұрып, жуынатын бөлмеге аттанды. Телефонын алып өзінің сырын бөлісетін, сіңілісіндей көретін жан құрбысына және Алматыдағы анасына ватсап арқылы қоштасу хатын жазды. Орындық қойды да, терезеге шықты. Біраз тұрды. Көз алдынан бар өмірі бір сәттегідей елестеп өтті. Терезені ашқаны сол, самал леп бетін өпті, екі қолын айқара ашып, құсқа ұқсап ұшып кеткісі келді.  Кенет құрсағындағы сәбиі ышқырана қозғалғандай болды. Кілт тоқтады. «Мен не істемекпін...  Менің ішімде періште бар ғой... мен өзімді қисам да, бұл періштені қалай қиямын?»... деп терезені қолы дірілдей жапты, орындықтан түсіп, өз-өзінен шошыды. Бағанағы жіберген хаттарын абырой болғанда екуі де оқымапты.

Өшіріп тастады да, бөлмесіне барып сұлық түсіп, ойға шомып кетті...

Бағанағы «кетем» дегені ашумен айтылған-ды. Кетпес еді. Сыртта бір баламен, іште бір баламен және мойнындағы «жуан қарызбен» қалай ата-анасының үйін жағаламақ. Тәрбиесі де, намысы да жібермесі белгілі. «Өлсем осында өлемін. Бұл өмірді ешкім маған таңдап берген жоқ, бұл менің таңдауым» - деген ойлармен өзін-өзі жеңіп жатты. Тек енді Есенді қалай кешірерін білмеген-ді.

Айжан ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar