USD515.25EUR535.91RUB5.18

Қалжа туралы не білеміз?

17 ақпан 2021, 13:38
Қалжа – жас босанған анаға арналып сойылған төлдің етін асып, сорпалау ғұрпы. Шілде тері шыққанша жас ананы барынша күткен. Қалжаланған келіншектің омырауындағы сүт те құнарлы болып, бала денсаулығы мықты болып өскен.
Қалжа туралы не білеміз?

Қалжа сонау пайғамбарлар дәуірінен бастау алған  үлкен мән-мағыналы салт-дәстүр болып осы уақытқа дейін қалыптасқаны да бір қызық. Оған дәлел мынандай әңгіме бар:

Бірде Адам ата мен Хауа ана үлкен бақытқа кенеледі. Дүниеге ұлдары Шиш пайғамбар келеді. Көктегі періштелер шаттанып, Адам атаға құтты болсын айтады. Жер мен көк, он сегіз мың ғалам қуанып, Аллаға мақтау айтыпты. Жебірейіл періште Адамға келіп: – Уа, Адам, саған Ұлық Алладан уахи ала келдім. Қазір жұбайың әлсіз. Оған күш-қуат керек. Отардың ішіндегі семіз ұрғашы қойды сойып, жұбайыңа ас әзірле. Сорпасын ішіп, терлесін. Қойдың қуаты келіншегіңнің күшін қалпына келтіреді. Бойындағы жел-құзы шығады әрі сәбиіңе құнарлы ас болады, – дейді. Адам ата Жебірейілдің айтқанын бұлжытпай орындайды. Хауа ана қойдың етін жеп, күш-қуат жинайды. Екі омырауынан құнарлы сүт ағады. Кейін келе Хауа анаға сойылған қойды «қалжа» деп атапты. Енді бір аңыздарда «Хауа ана Шиш пайғамбардың мойыны қатайсын деп қойдың омыртқасын ырымдап жеген» деген дерек те кездеседі.

Сәбиді құрсағында көтерген уақыттан бастап ананың бойындағы дәрумендері де азайып, күш-қуаты кететіндіктен босанғаннан кейін қалжа етін жеп, сорпасын ішіп, нәрін алу міндетті үрдіс. «Тісі түсіп қалады», «бойына суық кіреді» деп жаңа босанған келіншекке суық ішкізбеген, суыққа қолын тигізбеген. Өзіне арналып сойылған малдың бірінші күні алты буыннан тұратын мойын омыртқасын келіннің өзіне тісін тигізбей, қолымен мүжіткен.  Мойынның арасын ажыратпай мүжілген қалпында тік таяққа кигізіп, жоғары іліп қойған. Яғни, бұл ырым баланың мойыны тез қатайсын деген ниеттте жасалған. 

Ал, осы қалжа ырымы, дәстүріміз қазіргі уақытта түрленіп, бұрмаланып кетіп, тіпті кей жерлерде ұмыт болып та жатыр.  Содан да болар жас ұрпақтың денсаулығы да осал.

Шілдехана тойы жасалып, қалжа рәсімі сол тоймен аяқталып қалып та жатады. Тіпті, қалжаны кімнің міндетінде екенін де білмейтіндер бар. Негізі кей жерлерде бұл дәстүрді нағашы жағының міндетінде болса, ал кей жерлерде ол күйеуінің міндетінде деседі.  Ал қазіргі көріп жүргеніміз ол қалжаны нағашы да әкеледі, кіндік шеше де әкеледі деген де үрдіс бар. Мұның қайсысы дұрыс, қайсысы қате оны анық айта алмаймыз? Себебі «Әр жердің салты басқа, иттері қара қасқа» деген. Бастысы қалжаның еш артығы жоқ, кім алпып келсе де бұл салтымыз жоғалмасын. Болашағымыз осы ана мен балаға байланысты болғасын, олардың денсаулығы да өте маңызды. "Қалжалы бала – батыр, қалжасыз бала – қалжыр", "Әйел қалжадан ұлғаяды, ер олжадан марқаяды", "Қалжасы жарасқан әйелден қанжардай ұл өседі, Қалжасыз әйелден қаншырдай қатқан қыз өседі", "Қалжалы әйелден олжалы ұл өседі", "Қалжа, қалжа түбі – олжа" деген аталы сөздердің өзінен қалжаға жарымаған бала ертеңгі  елін қорғар батыр болары қайдам?!

Айжан ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar