Бәйге атпен бірге баба аманатын қатар сақтап жүрген ел азаматтары бар дегенмен... Көкпекті ауданы, Құлынжон ауылына жол түскенде жергілікті жұрт «Дядя Женя» атап кеткен Жанәбіл Шайырғазинмен сөйлесудің сәті түсті. Алғашында оның «Женя» атанып кеткеніне тосырқай қарап барғанда, қазақ екенін көріп, көзіміз бір қуанды.
-Бұл жерде орыс, татар басымдау тұратындықтан, мені осылай атап кеткенін білем,-деді күлімсірей қарап. -Ал, бірақ өзім қазақпын, бала кезден ат жалында өскенмін. Әкем Ахмет кеңестік дәуірде жылқышылықты кәсіп етті. Ол дәуірдің қызығы өз алдына, ат жарысын өткізудің өзі ол кезде ерекше сән-салтанатпен өтетін. Сегіз-тоғыз жастан әкемнің қасында жылқының жайын танып өстім деуге болады. 1974 жылдан 10 жастан асқаннан бәйге атқа отырып, додаға түстім. Содан бері жылқы малымен біте қайнасып кеттім. Алғашында атқа отырып бәйгеге түскенге қуанатын басым, уақыт өте келе өзім де бәйге ат ұстауға қызығушылығым оянды. Қазақы ұғыммен айтқанда «Мінсең - көлік, жесең - ет» бұл түліктің қазақы табиғатқа ерекше жақындығы бар. Әрине, оның күтімі, баптауы өзіңнің ынтаңа, төзімділігіңе байланысты.
Осылай деп сөз бастаған Жанәбіл Ахметұлының айтуынша, кезінде аты дүрілдеген Қостанай жылқы зауытының жүйріктерін баптаудың мәні зор. Мұндай тұқымдағы жылқылар ағылшын атымен ғана теңдесе алады. Қазір осы жылқы тұқымын ағылшын жылқысын будандастыру арқылы бәйге атын баптауға мүмкіншілікті жолға қойған адам қателеспейді. Алғашқы шабандозы Ақылбек Кәкімжановтің өзі қазір 45 жасқа келіпті.
-Негізі бәйге ат баптау үрдісі жыл бойы тоқтаусыз жүреді. Бастысы мына жағдайға мән беру керек: аламанға болсын, жорға жарысына болсын, қосатын жүйрік – спортшы іспетті. Үнемі жаттығу залынан шықпатйыны сияқты, жылқының да жүйрігіне солай мән беру керек. Дәл қазіргі уақытта 12 жүйрік ұстап отырмын. Ол, әрине, үйір жылқы емес, далаға еркін қоя бере салатын. Үнемі байлауда қолға қарап тұрады. Оның азығы, күнделікті екі сағатқа, екі-үш мәрте желдіртіп келіп отыру шарт. Оңайға түспейді, бірақ, осыған бала күннен қызыққан соң қазір жылқысыз өзімді, жеке өмірімді елестете алмаймын,-дейді Жанәбіл бапкер.
Жанәбіл Шайырғазиннің айтуынша, ат жарысы басталуына үш ай қалғанда баптаулы жылқының дайындығын күшейте түскен дұрыс. Бәйге аттарының ішінде Қостанай жылқысы тұқымына жататын «Құлагер» аталған жүйрігінің аты аңызға айналып, күні бүгінге дейін ел азуында айтылып жүргені бір әңгіме. Бес-алты жыл бойы мәренің алдын бермей, бірінші болып өткеніне көкпектіліктер ғана емес, жан-жақтан келген жұртшылық сан мәрте куә болғанын ешкім ұмыта қойған жоқ.
-Жалпы, менің айтайын дегенім, жылқы ұстап, бәйге баптап отырмын деп мақатанып қалуды көрсету емес. Таза қанды қазақы жылқының қазір жоқтығы. Қай жылқыны алып қарап, тегіне зер салсаңыз, ағылшын, арабы жылқы болып шығады. Одан бөлек бәйге аттың оны тұрмақ біреуін ұстап отырудың өзі оңай емес. Оның қолдағы күтімі, үнемі беріп отыруы міндеттелген дәрумені, балаша қолға қарап тұратынына төзу үлкен жауапкершелікті қажет етеді. Әрине, баптап бәйгеге қосқан атың қара үзіп шықса, маңдай бағың жанып, абыройыңның артқаны. Ол жағынан жасымнан жылқыға үйір табиғатым оны үнемі қажетсініп тұрады. Тәубе дейтінім қазір ұлым Руслан менің жолымды қуып, қасымнан бір елі ұзамай ат баптаудың қыр-сырын бір кісідей біліп қалды. Ол да алғашында шабандоз болатын. Қазір менің қасымда ат баптап жүр. Бірақ, өз көзқарасымда жүйрікті тек әлдекімдер ас беріп, я болмаса, пәленшенің жүз, екі жүз жылдығы деген шараларға байланысты өтетін аламанға байланысты ғана баптап отырмаса екен деген ойым бар. Ең бастысы – аламан бәйгені біз тұрақты, жыл сайын өткізілетін спорт түріне айналдыруға күш салуымыз керек. Жасыратыны жоқ, осыдан бірер жыл бұрын облыстық халық спартакиадасы аясында ат бәйгесі, жорға жарысы өтіп тұратын. Өткен жыл түсінікті. Пандемия себептеріне байланысты спорттық шаралар өткізуге әлемдік деңгейде тыйым салынды. Бұл да өтер. Бірақ, біз ел боламыз десек, жылқы жалында өскен қазақтың ат баптап, бәйге беру дәстүрін халықтық спартакиадаға айналдырсақ, ұлт болмысын танытудың үлкен бір ерекшелігі болып шыға келер еді,-дейді Жанәбіл Ахметұлы.
Расында қыр төсінде табиғатпен тілдесіп, жылқы малын бағудың жайын жатқа білген қазыналы қарттың айтарына біздің де алып-қосарымыз жоқ. Айтпақшы, ұлы Русланның 2019 жылғы Тарбағатай төрінде өткен Ырғызбай Досқанаұлының құрметіне арналған 140 шақырымдық бәйгеде топ жарып келген шабандоздығы да оның әке аманатына қаншалықты адалдықпен қарағандығын аңғартқандай.
Сәтжан Қасымжанұлы