USD521.81EUR543.67RUB5.05

«Қолөнерге 12 жасымнан ден қойдым»

25 қараша 2020, 14:26
«Шебердің қолы алтын» дейді қазақ. Сөзге де шебер, іске де ұстаз халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтардың бірі – қолөнер. Кез келген халық құнды дүниені жәдігер ретінде сақтайды. Қаламыздағы қолөнерші Сейлбег Асхан қазақтың көнеден келе жатқан өнерін насихаттап оны дамытуға ынталы. Жасап шығарған тың дүниелерін талай әртүрлі көрмелерге апарып, халқымыздың қолөнерін насихаттап жүр. Осылайша, Сейлбег апаймен тілдесіп қайтқан едік.
«Қолөнерге 12 жасымнан ден қойдым»

Сейлбег Асхан – Моңғолияның Баян-Өлке қаласында туған қандасымыз. Еліміз тәуелсіздігін алған соң, атамекенге асыға жетіп,  қазақтың ұлттық қолөнерін әкелген шеберлердің бірі. Бала кезден бері, қолына  ине-жіп ұстап, тігін тігуге әуес болған. «Шеше көрген тон пішер» деген рас. Сейлбег апай да қолөнерді әжелерінен, апаларынан үйренген. Әжесі оған тек қана киім тігуді ғана емес, сондай-ақ қолөнердің ұлттық ерекшеліктерін бойына сіңірген.  

- Үйде отбасынан алған тәрбие. Бұрын апа-әжелеріміз қыз баланы бос отырғызбай демалыс күндері бізге кесте тіккізіп, іс істеп отыруы керек, кесте тігуі керек деп. Солай апайларымыздан алған өнер. Өзімнің де жас кезімде қолөнерге деген қызығушылығым мол болатын. Кішкентай кезімнен бастап кестені жақсы тігетінмін. Осылайша, 12 жасымнан бастап қолөнерді үйрене бастадым. Содан таңдаған мамандығым, - деді Сейлбег апай өз сөзінде.

Әжелерінен киім тігудің қазақи қағидасын құлағына құйып өскен қызды қазір хас шебер деп айтсақ қателеспейміз. Ол ұзатылатын қыздардың жасауын дайындаумен айналысады. «Адам көркі шүберек» деген рас екен.  

Мысалы, қыздың жасаулары, қолсөмкелер, үй жабдықтары, құрақ көрпе тігу тағы басқа бұйымдарды өз қолыммен кестелеп жасайды. Солардың ішінде құрақ көрпе тігу асқан шеберлікпен қатар, үлкен талғамды да талап етеді. Қалдық маталардан әртүрлі бұрыштар шығарып, ою ойып, оларды орналастыру көптің қолынан келе бермейтін іс.

Қолөнершінің жасаған көрпе жастықтары, салынған ою өрнектері ұлттық нақышымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, қолынан шыққан әрбір туындыларын арнайы тапсырыспен даярлайды. Солардың бірі қыз жасауына даярланатын көрпелер.

Ерекше осындай қолөнер түрлері әдемілік үшін ғана емес, үй иесін тіл көзден сақтап, үйге ырыс-береке алып келеді деген сенім де бар.

- Қолөнермен айналысып келе жатқаныма бірнеше жыл болды. Моңғолия елі, Баян-Өлке қаласында туғанмын. Осы Қазақстанға келгенімізге 15 жылдың жүзі болды. Арнайы ұйымдастырылатын көрмелерде, жәрмеңкелерде ешқашан бірінші орынды берген емеспін. Үнемі жүрген жерімде бірінші орын аламын. Құдайға шүкір, жетістіктерім де жетерлік. Қолөнер шеберінің республикалық, аймақаралық мүшесімін. Шәкірттерім де бар.

Сейлбег Асхан апай досқа адал, отбасына сүйікті жар, қамқор ана. Шебер қыз бос уақытын бала-шағасымен өткізгенді қалайды. Табиғаттың әдемі көркінен ләззат алады. Тіпті, осы осы жаратылыстың сұлулығынан шабыт алатын сияқты. Кейде ол табиғатты қолымен сызғандай сұлу көркінен әдемі кездестіреді.  

- Үйренем дегендердің ешқайсысын бетін қайтарған емеспін. Мысалға,  жастарға, үй шаруасындағы әйелдерге еш ақысыз үйретіп келемін. Үйренемін деген кісілердің барлығына тегін үйретемін.

Үш қыз, екі ұл баланы дүниеге алып келген қамқор ана. Ол сондай-ақ, өзі ғана емес, қыздарына да, бұл өнерді үйретіп өсірген. Үлкен ұлы да анасының жолын қуып, қолөнер мамандығында білім алып жатыр екен.

Сейлбег Асхан бала кезден серік еткен өнерін бүгінде  кәсіпке айналдырды.  «Бизнес бастау» жобасынан 500 мың теңге грант ұтып алып, жұмысын дөңгелетіп отыр.

Қолөнер – мәңгілік мұра. Ұлы мәдениет белгісі. Шебердің көз майын сарқып жасаған дүниелері тіккен киімдері ғасырдан ғасырға жалғасатын ұлттық қазынасы. Сондықтан да осынау дарынды жандардың тарапына қандай ізет білдірсек те артық емес. Қазақтың қазынасы ұлттық жәдігерлеріміз жоғалмасын.

Әлия НҰРБЕКҚЫЗЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar