Ақтөбелік NIS оқушысы Санжар Хамитов ел тарихында тұңғыш рет географиядан EGеO - 2022 Еуропалық олимпиадасының алтын медалін жеңіп алды. 11-сынып оқушысы 16-19 жас аралығындағы жоғары лига қатысушылары арасында абсолютті жеңімпаз атанды.
«География әлемді тануға көмектеседі. Бір ғана пән арқылы аспан әлемін, планеталарды, уақыт пен кеңістікті зерттеп, зерделеуге болады. Географияға үңілген сайын танымым кеңейіп, түрлі елге «саяхаттап» та кетемін. Мұндай жарысқа қатысқан кезде алдын ала дайындалып, өз білімімді толықтырамын. Нәтижесі өзімді де, жақындарымды да қуантты. Олимпиадаға келер болсам, алғашқы турда карта берді. Ондағы елдің орналасуы, дамуы туралы айтып бердім. Даму жолын да мысалға келтіруге болады. Мультимедиалық турда әр сұраққа жауап беруге 30 сек уақыт бөлді. Барлығы 40 сұрақ болды. Үшінші турда ұлттық паркті сақтау жолдарын айтып бердік. Туризмді дамыту жолы да назардан тыс қалмады. Сұрақ болса, біз оның шешімін айтып, ұсынысымызды білдірдік», – дейді EGеO-2022 алтын медалінің иегері Санжар Хамитов.
Бұған дейін ол география пәнінен республикалық, желілік олимпиадалардың алтын медальдарын жеңіп алған. Айта кетейік, Санжардың жаттықтырушысы Ақтөбедегі зияткерлік мектептің түлегі, ІGeO-2021 халықаралық географиялық олимпиадасының жеңімпазы Рустам Валеев. «Олимпиада үш турдан тұрды. Олар: жазбаша, мультимедиялық, далалық. Барлық турда Санжар жақсы нәтиже көрсетті. Бұл жолға жету үшін ол талай еңбек етті. Теориялық білімін тәжірибемен ұштастырды. Тағы бір қуантарлығы, барлық қатысушыға қарағанда Санжар ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгергенін көрсетті»,–деп атап өтті Рустам Валеев.
Бұл олимпиада 24-29 маусым аралығында онлайн форматта өтті. Оған Беларусь, Ресей, Әзірбайжан, Литва, Латвия, Эстония, Сербия, Словения, Қазақстан, Румыния, Чехия, Болгария, Босния және Герцеговина елдерінен 111 білімді жас қатысты. Енді Санжар Хамитов ІGeOжәне IESO халықаралық олимпиадаларына қатысады.