USD447.4EUR477.55RUB4.76

"Тальгоны" тізгіндеген қыр баласы.

06 тамыз 2020, 14:53
Шыңғыстаудың бір сілемі – Машан тауының етегін еркін жайлаған Марғұбан (Жұмабек) шопан төрт ұлының бірі күні ертең мақтаулы мамандық иесі боларын о баста білген жоқ еді.

Бір қанағат ететіні – кітапқа деген құмарлық, белгілі ақын-жазушылардың шығармаларына оқуға құштарлық кенже ұлы Балғынның бойынан ерекше байқалатыны. Қолына кітап ұстап, қырды кезіп, бейнетке төзіп жүретін баласының дүниетанымына, ұмтылысына қарап тегін еместігін сезгендей еді. Бұған бір жағынан Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды алыптарды дүниеге әкелген топырақтың құдіреті де әлдебір жақсылыққа жоруға жетелейтін. Дегенмен, қысы-жазы тау асып, қырды шарлаудан басқа қызығы жоқтай көрінгенімен, бала Балғын туған жердің төсінде аунап-қунап өскеннен артық бақыт жоғына есейген сайын көзі жете түсетін. Көзі жеткен сайын болашақта «кім болам?» деген сұрақ мазалай бастайтыны тағы да рас. Әкесінің сырт көзге сыр алдырмас сабырлы, бөгденің ала жібін аттамайтын адал етіп өсірген тәрбиесімен қатар есесін жібермейтін намысқойлық пен қатарласының алды болуға ұмтылысы дала төсінде санасына сіңірген шығармалардан дарып рухтана түсті.

   Сөйтіп Абай ауданы, Тоқтамыс ауылы Кеңес Одағының батыры Ж. Молдағалиев атындағы мектептен түлеген Балғын Жұмабеков алдымен ел қатарлы Отан алдындағы әскери борышын өтеп қайтты. Жасы жиырмадан енді асқан жігіттің бойындағы жігер мен ширақ қимылы қамқор ағасы Берік Қонабековтің назарына ілікті. Бұл кезде оның есімі Тоқтамыс ауылынан қалаға келіп, жұмыс іздеген талай адамға жөн сілтей білетін жанашырлығымен ел ішінде жиі аталатын. Теміржол саласының қыр-сырына бойлап, техниканың тілін ерте білген ағасы Балғынды бірден бауырға тартты.

    -Болашағымды осы болат жолдың бойында жалғастырам деген ой жоқ еді, ынтамды оятқан адам осы Берік ағамыз. Жасыратыны жоқ, ол кісі жалғыз маған емес, ағайын-туыс, ауылдастың бар баласына өз жақынындай қамқор болды. Әскер қатарынан оралғанымда ол кісі теміржол депосындағы шаруашылық цехтің аға мастері болатын. Дегенмен, ұжымға сыйлы, айналасына сөзі өтімді, тоқетерін айтатын мінезіне де тәнті болатынбыз. Сонымен бір жыл слесарь болып жүріп, біртіндеп тепловоз жүргізудің қыр-сырына бойлай бастадым. Машинистің көмекшісі қызметіне ауысқан соң, бұл салаға деген ынта-ықыласым, тіптен, арта түсті. Әрине, әр мамандықтың қызығы-қиындығы бар. Қаншама жүк вагондарын тіркеген пойыз тізгінінде ауылдан шыққан қаршадай бала отырса кімнен кем?! Осы ой да бір жағы маза бермейтіні рас еді. Ақыры келген соң, басқа салаға барып, жасыма жетпей шатасқанша, осы саланың маманы болуға тәуекел еттім,-дейді Балғын дос ағынан жарылып.

      2001 жылдан бастап машинистің көмекшісі қызметіне кіріскен ол ары қарай білімін жетілдіре түсуді де ұмытқан жоқ. Екі жыл өткеннен кейін Қарағандыдағы жол-техникалық оқу орынына қабылданып, машинист мамандығына қол жеткізді. Теміржол бойынан тепловоз тізгініне отырып, мыңдаған шақырымдарды артқа тастайтын сапарлар да жиілей түсті. Тәуліктен тәулікке жалғасқан әр сапардың қызығы мол. Әріптес достардың қай-қайсы да сайдың тасындай іріктелген азаматтар екені тағы бар. Олардың арасында мамандығының кәсіби биігін бағындырғандар да баршылық.

   Дегенмен, ауыр составтарды алға тартқан жүк пойызының тілін біліп, діттеген жерге жеткізе білу үлкен жауапкершілік жүктейді. Расы керек, Балғын білім алған Абай ауданындағы құралпылас балалардың ешқайсы да осынау қатпары мол мамандықты игеруге тәуекел ете алған жоқ. Бұл, әрине, пойыз қатынамайтын ауылда оқығындықтан емес. Қазақ баласының дені сол кезде мектеп бітіре сала экономист, кеденші, заңгер, бухгалтер болуға ұмтылып жатқанда, іргесіне теміржол төселмеген Тоқтамыс ауылынан ұзап шығып, әскер қатарынан оралған соң, ештеңеге бұрылмастан машинист мамандығын игеруге ұмтылуы оның жастық жігерін ұшқындай түскені даусыз.

  Бұл күнде Балғын алдыңғы қатарлы машинист. 2017 жылдан бері жолаушылар пойызының тізгінін қолына алды. Қолына алғанда, жаңа үлгідегі аялдауы аз, жүйіткуі жылдам «Тальгоны» тақымға басты. Ол мұның өзіне де оңайлықпен қол жеткізген жоқ.  2011 жылы 2 класты машинист дәрежесін Қарағанды қаласына барып дәлелдеп келген ол 2019 жылы тағы бір сатыға жоғары жылжыды. Яғни, өткен жылы Павлодар қаласында арнайы біліктілік мектебінде шыңдалып, 1 класты машинист болып оралды. Расы керек, жасы қырықтан енді асқан Балғын үшін ғана емес, жасы елуді еңсергендердің өзіне бұл биік арман болатын. Демек, Балғын Жұмабеков өз мамандығының кәсіби біліктілігін толықтай игере білген майталман деуге әбден болады. Демек, «Қазақстан теміржолы» ҰК Семей бөлімшесінің локомотив депо басшысы Болат Сейілхановтің сенімінен шығып, үмітін ақтауының бір дәлелі осы.

      «Біздің ұжымның жігіттерінің өзі ісіне берілген маман болып қалыптасуына Болат Мұхарамұлы үнемі мән беріп отырады. Жыл қорытындысында әділ бағалап, мамандардың еңбегін атап көрсетуді назардан тыс қалдырған емес»,-дейді «Тальго» тізгіндеген қыр баласы.

     Сөз соңында айтып өткен артық болмас, мақала кейіпкері – Балғын Жұмабеков бір мектепте қатарлас оқыған сыныптасым. Құрдастарымен емен-жарқын араласпаса да өзіндік «мені» бар азаматтың бірбеткей мінезі өзіне жарасымды. Ал, жақын араласа білген адамға адал дос, ақжарқын азамат. Тілдесе қалсақ, тарихты да, әдебиетті де, бүгінгі саяси қоғам тынысын да салмақтап саралай пікір таластыратыны да ойыңнан шығып тұрады. Жақында ғана теміржолшылар мерекесінің ыстық-суығы басылмай тұрып, жақын досым жайлы осылайша ойымды ортаға салғанды жөн көрдім. Ондағы мақсат, «болар елдің баласы бірін бірі батыр дер» деген мәтелдің өмір шындығынан алынғанын осылайшы бір ұқтыру еді.

Сәтжан Қасымжанұлы

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar