Арыдан тартып толғайын арда жырымды,
Тәлелсіздігім, түсірмес ешкім құныңды.
Арманым осы қайта бір еске ап өткенді,
Тоң болып қатқан жібітсем кеуде-мұзыңды
Тамырым қалған кешегі бағзы заманнан,
Тағылым алғам тау тұлғалы бабамнан.
Қазақпын деп мақтанып мен де айтамын.
Тұлпары тасқа мөр басып кеткен тағамнан.
Тарапқа кеткен шашылып, шіркін, сан арман,
Айырылмай келдім дәстүр мен салт-санамнан.
Күлтегіннен қалған қашалған тарих таңбасын,
Балбалдан оқып ағыздым жасты жанардан.
Жат жерде жүріп демеймін сірә, тоналдым,
Тарихпен біте қайнасып менде жаралдым.
Атажұртым-ау, ардақты мекен бір саған,
Сағыныш болып арманда кеткен оралдым.
Арманым болған азаттығымнан айналдым.
Баһадүрлердің семсеріндей талай қайралдым.
Боранда жүріп құлының едім адасқан,
Босағаңа келіп бапталып бүгін байландым.
Тарыдай кеткен шашылып қазақ едім мен,
Қан майдан-соғыс қайда да болса көмілген.
Қасқайып тұрып ажалға келген бас идім.
Есемді кеткен көкжал рухыммен кеміргем.
Жоқтықта төзіп, қадірін бардың сезіндім,
Жалында аттың ерлердей жүрген көз ілдім.
Қасқалдақтың қанындай болған еркіндік,
Қарасындай болған асылым едің көзімнің.
Жар болып өзі көзі де түсті Тәңірдің,
Сейіліп кетті сіліккенде бойдан сағым мұң.
Оқ тескен күйім алмасып міне, шаттыққа,
Арландай қайта жарамды жалап жазылдым.
Рухтың міне, жарқ етті намыс семсері,
Уақытында дұшпандар сонда өлшеді.
Желтоқсанда бұйырған бұл бақ күнім.
Елдігім үшін қастерлі мәңгі еңселі.
Оралып келді бозторғай болып бақ күнім.
Орнады қайт төріме таң боп шаттығым.
Қазақтай елдің жарасып аты затымен.
Шашқандай міне, халқыма көкте Хақ нұрын.
Салтанат орнап аялдай берді көшпелім,
Жанғандай қайта тұтанып енді өшкенім.
Күллі дүниеге болмысым кетті шарықтап,
Көргендей жат та айдарымнан жел ескенін.
Асқақтап бүгін Алаштың артқан айбары,
Алдына қойған мәңгілік елдің бағдары.
Рухыменен жаңғырып жатыр қайтадан.
Орындалып бабаның байтақ арманы.
Айтылды арман ұраны болып асқақ ән,
Оқ бойы озған кезің де көп басқадан.
Күн көтерген қыран елім қалықта,
Сарыарқа төрі самсаған қала Астанам.
Келмесін деп зұлматтар мен шерлі күн,
Ұлықтадық бабаның бәйгеге түскен ерлігін.
Бауырын жазған сәйгүлік елім қарышта,
Аласармасын бағың,еңселі қазақ елдігің
Таразыға тартылған талай тағдырым,
Амандығымды тілейді көкте ай-күнім!
Тәңірім сені айырмасыншы қазақтан,
«Теңдесі болмас Тәуелсіздік дейтін – байлығым!»