USD484.37EUR531.06RUB5.05

Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары

20 желтоқсан 2019, 17:11
Семей қаласы – ұлттық руханиятымыз бен мәдениетіміздің, әдебиетіміз бен өнеріміздің ордасы. Қазақ халқының рухани дамудың өлшеусіз үлес қосқан қасиетті жер.
Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары

Өткен тарихымызға тоқталсақ 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылы ақпан, қазан төңкерістері, Алаш қозғалысы, азамат соғысы – осы тарихи оқиғалар бәрі де төл топырағымызда өзіндік із-бедерлерін мол қалдырды.

Семейде 1917-1920 жылдары ұлт азаттық қозғалысының қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Ғаббасов, М.Тынышбаев, Ә.Ермеков, Е.Омаров, Ш.Құдайбердиев, Ж.Аймауытов, Т.Абайұлы, А.Қозыбағаров, М.Тұрғанбаев, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Р.Мәрсеков, К.Жанатаев, Б.Сүлеев, Т.Жомартбаев елінің егемен ел, іргелі мемлекет болуын аңсады.

Торғай, Семей, Орал қалаларында 1917 жылы көкек айында съездер өтеді. Бұл съездер жергілікті өз мәселелерімен қатар, Жалпы қазақ съезін шақыру керек деген мәселе қояды. Жалпы қазақ съезі 1917 жылы 21-28 шілдеде Орынбор қаласында өткізіледі. Осы құрылтайда «Алаш» деп ат қоятынын жазады және жаңадан құрылған «Алаш» партиясының бағдарлама жобасын жариялайды. Жобаны жасағандар: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Е.Омаров, Ғ.Бірімжанов, Е.Тұрмұхамедов, Ғ.Жүндібаев.

Осындай аумалы-төкпелі заманда тарих сахнасына шыққан Алаш қозғалысы және оның үкіметі – «Алашорда» сол шақтағы қазақ халқының ұлттық мүддесін, мұң-мұқтажын, оның халық ретінде сақталып қалуына және талан-таражға салдырмауға ұмтылған бірден-бір саяси салмақты күш ретінде танылды.

Орынборда 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында ІІ жалпықазақ съезі өтеді. Оған 82 өкіл қатысады. Бұл съездің күн тәртібінде қаралған он мәселенің ішіндегі ең маңыздылары – Ұлттық автономия, милиция, Ұлт Кеңесі. Бұл мәселелер бойынша қоғам қайраткерлері Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, М.Шоқай, Ж.Досмұхамедов баяндама жасайды. Съезд қаулысында: «Ұлттық жерлі Автономия болсын! қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» деп аталсын, Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі-суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын! Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша Ұлттық Кеңес құрылсын. Мұның аты Алашорда болсын, Алашорданың уақытша тұратын орны - Семей қаласы болсын», - делінді. («Сарыарқа», 1918 жылы, 25 қаңтар).

Осы қаулы күшіне еніп, сол жылдан бастап Алашорда үкіметінің рухани астанасы болып Семейдің сол жағалауы бекітілді.

Алашорда үкіметінің Шығыс бөлігі Семей қаласына 1918 жылы қаңтар айына келіп орналасады. Алашорданың төрағасы болып саяси қайраткер Ә.Бөкейханов сайланады.

Алашорда үкіметі Семей қаласының «Заречная слободка» деген бөлігіне 1918 жылы қаңтар айында келіп орналасты. Семейде Ә.Бөкейхановтың басшылығымен Алашорда үкіметі құрылып үкімет құрамына бір топ қазақ зиялылары Ә.Ермеков, Х.Ғаббасов, М.Тұрғанбаев, Р.Мәрсеков, Ә.Сәтбаев, А.Қозыбағаров, Ж.Ақбаев т.б. қызмет етті. Мәскеу институтының физика математика факультетін алтын медальмен бітірген, Алашорда үкіметінің сыртқы істер және қаржы министрі Х.Ғаббасов тұңғыш Алашорданың милициясы туралы заң жобасын әзірлеп жасады. Азаттық үшін айқасқа түскен Алаш әскерлері де алғаш осы Семейде жасақталды. Семейдің сол жақ бөлігі 1918-1927 жылға дейін Алаш қаласы деп аталып келді. Абай мұрасынан ғибрат алып, рухтанған қазақ зиялыларының үлкен бір тобы бас қосып, жиналған еліміздің мәдени-рухани орталығы болды. Алаш үкіметінің ақ туын Семейде көтерген осы жылдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтан бастап Мұхтар Әуезов, Мұхаметжан Тынышпаев, Халел Ғаббасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мәннан Тұрғанбаев, Жақып Ақбаев, Қаныш Сәтбаев т.б. бәрі-бәрі ұлт мүддесі үшін жан аямай қызмет етті. Осы игі бастауға Алаш зиялыларын алға ұмтылдырған  ұлы Абайдың биік арман-мұраты еді.          

Алаш азаматтарының жанынан табылған, өзі болмаса да, көзіндей болған Абай шәкірттері Шәкәрім, Көкбай, Турағұл қоғамдағы өзгерістер тұсында саяси жағдайларға да үн қосты, игі мақсаттарына жетулеріне бірлесе атсалысты. Тығыз байланысты болып, олардың еліне қамқорлығын қолдаумен бірге, қызметімен, қаламгерлік қуатымен де аянбай атсалысады.

Қазақ топырағындағы алғашқы қазақ газет-журналдары да осы Семейде дүниеге келді. «Уақ қарыз серіктігінің» қаржысымен «Абай» журналы 1918 жылы ақпан айынан сол жылдың қазан айына дейін Алаш қаласында шығып тұрды. М.Әуезов, Ж.Аймауытов «Абай» журналын жарыққа шығарушы және ұйымдастырушы болды. Журналдың жобасы кең, жазушылары сай, нағыз қазақ тілінде ай сайын екі рет шығып тұрды. М.Тұрғанбаев, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, М.Әуезов, С.Дөнентаев т.б. ақын-жазушылар ылғи мақала жазып тұрған.

Сонымен қатар Алаш зиялылары сол кезде шығып тұрған «Айқап» журналы, «Қазақ», «Сарыарқа» газеттері ұлт-азаттық күрес идеологиясының қалыптасуына қызмет етті. Қазақта ғылымның дәнін егіп көзқарасын кеңейтуде басылымның үлкен әсері барын сезінген.

Жер, автономия, мемлекеттік тіл, ғылым-білім, оқу-ағарту, ұлттық әскер, ауыл шаруашылық экономикасы, билік құрлымы мәселелеріне барынша күш салып, Алашорда автономиялы республика дәрежесіне қол жеткізеді. 1918 жылы жазында Алашорда бастаған және большевиктер соңына ерген күштер баррикаданың қарама-қарсы жақтарында қалып, өкімет үшін ашық күреске шығады. Біресе қызылдардың, біресе ақтардың ойранына түскен Семей қаласы соғыс майданына айналды. Алашорда үкіметінің екеуімен де келісімге келуге ұмтылғанымен, оларды тоқтатуға әскери күш жетпеді. 1919 жылы атаман Анненковтың атты казактары Семей қаласын басып алып, Алашорданың барлық қайраткерлерін жазаға тартуға бұйрық берді.

Алашорда мүшелеріне қағаз жүзінде кешірім берілгенмен, олардың бәрі қудаланды. Ә.Бөкейханов пен оның әріптестері Ресейдің жоғары оқу орындарын бітірген өз заманының білімдарлары және өз елінің мүддесін өздерінен жоғары бағалаған.

«Алашорда» үкіметінің басты міндеті – Ресей құрамындағы автономия ретінде өмір сүре отырып, қазақ ұлтын мемлекет дәрежесіне жеткізуді көздеді. Дүрбелеңі мол кезеңде үкімет те тұрақты болмады. Ақпан төңкерісінен кейін алаш қозғалысы біржарым жылдан кейін, яғни 1919 жылдың ортасында үлкен дағдарысқа тап болған еді. Оның басты себебі қазақ егемендігін мойындағысы келмеген ақ жағы болсын, қызыл жағы болсын кіндік Ресейдің астарлы саясатында жатты. Сондықтан ел көсемдерімен оқығандар қалайда олардың тілін тауып, ұлттық қауіпсіздікті сақтауға ұмтылды. «Алашорда» үкіметінің қайраткерлері мен кеңес бағытын ұстанған ұлт өкілдері қысылтаяң кезде қазақ елінің мүддесін қорғады. Мемлекеттік құрылымның бір бұтағына айналды. Жер, шекара, мемлекеттік тіл, билік құрылымы мәселелеріне барынша күш салып автономия республика дәрежесіне қол жеткізді.

Қатыгез де қатаң кеңестік дәуірдің ұлтымызға бергенінен алғаны көп болды. Қаншама асыл азаматтарымыз жазықсыз саяси қуғын-сүргінге душар болды. Бүкіл қазақ даласын азаттық идеясына жұмылдырған бұл ұлы қозғалыстың тарихы мен тағылымы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Алаш партиясының мақсаты ұлттық мемлекет құру болатын, сол алаш зиялыларының арманы бүгінгі таңда орындалып отыр.

Қазақ елі тәуелсіз мемлекет ретінде танылып, ұлттық мемлекетіміздің әлемдік үрдісте тарихи және саяси орнын айқындалып жатқан тұста ұлт зиялыларының қазақ халқының бостандығы мен еркіндігі жолында жұмсаған ерен еңбектерін жарыққа шығару – әрбір қазақ азаматының парызы болып табылады.

Алаш қозғалысы, «Алаш» партиясы, Алашорда өкіметі – біздің тарихымыздағы ең құрметті, қасиетті кезеңдердің бірі.

Қазірде біздің тәуелсіз мемлекет болып, егемендігіміздің туы аспанға желбіреп, ана тіліміздің мемлекеттік тілге айналуына сол кездегі Алашорда үкіметінің құрған саясаты, Алаш көсемдерінің баға жетпес еңбектері бірден-бір себеп болды. Тарихта аты өшпейтін, болашақ ұрпаққа ұлағат болып қалатын Алашорда көсемдерінің, Алаш партиясының, Алаш үкіметінің қажырлы еңбектерін ешкім де, ешқашан да ұмытпақ емес. Алаш зиялылары туралы әлі сырын ашпаған мәліметтерді анықтап, нақтылау-тәуелсіз елдің бүгінгі ұрпағының басты парызы болып қала бермек! Бүгінгі Қазақстан Республикасы – Алаш арманының іске асқан көрінісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

03 қазан 2024, 10:50
27 қыркүйек 2024, 10:07
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar