1 жылға жуық уақыт жұмсалған еңбек жастардың қызығушылықтарын ескере отырып жасалған, қазақ әдебиетіне және фольклорына жаңа көзқарас енгізіп, түсінік қалыптастыратын жоба.
- Зерттеу жобасы аясында жүргізілген сауалнамаға сәйкес оқушылардың қазақ әдебиетіне қарағанда шетел әдебиетіне, әсіресе, фантастикалық жанрға көбірек қызығатыны анықталды. Сол себепті мифология жанрына бағытталған тақырып әдейі таңдалып алынды. «Мифология әлемі» үстел ойыны кейінгі буын арасында қазақ әдебиетіне деген сұраныстың аздығына қатысты мәселені оңтайлы шешудің жолы. Сонымен қатар, қазақ мифологиясы туралы ойынның алғаш рет жасалуы, мифтік кейіпкерлер бейнесін бүгінгі заманға лайықты етіп ұсыну зерттеу жобасының жаңашылдығы болып табылады, -дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақбота Нұрғалиқызы.
Жобаны ойлап табушылар елімізде бұрын-соңды мифология туралы үстел ойыны болмағандықтан туындыны шетелдік үстел ойындарын негізге ала отырып, қазақи нақышта, қазақ мифтері мен аңыздарының желісіне сәйкестендіріп құрастырған.
-Бір ойын алаңында қарама-қарсы екі әлем кейіпкелерінің кездесуі – осы ойынға тән жаңашылдық. Жоба барысында ойын алаңы, кейіпкерлер бейне-суреттері, ойын ережесі, карточкалары Canva бағдарламасында әзірленді. Ал ойынға қажетті кейіпкерлер бейнесі ағаштан ойылып алынды. Мифология кейіпкерлерінің нақты бейнесі жоқ болғандықтан, Жезтырнақ, Обыр, бір көзді Дәу, Қонаяқ, Желаяқ, Таусоғар, Саққұлақ, Тазша бала сынды жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің жаңа графикалық бейнесі ойлап шығарылды, -дейді оқушыларымыз.
Жоба авторлары ойынды ойнау барысында әр қатысушының білім көкжиегі кеңейіп, төл әдебиетке, мифологияға және мифтік образдарға қатысты ақпараттарды тануға қызығушылықтары артатындығына сенімді. Ендігі мақсат – осы ойынды қаржылай қолдау тауып, қолданысқа енгізу.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі