
“2023 жылы талапкерлер ҰБТ-ны 5 рет тапсыра алады. Қаңтар, наурыз және тамыз айларында ақылы негізде оқу үшін тапсыруға мүмкіндік бар. Ал негізгі грант ҰБТ-сы мамыр-маусым айларында өтеді. Биыл да негізгі ҰБТ-ны талапкерлерге екі рет тапсыру мүмкіндігі беріліп отыр. Түлектер ең үздік нәтижесімен грант конкурсына қатыса алады”, – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Оның сөзінше, биылдан бастап ІТ саласына оқуға түсетін түлектер үшін ҰБТ-ға “математика-информатика” комбинациясы қосылды.
“Ең басты жаңалықтардың бірі – 2023 жылғы қаңтардан бастап "Информатика мұғалімдерін даярлау", "Ақпараттық технологиялар", "Ақпараттық қауіпсіздік" білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны математика-информатика комбинациясы бойынша тапсырады. Тестілеуге дайындықты жақсарту мақсатында біз оқу жылының басында информатика бойынша ҰБТ-да кездесетін терминдер тізімін жарияладық”, – деді Руслан Емелбаев.
Ұлттық тестілеу орталығы директоры биыл қаңтардағы ҰБТ-ға 123 мыңға жуық түлек қатысқанын атап өтті.