USD447.4EUR477.55RUB4.76

Интеграциялық жоба жеңіске жетті

20 желтоқсан 2022, 09:32
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі өз шәкірттерінің ғылыми жұмыспен айналысу көкжиегін кеңейтіп келеді.
Интеграциялық жоба жеңіске жетті

Атап айтқанда, шәкіртіміз Ескендір Тұрсынхан №22 жалпы орта білім беретін мектеп-лицейінің оқушысы Аружан Маратбекпен бірлесе «Абай облысы климаттық жағдайында мектеп ауласын абаттандыруда мобильді қосымшаларды қолдану» тақырыбындағы ғылыми жобасын сәтті қорғап, жүзеге асырды.

Жуырда олар осы жұмыстарымен  «Дарын» республикалық ғылыми зерттеу жобалары конкурсының облыстық кезеңінде (биология) 1-орынды жеңіп алды.

- Ұстаздардың бір-бірімен тәжірибе алмасып, пәнаралық байланысты пайдаланудан бөлек оқушылардың ғылыми жұмыстарын интеграциялау өте маңызды. Осыны ескере отырып, әріптесіміз Анар Мэлсқызы екеуміз шәкіртіміз Ескендір Тұрсынханның қолға алған жұмысына ғылыми кеңестерімізді беруді ұйғардық. Жобаны жүзеге асыруға серіктес те табылып, Аружан Маратбек өз жетекшілері Айгүл Исимбекова, Гүлмира Саяховалармен бірлесе жұмыс жасады. Нәтиже жаман емес, облыста үздік шығып, республикалық кезеңнің алғашқы турынан да өтіп отырмыз, -дейді ғылыми жетекшілердің бірі биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, биология пәнінің мұғалімі Айнұр Қыдырмолдина. 

- Біздің зерттеуіміздің мақсаты Абай облысы климаттық жағдайында мектеп ауласын абаттандыруда гүлзарларда өсірілетін бір және көпжылдық сәндік өсімдіктердің ерекшеліктері мен егу мерзімін анықтап зерттей отырып, алынған мәліметтер мен ақпаратты мобильді қосымшаларды қолдану арқылы бөлісу болып табылды. Анықталған өсімдік түрлері енгізілген мобильді қосымшаны қолдану арқылы кез-келген адам өзінің ауласын, саяжайын, тіптен қаланы абаттандырумен айналысатын мамандардың өзі ғылыми негізделген ақпаратты қолдана алады, -дейді шәкіртіміз Ескендір Тұрсынхан.

Жас зерттеушілердің сөзіне сүйенсек, өңіріміздің климаттық жағдайында бейімделген сәндік өсімдіктердің түрі мен оларды өсіру туралы мағлұматтарды «Tilda» веб-сайтының конструкторында «QR» код арқылы анықтап, сканерлеуші «MIT App Inventor» мобильді қосымша арқылы бөлісуге болады.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar