«Су сүзілмейді, тамыз үзілмейді», - деп кейінгі ұрпақ шын тарих-талғамды қажет етеді. Мықты дерек көзіне сүйенеді. Сол жазылған еңбектердің дұрыс жолын іздейді. Сол туралы өз пікірлерін «сол қалпымен» салыстыра отырып қалың оқырманға жолдайды. Сондай еңбектің біреуін жақында кездестіріп оқып шығып, авторға қоса өз пікірімді де білдіргім келіп осы шағын мақаланы жазып отырмын.
Абай атындағы ҚазҰПУ-тың шығыс тілдері және аударма кафедрасының профессоры Айгүл Жұмабекова поляк ақыны Адольф Янушкевичтің «Қазақ даласына жасаған саясатынан күнделік және хаттар» («Дневники и письма о путешествии по казахским степям» Адольфа Янушкевича) деген еңбегі болатын.
Адольф Янушкевич (1803-1857) – поляк және белорус ақыны, этнограф, революционер. Ол 1830-1831 жылдары Ресей империясының қанаушы саясатына қарсы болғаны үшін сотталып, Сібірге айдауға жіберілген. Ол айдауда 25 жылдай болған. Осы кезде оған қазақ даласында болуға сәті түсіп, онда тұратын халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, олардың салт-дәстүрін күнделігіне түсірген. Содан бері оның бұл еңбегі 1966 жылы Ф.И. Стеклованың орысшаға, 1979 жылы М. Сәрсекеевтің орысшадан қазақшаға аудармалары жарық көрді.
Ал, Янушкевичтің туғанына 200 жыл толуына байланысты 2003 жылы Г. Зулхаровтың «Қазақ даласына саяхаттан күнделік» («Записи о поездке в казахские степи») атты еңбегі шықты. А. Янушкевич өз еңбегінде сол кездегі көшпелі елдің өмір сүрген жер аттарын, халықтың салт-тұрмысын атап суреттеген. Мәселен, сол кезде Наурыз күнін көктемнің келуіне орай өткізетіні жайлы жазылған. Бұл күнді Кеңес кезінде дінді насихатайтын күн деп, өткізуге тиым салынғаны бізге мәлім. Бірақ тәуелсіздіктің орнауына қарай бұл күн халықтың мейрамы болып қайта жаңғырды.
Сондай-ақ, ақын қазақша ат қоюға да назар аударады. Мәселен, «Жанақ» - аты «жан» - «ақ» деп келешекте таза жүректі, ақжарқын болсын деп қойған. Сондай-ақ, жер атын Қаракөл мен Үржар өзендерін автор Игең-су өзені деген, дұрысында бұл Егінсу өзені. Ақынның сұлтан Барақпен, Мауке сотпен, Орынбай, Жанақ ақындармен, соқыр ақын Жазық, күйші Тәттімбетпен кездесуі күнделіктің маңызын көтереді.
Янушкевичтің кітабінің аудармаларын екі топқа бөлуге болады. Біріншісі, поляк тілінен орыс тіліне аударылымы болса, екіншісі орысшадан қазақшаға аудармасы. Кітапта көрсетілген жер аттары, басқа да материалдардың негізгі түпнұсқасындағыдай ма, әлде жоқ па? деген күдік туындайды. Профессор А. Жұмабекованың талдауына сүйенсек, алшақтық кездеседі. Стеклованың аудармасында автордың поляк тілін білетіндігімен ұтып алуы да негізгі түп нұсқаға жақынырақ келеді. Өйткенменде, «аудармашы қазақ тілін жетік білмегендіктен қателіктер кездеседі», - дейді Н. Күзенбаев. Мәселен, «барымта» сөзі Стеклованың аударуында «малды зорлап әкеткендей» болған. Дұрысында «малды ұрлап» алған болу керек дейді автор.
Сонда-ақ, орысшадан қазақшаға аударымдарда кемшіліктер кездеседі. Оның басты себебі аударушылардың поляк тілін түсінбеулері. Мәселен, ат бәйгесінің әр түрі болатыны белгілі. Жарыстың ұзақтығы әр түрлі болары анық. Қазақша аудармасында 10 шақырым деп көрсетілген. Дұрысында ол аламан бәйге ретінде 15 шақырымды көрсетеді.
Сонымен қатар, кітаптың түн нұсқасында африкалық ыстықты үнді табиғатына ауыстырған: «мұндай сайысқа, меніңше, үнді аттары ғана шыдай алуы мүмкін дейтін» деп күннің ыстығын атқа қарай аударған. Осындай аудармалар оқырманды шатастыруға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, Янушкевич Орынбай мен Жанақтың айтысын шындық түрінде жазған. Қазақшаға аударымда бұл жері жазылмай қалған. Екі ақынның айтысы орысша аудармада шындыққа жақын жазылған. Осындай кемшіліктер көп жерде кездеседі. Келесі басылымдарда мұндай кемшіліктер түзетіліп дұрысталса деген сенім артады профессор А. Жұмабекова.
Шынында аударма болсын, газетте жазылған материалдар болсын таза қазақ тілінде сөйлеуге толық жете қойғамыз жоқ. Алайда, біздің айтуымызда да, жазуымызда да орыс тілінің ыңғайы оңай байқалады. Мысалы, орысша «он пришел в себя», қазақша «ол өз-өзіне келді» болды. Ана тілінен хабары бар қазақ «ол есін жиды» десе керек. «Үстел басындағы әңгіме» «дөңгелек үстелдегі әңгіме» делініп жүр.
Қасиетті тілдің қадірін арттырып, ажарын ашып, айшығын келтіретін ономастикалық атаулар қазақ қазақ болғалы қазақпен бірге жасасып келеді. Рухани байлық, этникалық мәдениет, яғни есімдер мен атаулар қанша ғасырлар алмасып, дәуір өзгеріп жатса да халық тарихымен, дәстүрімен, дін, тіл ұғымдарымен ұштасып, тамырын тереңге жайып, алтын арқауын үзген емес. Қазақ тілі мемлекеттік тіл бола тұра, әлі де өмірге келген нәрестелердің атын бұрмалап жазу тыйылар емес.
Мысалы, Төлегенді – Тулеген, Әйгерімді – Айгерім, Әселді – Асель тағы басқа жазу орын алып отырғанын жиі кездестіреміз. Бодандықтан құтылып, бостандыққа жеткенде балаға ат қою да талғампаздықтан, ұлттық үлгіден гөрі дүрмекке, көрсеқызығарлыққа, ұл мен қыздың ертеңін емес, бүгіннің қызыл жасыл қызығына бой алдыру тыйылар емес.
Қорыта келгенде, «қайда, қандай бір өлкеге барсаң да жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия, сыр жатады» деп заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай. Сыр мен сипат біз сөз еткен ономастикада да өз шешімін тауып, ішкі иірімдері жарқырап көрініп, ерсілі-қарсылы пікір-таластарға түйін қойып, ат пен зат үйлесім тауып, ұлттық атаулар асқақ естілетін кез де келер деген үміттеміз.
Асылбек ҚОЖАХМЕТҰЛЫ, ҚР мәдениет қайраткері, журналист