1997 жылғы 28 маусымда «Баспа және өзге де бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң қабылданып, тарихта дәл осы айтулы күн баспа, радио және телевизия күні ретінде қалды. 2011 жылы 20 қазаннан бастап Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні деп өзгертілді. Бұл аталмыш саланың қоғам өміріндегі маңыздылығын айқындап тұрғандай.
Оқырманның қолына тиген газеттің қандай күшпен, еңбекпен басылып шығатының біреу білсе, біреу білмес. «ТВК-6» телекомпаниясының ғимаратындағы типографияда «Ертіс өңірі», «Спектр» газеттері әр сәрсенбі сайын оқырманымен жүздеседі. Дегенмен, қайнаған еңбектің қандай болатынын жеткізу мақсатымен типография қызметкерлерімен тілдесуге мүмкіндік туған еді. Айтулы саланың жілігін шағып, майын ішкен өз кәсібінің бірегейлері мамандықтарының қызығы мен шыжығы туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті.
42 жылдық еңбек өтілі бар Виктория Евгеньевна Алматы полиграфиялық училищесінде инженер -технолог мамандығы бойынша, сонымен қатар 1978-1985 жылдар аралығында Мәскеу полиграфиялық институтында білім алған. Өз мамандығына ерекше сүйіспеншілікпен қарайтындығын сөз ыңғайынан аңғардық. Бала күнінен газетке деген ерекше махаббатын байқаған әкесі де болашақта қызының баспа ісінде жұмыс істейтіндігін болжаған екен.
-Мен баспа саласында жұмыс істеп жүргеніме міне, 42 жыл болды. Осы уақыт аралығында басымыздан түрлі қызықтар өтті. Еңбек жолымды алғаш бастаған кездері кеңестік газеттер аптасына бес рет шығатын. Онда ең алдымен пішінге келтіру, теру және иллюстрация сынды жұмыстар іске асырылатын. Сонымен қатар баспа пішінін дайындайтынбыз. Мәтіндік пішін қолмен не теру машиналарымен терілетін. Баспаханалық шрифтіден алынады. Қазір автоматты теру әдісі кең тараған. Бірақ соған қарамастан ұжымымыздың татулығы мен ынтымағы арқасында бірлесе нәтижелі жұмыс істей алдық. Әрине, қиын сәттер болғанын да жасырмаймын. Баспагерлердің негізгі міндеті дайын болған басу қалыбының полиграфиялық басу жабдығында бекітілуін, қалыптың оң жақ бетінде орналасқан мәтін-бейне материалдардың, келесі кері беттері орналасқан басу қалыбындағы мәтін-бейнелерге сәйкестілігінің дәл келуін және түрлі-түсті өнімдердегі түстердің нақты түсуін қадағалап, қамтамасыз ету. Соған қарамастан осы мамандықты таңдағаныма еш өкінген емеспін.
Ең алғаш рет жаңадан баспа станоктарын алып келгенде, үйренісіп кету оңай болмады. Көбінесе, түнгі уақытта газет басылып шығатындықтан біз қырағылық танытып, жұмысымызға бірнеше есе жауапкершілікпен қарауымыз керек. Осыдан біраз жыл бұрын түңгі ауысыммен газет басылып жатқанда кенеттен жарық өшкен кездер де болды. Шынымызды айтсақ, сол кезде қатты үрейленгенбіз. Өйткені газеттің уақытылы оқырманның қолына тиюі біздің міндетіміз екенін 100 пайызға түсінетінбіз.
Бастапқы кездері біз Ресей мемлекетінен әкелінген баспа станоктарымен жұмыс жасағанбыз. Кейінен Үндістан елімен келісімге отырып, арнайы баспа станоктарын сатып алдық. Оған біздің медиахолдинг басшысы Омарбек Қазанғапұлы бар күш-жігерін салды. Сол кезден бастап, яғни 2007 жылдан бері газетіміз түрлі-түсті бояумен шыға бастады. Арнайы Үндістаннан келген мамандар біздің қызметкерлерімізге 2 ай көлемінде оқытып, қол ұшын берді. Қазіргі таңда біз сапалы газет шығарып отырмыз,-деп ағынан жарылды «Вика апай» атанып кеткен В. Евгеньевна.
Ал, баспа саласында 20 жылдан аса уақыт қызмет етіп жүрген баспагерлердің қатарында Қанат Жакин жолы мен жөні ерекше. 1999 жылдан бері тынбай еңбек етіп келе жатқан ағамыз өзінің жұмысының қиындығына қарамастан ерекше мақтанышпен қарайтындығы байқалды. Іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, қай жұмыстың болсын көзін таба білетін, бастаған ісін аяғына жеткізбей тынбайтын табандылығымен Қанат ағамыз көпке өнеге. Ол баспахана жұмысын жетілдіріп, жаңа техникаларды меңгерген білікті маман. Жұмысына берілгені соншалықты, уақытпен санаспайды, көпшілік ортада өзінің даралығын көрсететіп алдыңғы қатарлы маман иесі бола білді. Міне, осындай тынымсыз тірлігінің жемісі арқасында жас буын шәкірттері Қанат ағамызды сыйлайды, еңбегіне құрметпен қарайды.
Баспа саласында жұмыс істеп жүргеніме 20 жылдан аса уақыт болды. Осы жылдар аралығында шыңдалып, 4-ші разрядты маман атандым. 2005-2006 жылдар аралығында «Атамұра» полиграфиялық комбинатында қызмет еттім. Ең алғаш рет баспа саласына тәй-тәйлап қадам басқан кезде ұстазым С.Полозовтың қол астында жұмыс істедім. Осындай өз ісінің мамандарымен бірге қызметтес болғаныма шың жүректен қуанамын,-дейді баспа саласының бесаспап маманы Қанат Жакин.
Қанат маманның айтуынша, баспа саласында жалқаулық жараспайды, бастаған нәрсеңді соңына дейін жеткізуің керек. Оған қоса екінші бір қасиет – төзімді болуың қажет. «Өз басым баспа ісін өміршең мамандықтардың қатарына жатқызамын. Өйткені оқу, жазу, сызу бар жерде баспа саласы да бола бермек. Ал баспагер мамандығы ұқыптылықты, тиянақтылықты қажет етеді. Ал, бәріміз асыға күтетін 28 маусым баршамызға ортақ мейрам деп білем. Өйткені, оқырман мен газет арқасында біз бір-бірімізбен үнемі тығыз байланыстамыз. Сондықтан осы айтулы салада талмай еңбек етіп жүрген барша қаймана қазақты мерекелерімен құттықтай отырып, еңбегінің жемісін көріп, әрдайым табыстан-табысқа жетулерін тілеймін.»,-дейді ол.
«Ертіс өңірі», «Спектр» газеттерін ғана емес, сонымен қатар бүкіл аудан, аймақ газеттерін басып шығаратын типография қызметкерлері туралы бір үзік жайттың мәні осы. Сонымен қатар Сергей Полозов, Думан Жұмажанов, Болатбек Айтжанов, Ирина Калашникова, Нұрлан Сүйкімбаевтар да өз ісінде талай сыннан өткен кәсіби істің шеберлері.
Оқырман ойынан шығатын істің көрігін қызыдырып жүрген әріптестеріміздің еңбегін журналистер күні бір жарықратып қойсақ еш айыбы бола қоймас.
А. Тұмарова