USD483.23EUR534.74RUB5.12

Көзден кетсе де, көңілден кетпейді

11 маусым 2020, 10:18
Қайрат аға Тұрлыханов бақилық болды дегенді естігенде не сенерімді, не сенбесімді білмедім. Себебі, Ұлы Жеңіс мерекесі күні ғана аға-іні болып, бір-бірімізді құттықтасқан едік. Енді араға үш-ақ күн салып, суық хабар келіп тұр. Иә, қазақтың тағы бір қайсар да қағілез мінезді азаматы бақи дүниенің есігін ашты. Өкінішті, әрине.
Көзден кетсе де, көңілден кетпейді

Өмір жолымда Қайрат ағамен тонның ішкі бауындай етене жақын араластым деп айта алмаймын. Алайда, бауырлары Дулат пен Талғат екеуімен аға-іні болып сыйластым да, қызметтес те болдым. Ал енді қазақтың біртуар азаматы Дәулет Болатұлына деген құрметім ерекше, әрине. Әлі есімде, 1999 жылдың қараша айында Семей өңіріндегі «Ауыл» кеден бекетіне басшылық қызметіне бардым да, менің орынбасарым болып Дулат Тұрлыханов тағайындалды. Сол кезде Қайрат аға да Семейде жауапты қызметте болатын. Дулат екеумізге ағалық ақылын айтып, батасын берді. Шынын айтқанда, Қайрат ағаның Семейде жүруінің өзі біздерге үлкен қорған болатын. Содан көп ұзамай-ақ Қайрат аға Семей қаласының әкімі болып тағайындалды. Әкім болған шағында кезінде өзі де кеденші болғандықтан ба, Кеден саласына әрдайым оң көзбен қарап жүрді. Қала әкімшілігі тарапынан болатын шаралардың бірінен де қалдырмай шақыратын. Бірде, яғни 2001 жылдың               12 желтоқсанында кеден органдарының құрылуына 10 жыл толуына байланысты «Семей» кеден бекетінде Кеденшілер күніне арнап салтанатты шара ұйымдастырдық. Сол шараға қала әкімі ретінде Қайрат Болатұлы арнай келіп, біздерді құттықтау сөзін айтып тұрды да: «Сіздердің араларыңызда кеден заңы бойынша оқулық жазған Бекен Нұрахметов сияқты мақтауға лайықты мықты кеденшілер бар» деп менің мерейімді бір өсіріп тастады. Жұрт ду қол шапалақтап жіберді. Бұл әрине, күтпеген жағдай еді. Неге екенін білмедім, көрген жерде ылғи да өзіне жақын тартып, ағалық көңілін білдіріп жүрді. Соған кәдімгідей марқайып қалатынмын. Сонымен қатар, бас қосып қалған отырыстарда төрдегі өзі отырған дастарханға мені қосып алатын. Соны байқаған кейбір замандастарым оған қызғанышпен де қарайтын.

2002 жылы Шығыстағы «Бақты» кеденіне басшылық қызметке тағайындалдым. Бұл жерде кезінде Қайрат Болатұлы да басшы болып қызмет істеген болатын. Сол ұжымда Үсен атты жігіт жүргізуші болып қызмет істеді. Жасы отыздан асып кетсе де, үйленбеген. Тұрмыс жағдай да қиындау еді. Жастайынан әке-шешесінен ерте айырылған. Сол Үсенді Қайрат аға кеденде бастық болған кезінде қамқорлыққа алып, талай мәрте: «Үсен, мен отырған кезде үйленіп ал. Тойыңды да, құдалығыңды да өзім атқарып берем» деп қолқа салған көрінеді. Алайда, сәтін салмады ма, кім біледі, Үсенді ақыры үйлендіре алмапты. Сүрбойдақ болып жүрген Үсеніміз бір күні менің қабылдауыма келіп, өзінің үйленбекші ойы бар екенін айтпасы бар ма. Сол сәтте өз баламды үйлендірмекші болғандай қуандым. Тойдың барлық жөн-жоралғысын өзіміз көтеріп алдық. Құда түсуге бас құда болып өзім бардым. Содан тойдың кезегі жақындағанда Семей қаласының әкімі болып отырған Қайрат Болатұлына телефон шалып, Үсенді үйлендіріп жатқанымыз жөнінде сүйінші сұрадым. Сол кездегі Қайрат ағаның қуанғанын айтсаңшы. Бірден: «Азаматтық жасап жатыр екенсің, Бекен бауырым. Бізден қандай көмек керек?» деді. «Ешқандай көмек керек емес, аға. Тек тойға құтты қонағымыз болып келсеңіз» болды дедім. Өкінішке орай, Қайрат аға тойға келе алмады. Алайда, тойға өз атынан құттықтау папка мен сүбелі бір сыйлығын беріп жіберіпті. Аға аманаттаған құттықтау папка мен сыйлықты той үстінде екі жасқа салтанатты түрде табыс еттім. Сол кездегі Бақты ауылы халқының ризашылығы мен Үсен бауырымыздың қуанған сәті әлі көз алдымда. Иә, «Ұлық болсаң – кішік бол» деп осындайдан айтылса керек.

Мына бір жағдай әлі есімнен кетпейді. Ол кезде «Семей» кеден бекеті басшысының міндетін атқарып жүрген болатынмын. Сол жылдары менің артымнан құқық қорғау органы қызметкерлері шам алып түсті. Оны өзім жақсы біліп жүрдім. Телефоным да тыңдаулы, жүрген жерімнің барлығы аңдуда. Барынша сақ болуға тырыстым. Мүлт кетсем болды, тарпа бас салайын деп тұр. Сондай күндердің бірінде ешбір жол ережесін бұзбай-ақ, мені МАИ қызметкерлері тоқтатты. Және де тоқтатқан жігіттердің бір-екеуін танимын да. «Тыныштық па, жігіттер?» дедім аман-саулық сұрасып. Әлгі танысым үндемейді. Жүрегім бірдеңе сезді. Олар көліктің ішін тексереміз деді. Мен не үшін екенін айттым. Тағы да дұрыстап жауап бермейді. Құжаттарым дұрыс болса да, қай жерден ілік табарларын білмей тұр. Сол кезде мына заңсыздыққа жол беріп тұрған МАИ қызметкерлерінің әрекетіне ыза болып, басшыларына телефон шалсам, көтермеді. Тура сол кезде Қайрат Болатұлы есіме түсіп кеткені бар емес пе. Дереу телефон шалып, жағдайды айттым. «Қазір Бекен, саспа, өзім хабарласам» деді дағы, телефонды қоя салды. Арада бес минут уақыт өткен жоқ, әлгі МАИ қызметкерлерінің біреуінің ұялы телефоны шыр ете түсті. Телефонмен сөйлескен бетте өңі бозарып кетті. Сірә, бастықтары болса керек. Дереу менің жаныма жетіп келіп: «Кешіріңіз аға, жүре беріңіз» деді дағы, барлығы бытыраған бөденедей тайып тұрды. Сол кезде Қайрат аға қайыра телефон шалды да: «Бәрі дұрыс па, бауырым?» деді. «Рахмет, ағаІ Сіз не жасап жібердіңіз? Барлығы бөденедей бытырап қашты ғой» дедім ризашылығымды білдіріп. Сол сәтте:«Бекен бауырым! Қандай проблема болса да хабарласып тұр, ұялма» деп көңілімді бір марқайтып тастады. Сол күннен бастап мені Семейде ешбір МАИ қызметкері тоқтатпайтын болды.

Қайрат Болатұлымен бірде Алакөлде кездесіп қалдым. Ұмытпасам, ол кезде Нұрсұлтан қаласында Қауіпсіздік кеңесінде қызмет істеп жүрген кезі болатын. Амандық-саулықтан кейін: «Бекен бауырым! Сен маған бір аптадан кейін хабарласшы» деді. Арада бір апта өткен кезде хабарластым. Сол кезде күтпеген жерден: «Бекен, біз жаққа қызметке келуге ниетің жоқ па?» демесі бар ма. Бұл ұсыныс мен үшін күтпеген жағдай еді. Асыл ағаның маған деген сенімі екені түсінікті. Оған да бір марқайып қалдым. Аға шақырған қызметке бара алмасам да, әлі күнге дейін ағалық сенімі мен қамқорлығын ұмыта алмаймын, әрине.

Міне, талай ағалық қамқорлығын көрсеткен Қайрат ағам келместің кемесіне мінді. Артында ақиқат пен аңызға толы талай іздер қалдырды. Ол іздер өшпек емес. Көзімізден кетсе де, көңілімізден кетпейтіні ақиқат. Сондықтан да Қайрат Болатұлының еліне және қазақ спортына сіңірген еңбегі жөнінде айтылар әңгіме әлі алда деп ойлаймын.

Бекен  Нұрахметов, жазушы, журналист

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

4 сағатқа жетпей
27 қыркүйек 2024, 10:07
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar