Иә, өнегелі өмірін ұлт мұратына бағыштаған тағылымды тұлғаның мерейлі белесі сән-салтанатпен аталып өтер еді... Сайдың серке тасындай сарбаздар тізіле сап құрып, әскери оркестр сырнай сазын қалықтатып, ел ағалары ізгі шуақ құттықтауларын жолдаған бұл той – күллі қазақ құқық қорғау саласының томағалы тойы болар еді-ау. Тағдыр ісіне шара жоқ десек те, адам баласының арманы таусылған ба?! Көңіл көгіне қатталған бұл эпизод біздің ғана емес, осы саланың шетінде жүрген талай азаматтың ойын мазалап, көз алдына елестегені анық. Себебі ұлтқа қызмет етудің үздік үлгісін көрсеткен Рүстем Есімханұлының жүріп өткен жолы, әскери өмірдің айнасына айналғысы келген әрбір жанға айнымас үлгі.
Өмір өткелдеріне зер салсақ, еңбек жолын қарапайым тергеушіден бастаған әділет генерал-майоры Ішкі істер министрінің бірінші орынбасарына дейінгі лауазымды қызметтерді саты-сатысымен алғаусыз атқарғанын көреміз. Заманында еңбектің шарығында шыңдалған шымыр жігіт жүк тиеуші, орман шаруашылығын электрмен аралаушы, тіпті тракторшы да болған. Арманға қанат қаққан қағілез жан ақыры өз саласын жаңылмай тауыпты. Оның есімі ел аузынан түспейтін себебі мамандығынан адамдығын биік қойғандығында болар. Қай биікке шықса да қарапайым қалыбынан жаңылмапты. Қазақстандық полицияның қалыптасуы мен дамуына, қылмыспен күреске және қоғамдық тәртіпті сақтауға қомақты үлес қосты. Еліміздің әр түпкірінде басшылық лауазымда лайықты қызмет атқарып жүрген құқық қорғау жүйесінің қаншама буынын тәрбиелеп шығарды. Құрметті еңбек демалысында жүрсе де қоғамдық өмірге белсене араласып, тәртіп сақшыларының жаңа буынын патриоттық рухта тәрбиелеу, ұрпақтар сабақтастығын жалғау, ісіне қажыр-қайратын арнады. Құқықтық құрылым өкілдеріне қаталдық қана тән деген қасаң қағиданы балталап, ізгілік пен мейірім шуағы болмаса, ұстанған мұрат кемеліне жетпейтінін шәкірттерінің бойына сіңіріп өтті. Ұлттық тамырдан ажырамай, Отанға адал қызмет етуді өмірлік мақсұтына балады. Темірдей тәртіп таным мен түйсіктен бастау алатынын, нәзіктігі жоқ жүректен батылдық шықпайтынын шегелеп айтты.
Генерал-майор кезекті бір конференцияда сөйлеген сөзінде: «Қазақ асқақ рухты халық. Оның жауынгерлік тарихы тым тереңде жатыр. Мұны ұрпақ білуге тиіс. Ата-бабаларымыздың рухынан келе жатқан, отансүйгіштік қасиет бүгінгі ұрпақтың тамырында да бар. Соны қалғытып алмау керек. Ұлы Отан соғысында Кеңес Одағының батырларының саны бойынша қазақтар алдыңғы қатарда болды. Яғни біз. Бұл деген – қазақ жауынгер әрі батыр халық деген белгі. Ұлтымызға берген биік рухтың күші қазірде біздің бойымыздан табылып, бабалар аманатын жалғастыруымыз керек. Мәселен, отбасы деген – кішкентай мемлекет. Біз сол мемлекеттен патриоттарды тәрбиелеп шығарсақ игі. Қай елдің жастарының санасы сергек, рухы биік болса, сол елдің болашағы жарқын», депті. Отанды сүюдің көркем өнегесін көрсеткен жан осындай жалынды ойларымен жастардың жігерін жанып, жанына жалау бола білді.
Расында да, қай мемлекеттің болсын айбарын аспандатып, халықтың тыныштығын қорғауда елдің ішкі қауіпсіздігі маңызды рөл атқарады. Азаматтардың құқықтары жоғарғы деңгейде қорғалып, кез келген ірілі-ұсақты құқық бұзушылыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізіліп, темірдей тәртіп сақталған жерде ғана мемлекет экономикасының абыройы артып, дамудың жаңа кезеңіне сенімді қадам баспақ. Рүстем Қайдаров мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігі мен тыныштығы – тұрақты дамудың кепілі екенін, сол себепті де сала қызметкерлерін жан-жақты қолдаудың маңызы зор екенін биік мінбелерден көтергенін әріптестері мақтанышпен айтады.
Генерал болу әр солдаттың арманы болғанымен, мыңның бірінің ғана маңдайына бұйыратын бақ. Рүстем Қайдаров негізін қалап, он тоғыз жыл бойы басқарған «Генералдар кеңесі» бірлестігі қауіпсіздік саласындағы барлық құрылымдарға бағыт сілтейтін, ақыл-кеңесін беретін жолбасшы ұйым болды десек қателеспейміз. Аталған қоғамдық бірлестік ТМД елдері бойынша тұңғыш рет біздің елімізде құрылып, татулық тамырының тереңге тамыр жаюына сеп болды. Түбі бір бауырлас халықтарды да ынтымақ пен бірлікке ұйыстырды. Ақеділ ағаның әріптестері тілге тиек еткендей, Мәскеу төріндегі Екінші дүниежүзілік соғысқа арналған мемориалдық музейде екі дүркін Кеңес Одағының Батыры атағын алған Талғат Бигелдинов пен еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі болған Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетов мүсіндерінің тұғырға қонуына ұйытқы болды. Сұрапыл соғыста қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шараларын ұйымдастырып, хабарсыз кеткен боздақтарды іздестіруге күш-жігерін жұмсады. Бұл еңбектері үшін Ресей Федерациясы Сенатының төрағасы В.Матвиенконың, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатын алды. Сол секілді «Парасат», «Құрмет», «Достық жұлдызы», «Отанға қызметі үшін», «Еңбегі үшін» орден-медальдерімен және Қазақстан, Ресей, Украина елдерінің отыздан астам медалімен марапатталды.
Аға туралы мақала әзірлеп жатқанымызды айтып, елу төрт жыл өмірлік серігі болған ұлағатты ұстаз Әймен Жексембайқызына хабарластық. «Рүстем Есімханұлы жар ретінде, әке ретінде қандай адам еді?» деген сұрағымызға апамыз көңілі босап отырып жауап берді.
– Тұрлауы жоқ тіршілік кімге мәңгі тұрақ болған дейсің. Дегенмен, бәрі дәл бұлай болады деген ой түсімізге де кірген емес. «Сексен жасымды дүркіретіп атап өтсек, көңілі жақын азаматтардың басын қосып, өткен күнге есті есеп берсек» деп айтып отырушы еді. Денсаулығы жақсы еді. 70 жасында «Өмір өткелдері» деп аталатын жинағы жарық көрді. Сол кітапта туған жеріне, мамандығына деген шексіз махаббаты әсерлі баяндалады. Отбасына ерекше көңіл бөлетін. Балалары десе жанын беруге даяр еді. Мені қамқор ниетпен алақанға салып аялап өтті десем артық айтқандығым емес. Қиналған адамды көрсе көмектесуге бейіл тұратын. Әр таңда өмірден өткен ата-баба жақындарының, абзал азаматтардың атын қалдырмай атап құран бағыштайтын. Әр іске таза көңілмен кірісетін. Ағаң халықтың перзенті еді ғой. Ол кісіні халқы ұмытпайды, – деп тебіренді Әймен Жексенбайқызы.
Әймен апай тілге тиек еткендей, халық өзінің аяулы перзентін жүрегінде мәңгі әлдилейтініне шүбә жоқ. Күні кеше Семей қалалық полиция басқармасы музейінен Рүстем Қайдаровқа арналған бұрыш ашылды. Онда ғибратты ғұмыр иесінің өмір іздерінен сыр шертетін естеліктер топтастырылған. Өмірден көшсе де, көңілден өшпейтін шұғылалы сәуле қалдырып, Алатау атаның құшағында мәңгілікке дамыл тапқан бекзат болмыс қазақ полициясының мыңдаған буынына бағдаршам болары анық. Сөз соңында ағамызбен қатар жүрген ел ағаларының ізгішуақ көңілден шыққан шағын естеліктерін ұсынуды жөн көрдік.
А.ОКТЯБРЬ