USD443.85EUR474.3RUB4.8

31 мамыр – қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

28 мамыр 2020, 09:45
Ағайынды Сәрсеновтер
31 мамыр – қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Белгілі әдебиетші, сыншы Құлбек Ергөбектің «Әуезов ғашық болған Ғайыпжамал» атты мақаласы («Егемен Қазақстан», №82, 2017 жыл, 28 сәуір) шыққаннан кейін көп уақыт өтпей Семейден бір кісі хабарласып, «өзін Әміртай Жанахметов» деп таныстырды. «Бұл адамның Мұхтар Әуезов пен ұлы жазушы ынтық болған Ғайыпжамалға нендей қатысы бар?» деп ойларыңыз он саққа бөлініп отырған боларсыздар. Тікелей қатысы бар екен. Нақтырақ айтсақ, Ғайыпжамал Құтымоваға. Бұл кісі әйгілі қаламгерді өзіне тәнті еткен қазақ қызының өмірлік серігі болған Дәлел Сәрсеновтің туған ағасы Жанахметтің немересі болып шықты. Жұрты үшін істеген жақсылығы көп болса да, бүгінде есімі ел жадынан өше бастаған алаштың ардақты ұлдарының бірі Дәлел Сәрсенов пен оның жан жары Ғайыпжамал туралы сәл кейінірек тоқталамыз. Әуелі біз көп біле бермейтін Жанахмет Сәрсенов пен Сәрсеновтер әулеті жайында аз-кем сөз етуді жөн көріп отырмыз. Сәрсеновтер әулеті деп астын сызып, айрықша атауымыздың да өзіндік мәні бар. Өйткені, жоғарыда есімдері аталған ағайынды Жанахмет пен Дәлел биыл 100 жылдығы аталып өтіп жатқан Алаш Орда өкіметінің көрнекті қайраткері болған, Көкпекті ауданы аумағындағы Шегедек өзені атырабында дүниеге келген Биахмет Сәрсеновтің туған інілері. Небары 36 жасында өмірден өткен алаш ардақтысы әуелде Семейде облыстық қазақ комитетінде, Алаш қалалық думасында еңбек еткені, облыстық Земствоның депутаттығына сайланғаны, кейін Орынборға шақырылып, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов 1919-1921 жылдары халық ағарту комиссары қызметін атқарған кезде бір жылдан астам уақыт оның орынбасары, яғни оң қолы болып, аталған комиссариаттың әлеуметтік тәрбие секторы мен қазақ мектептері бөлімін басқарғаны белгілі. «Төңкеріс заманға душар боп, әлеумет ісіне оқығаны аздықтан қазақтың ана жұмысы да, мына жұмысы да Бияшты керек қылды, сүйреді. Оның араласпаған қызметі болмады. Қандай жұмысқа кіріссе де, тереңнен біліп, тез бітіретін Бияш болатын. Оқу комиссариатында қандай іс болсын бір өзі басқарып бара жатыр еді. Хәкімшілік жұмыста арқасы босағандай болып, Ахаң Бияшқа сеніп отырушы еді» деп жазған еді Жүсіпбек Аймауытов «Бияш» атты мақаласында (бұл мақаланы тауып, кирилл қарпіне түсірген – Нұржан Қуантайұлы) замандасының кенеттен келген қазасына қатты қайғырып. Жүсіпбек Аймауытов зор баға берген тұлға туралы жұрттың көбі білмесе де, тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері біршама хабардар болғандықтан Б.Сәрсеновтің өмірі мен қызметіне егжей-тегжейлі тоқталмаймыз. Ал осы Биахметтің туған інілері Жанахмет, Дәлел, Халел жайында не білеміз? Шынын айтсақ, білетінімізден білмейтініміз көп. Алаш ардақтысының ұрпағы Әміртай Жанахметовпен Семейде арнайы кездесіп, пікірлесіп, уақыт табы сарғайтқан құжаттарға көз салғанымызда маңдайға басар марғасқаларымызды мансұқтаған кер заманның ызғары бойымызды қарып өткендей болды. Бір қуанып, бір мұңайдық. Қуанғанымыз – бір әулеттен шыққан төрт азаматтың ұлт мүддесі жолында қалтқысыз қызмет еткені. Мұңайғанымыз – олар көрген, олардың ұрпағы, үрім-бұтағы тартқан азап, шеккен қорлық-зорлық, қуғын-сүргін. Рет-ретімен баяндайық.

 

Ахметжан Қозыбағаровпен бірге қызмет еткен

Әуелі Жанахмет Сәрсенов жөнінде. Немересі Әміртай Әлімханұлының айтқан әңгімесі мен бізге көрсеткен құжаттарынан аңғарғанымыз Ж.Сәрсенов саналы ғұмырын ұстаздыққа, ұрпақ тәрбиелеуге арнаған секілді. 1927 жылы 29 қарашада өз қолымен толтырған жеке іс қағазында 1886 жылы Зайсан уезінің Нарын болысында (қазіргі Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылының маңы) дүниеге келгенін, Нарын ауылдық мектебінде 3 жыл, Семейдегі 4 жылдық қалалық училищеде 4 жыл және осындағы мұғалімдер семинариясында (қазіргі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж) білім алғанын, педагогикалық жоғары оқу орнына түскенін, 1912-1913 жылдары Өскеменде, 1913-1917 жылдары Зайсанның Қарабұлақ ауылында мұғалімдік қызмет атқарғандығын жазыпты. Ерекше атап өткіміз келетіні, Ж.Сәрсеновтің 20 өзге ұлт өкілінің арасынан шолпан жұлдыздай жарқырап жалғыз қазақ болып семинарияны бітіргені. Бұдан әрі өзінің 1924-1926 жылдары Семей уездік атқару комитетінің халыққа білім беру бөлімінде инспектор, 1926 жылдан осы қаладағы тұтынушылар одағында мәдени нұсқаушы болып еңбек еткенін көрсетіп, 1917 мен 1924 жылдар аралығындағы атқарған қызметтерін айналып өтіп, «сіздің революциялық және қоғамдық жұмысқа қатысуыңыз?» деген сұраққа: «17-ге дейін мұғалім, 17 жылдан кейін әртүрлі мекемеде қызмет істедім» деп қысқа ғана қайырыпты. 1917 мен 1924 жылдардағы қызметін айтқысы келмегені түсінікті секілді. «Алашордашы» деп айып тағып, қуғын-сүргінге сала ма деп қауіптенген болуы керек. Қауіптенетін жөні де бар. Өйткені, Ж.Сәрсенов Алаш Орда үкіметі шындап жұмысқа кіріскен 1918-1919 жылдары алаш қайраткері Ахметжан Қозыбағаров жетекшілік еткен Семейде құрылған уездік земство басқармасының халыққа білім беру бөлімі меңгерушісінің көмекшісі қызметін атқарғаны белгілі. «Список служащих Семипалатинской Уездной Земской управы» деген құжатта оның қандай қызмет атқарғаны, тіпті қанша рубль жалақы, қанша пайыз үстемақы алғанына дейін тайға таңба басқандай көрсетіліпті. Негізінен Семей шаһарында ұстаздық еткен Жанахмет Сәрсенов аса мәдениетті, мұсылманшылыққа берік жан болғанға ұқсайды. «Ол кісі үйіне арақ, темекі әкелдірмейді екен. Үйіне қонақ болғандарға басқа жағынан қалтқысыз мейман-достық көрсетеді екен де, темекі тартып, арақ ішетіндері болса, қонақасы ретінде кетерлерінде арақ пен темекінің ақшасын береді екен», - деп жазады Тарбағатай өңiрінiң қарт шежiрешiсі, әдебиетшi Қарпық Егiзбай өзінің «Тағылым» атты кiтабында. 

«Тар заманда таудай қайрат көрсеткен» (М.Дулатов) Әлихан Бөкейхан бастаған алаш қайраткерлерімен тізе қосып, ұлт мүддесі үшін жан аямай қызмет қылған тұлға 1928-1931 жылдары (1931 жылдан кейін де жұмыс істеуі мүмкін) Семей кооперативтік техникумында орыстілді студенттерге қазақ тілінен сабақ беріпті. Қазақ тілінен бөлек арасында арифметикадан да дәріс оқыған секілді. Педагогтің 1928-1929 және 1930-1931 оқу жылдарында өз қолымен жазған есебін (есептің орыс тілінде жазылғанын ескертеміз) оқығанымызда ана тілімізге деген алғаусыз құрметін, өзге ұлт өкілдеріне тілімізді үйретуге деген өзгеше ынта-ықыласын аңғарғандай болдық. «Біз Шонановтың қазақ тілі оқулығы бойынша әр сабақта 10 сөзден үйреніп, 23 сабақ өткіздік. Яғни біздің сөздік қорымыз 230 сөзді құрайды. Қазақ тілі сабағы басқа пәндерден әлдеқайда кешігіп басталды. Бағдарламамызда да олқы тұстар көп. Әйтпесе сабақ санын 25-30-ға дейін жеткізуге болар еді. Мұның өзі сабақты оқу жылының басында бастағанда мүмкін болар еді. Сабақ беру барысында оқушылардың білім деңгейінің әртүрлілігі мен олардың дайындығы біршама қиындық тудырды. Топта қазақ тілінде сөйлей алатын 2 адам болды, 5-6 адам түсінетін, сөйлей алмайтындар да болды. Мұның бәрі жұмысқа әсер етті. Сабақты өткізу барысында мынадай әдістерді қолдандым: оқу, хат жазу, сөздерді жаттау және әңгімелесу. Үй тапсырмасына сөздерді жаттауға бердім. Бірақ үй тапсырмасы жөнді орындалмады, бос уақыт жоқ деп түсіндіреді. Әуелде араб қарпімен жаздық, сабақ аяқталуға бір ай қалғанда жаңа әліпбиге – латын қарпіне көштік. Бұл әліпби көп қиындық тудырған жоқ. Тез арада меңгеріп алдық», - деп жазыпты 1929 жылы 9 маусымда жазған есебінде. Соңына «G.Sәrsen» деп қол қойыпты. Мына сәйкестікті көрмейсіз бе? Бір ғасырға жуық уақыт өткенде еліміз латын қарпіне қайта оралып жатқан жоқ па? Ал 1930-1931 оқу жылының соңында жазған есебінде оқулықтардың жетіспеушілігі мен сағат санының аздығын айта келіп: «Бұл мәселенің жартысы ғана. Ең бастысы, қазақ тілін оқу – бұл салмақты, мәні терең, санамен келетін дүние. Егер олардың санасында өзгеріс болмаса, еңбегіміздің еш кеткені. Сондықтан әр оқушы қазақ тілін оқудың саяси маңызын түсінуі керек, олар өздері алатын стипендияға қалай қызығушылық танытса, қазақ тілін үйренуге де сондай қызығушылықпен қарауы қажет. Бұлай болмаған жағдайда оқушыларға төленіп жатқан ақшаның бәрі желге ұшады, олар тілді меңгермейді, әлгі Крыловтың мысалындағыдай болып шығады. Қазақ тілін басқаша қалай оқытуға болады? Жолдары бар ма? Әрине, бар. Орыс балаларын қазақ балаларымен етене араластыру керек. Оларды қазақ аудандарына жіберу керек. Міне, бұл олардың қазақ тілін үйренуіне, еркін сөйлеуіне, сабақты жеңіл өткізуге мүмкіндік береді. Осы ретте бұл істі ілгерілету үшін мынадай ұсыныстар айтқым келеді. Әр оқушы жауапкершілікті, қазақ тілін білудің қаншалықты маңызды, қажетті екендігін  сезінуі үшін оларға талапты күшейту қажет. Олар техникумды бітіріп шыққанда қазақ тілінде ойын жеткізе алатындай, оқи алатындай, күрделі емес ресми құжаттарды толтыра алатындай (хат жазу, қолхат) болғаны жөн. Бір сөзбен айтқанда, қоғамға қажетті маман болуы керек» деп сөзінің соңында латын қарпін үйрететін оқулықтардың жоқтығын, тек соңғы уақытта латын қарпінде басылған 5 кітап қолдарына тигенін тілге тиек етіпті. Төңкеріске, қауіп-қатерге толы кезеңде қазақ тілін өзгелерге қалай үйретеміз деп шыр-пыр болған арда азаматтың ойлары бүгінгі күні де өз өзектілігін жоймағандай.

Әлімхан Жанахметұлы өз қолымен толтырған автобиографиясында әкесінің 1934 жылы көз жұмғанын, соңғы жұмыс орны Семейдегі коммунистік жоғары оқу орны болғанын жазыпты. Ж.Сәрсеновтің немересі Әміртай атасының дүниеден өтерден біраз уақыт бұрын абақтыға қамалып, сырқатқа шалдығып, сол бойы оңалмай 48 жасында өмірден озғанын айтады. Содан тура екі жыл уақыт өткенде, яғни 1936 жылы бір күні оның үйіне үш әріптің өкілдері баса-көктеп кіріп келіп: «Жанахмет Сәрсенов қайда?» деп сұрапты дейді. Жесірі Зылиха екі жыл бұрын қайтыс болғанын айғақтайтын құжаттарын көрсетіп, әрең дегенде құтылса керек. Мұны Ә.Жанахметовке әкесінің Гүлшира деген қарындасының бүгінде Алматы қаласында тұратын Әлия деген қызы айтыпты.

 

Есікті жауып алып, сыбырлап сөйлесетін

Биахмет те, Жанахмет те сталиндік зұлматтың тырнағына ілігіп үлгермей өмірден өткенімен қуғын-сүргін олардың ұрпақтары мен туған-туыстарын айналып өтпеді. Мәселен, Жанахмет Сәрсеновтің 1919 жылы дүниеге келген,  кейін Жезқазғандағы кен басқармасында, Қазақ КСР ғылым академиясында қызмет істеген ұлы Әлімхан 1943 жылы 30 шілдеде тұтқындалып, РСФСР ҚК-ның 58-10 бабы бойынша 10 жылға сотталып, Қарағандыдағы Долинский лагерінде жазасын өтеп, 1950 жылы күзетпен босатылады. 1950-1952 жылдары Шар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде жер құрылысшысы, 1952-1963 жылдары Шұбартау аудандық атқару комитетінде аға жер құрылысшысы қызметін атқарған ол 1958 жылы саяси айыптаудан ақталып, 1976 жылы өмірден өтіпті. «Әкем бәлкім сотталмас та еді. Жақын араласатын бір орыс жолдасы үйленіп, кейін өзінің анасына соқтығып, үйден қуып шықпақ болғанда араша түскен әкемнің сыртынан «Алашорданың тұқымы» деп арыз жазыпты. Әкем марқұм көп ашылып сөйлемейтін. Қорқыныш, үрей бойын әбден жайлап алған ғой. Ағайын, жақын-жуықтары үйге келгенде есікті жауып алып, сыбырлап сөйлесетін. Талай дүние, талай құпия ішінде, өзімен бірге кетті деп ойлаймын. Артық сөйлеуге болмайтын заман болды ғой. «Түрме авторитетінің арқасында аман қалдым. Оның әкесі ақ гвардияшы болыпты. Түрмеден шығарда «артымда ұлым қалды, соны тапшы» деп аманаттап еді», - деп отыратын әкем жарықтық. Бірақ таба алмады. Соған өкініп отыратын. Зиялы отбасыдан шыққан ол кісі әкемді ерекше жақсы көріпті. Өзінің камерасына шақырып, әңгімелесіп, шер тарқатады екен. Әкем сауатты кісі болған. Түрмедегі адамдардың кешірім хаттарын өздерінің атынан жазып беріп отырыпты. Есіме енді түсіп отыр, әкем Қаныш Сәтбаевтың қол астында Қазақ КСР ғылым академиясында қызмет істеген кезінде өзі құралпы студенттермен бірге күн сәулесін пайдалануға қатысты жоба әзірлеген екен. Содан көп өтпей өзі де қудалауға ұшырап, жобасы жайына қалған секілді. Әлімхан Жанахметұлы әйгілі геолог ғалым, тау-кен инженері Ақжан әл-Машанимен бірге Жезқазғанда геологиялық экспедиция құрамында да болыпты. Біздің үйде «Ә.Сәрсенов КСРО ғылымдар академиясы қазақ филиалының геологиялық отрядының қызметкері екендігін куәландырамын» деп ғалымның өз қолымен толтырылып, соңына «отряд бастығы Машанов» деп қолы қойылған құжат сақталған. Әкем осы экспедицияда жүріп тұтқындалған секілді. Кейде ойлаймын, сталиндік тоталитарлық режимнің зардабын тартпағанда ұстазы Машановтың ізін басқан үлкен ғалым болар ма еді», - дейді Әміртай Әлімханұлы.

Азамат ҚАСЫМ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar