USD484.37EUR531.06RUB5.05

Асылдардың жалғасы – ғасыр тұлғасы

07 мамыр 2020, 10:58
Ол аудан орталығынан 50-60 шақырымдай жердегі Құндызды ауылында 1920 жылы дүниеге келеді. Осы ауылдағы бастауыш мектептің 1-3 сыныпты бітірген соң аудан орталығындағы Абай атындағы орта мектепте бастауыш мектепті бітіреді де, 5-6 сыныпты Аягөз қаласында оқиды.
Асылдардың жалғасы – ғасыр тұлғасы

«Бала өмірге екі түрлі мінезбен келеді. Бірі - ішсем, жесем, тойсам деп келсе, екіншісі – көрсем, білсем, үйренсем деп келеді», - дейді данышпан Абай.                          

      Қиялы ұшқыр, сезімі сергек, талабы таудай жігерлі де жалынды жас сол кездегі өмір талабын терең түсініп, тезірек орыс тілін біліп, үйренуге талаптанып, Семей қаласындағы № 11 мектепте орта мектепті үздік бітіріп шығады. Сол мектеп оқушысы кезінде-ақ, әдебиетке құштарлығы оянып, облыстық «Екпінді» газетінде «Күзетте», «Данышпан ақын» атты өлеңдері жарық көреді.

      «Адам болатын бала бесікте бұлқынады, ат болатын құлын желіде жұлқынады».  «Нағыз азамат боламын десең көрер кеңістігіңді кеңейт». «Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боласың», «Ел аралаған  сыншы, үй қалаған мінші болады», «Ақылды көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра», дейтін небір құйма құлақ, қазыналы аталарының ақыл кеңесін есінен шығармай, уақыт өткен сайын қыл шылбырдан ширығып, шыңдала түседі.

       Жас адамды темірдей тәртіпке, тастай төзімділікке, ерлік-өрлікке үйретуде маңызы айрықша орын алатын армия қатарына ол 1939 жылы шақырылады. Қрасноярск қаласында жасақталған № 365 атқыштар полкіне қабылданады.

       1940 жылы Омск қаласындағы полковой школды бітіріп,  сержант атағын алады. Осы жылы Кеңес Одағы мен Финляндия арасындағы ұрысқа қатысады, алғаш рет адамдар арасындағы қаталдық пен қанды қырғынды бастан өткереді. Бұл соғыстың ерекшелігі ол табиғаты қатал, аязы, бораны көп болатын жерде болғандықтан оған өңшең денсаулығы мықты, бойшаң, шаңғымен жылдам жүгіретін спортшы сайыпқыран азаматтарды ғана қатыстырады. Ой-өрісі жыл сайын жетіліп, үнемі өсіп-өркендеу жолына түскен жас жігітті басшы командирлері орынды бағалап, оны 1941 жылы Новосібірдегі әскери бөлімшенің командирі етіп тағайындайды. Оның солдаттарды тәрбиелеудегі озық іс-тәжірибесі Сібір округтік «Красноармейская звезда» газетіне жарияланып, генерал-майор П.Глинскийдің «Огневую подготовку на уровень требований народного комиссара» атты мақаласы жарияланады. Онда саяси және ұрыс дайындығының үздігі, кіші командир К.Оразалиннің Қызыл Армия жауынгерлерін тәрбиелеуге қосқан үлесіне ерекше баға беріледі. Осы кезде ол көптеген Сібірдің горнизондарында сөз сөйлейді. Олар «Отклики на сержанта товарища Оразалина» деген атпен күнделікті жарияланып тұрады. Сонан соң 1941 жылы Кәмен аға сержант атағымен  Ұлы Отан соғысына аттанады. Алғашқы күндері-ақ, Днепр жағасындағы ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін ол ВКП(б)-ның мүшесі қатарына қабылданып, оның ерлігі жөнінде «Правда» газетінде арнайы мақала жарияланады.

       1942 жылы Западный Двина қаласында екі аяғынан бірдей жараланып, Уфадағы әскери госпиталдың комиссиясы жарасының өте ауырлығын ескеріп, әскерден біржола босатады. Отан соғысындағы ерлігі үшін ІІІ-ші дәрежелі «Даңқ» ордені мен «Соғыстағы ерен еңбегі үшін» медальдарымен награтталады.

      Туған  жеріне  аман-есен  оралған   Кәмен  әдебиет  әлеміне  толықтай  бет  бұрады. Соғыстың ауыр уақытына орай халықтың жарым көңілін жігерлендіре отырып, патриоттық рухта «Қазақ офицері», «Ракета», «Гвардеецтер», «Тылдың жауынгерлері» т.б. әңгімелерін баспа беттерінде жариялап тұрады. Сондай-ақ,  елдегі тыл еңбекшілеріне насихат жұмыстарын жүргізіп, халық ақындары К.Оразалин  мен  Ш.Әбеновтер  жер - жерлерде  ақындар  айтысын   ұйымдастырады. Ақындар айтысы жергілікті баспа беттерінде басылады.

      1943 жылы  Мұхтар  Әуезов туған елі-Абай ауданына  келгенде  Кәмен ұлы адамды тұңғыш көріп, тілдеседі. Мұқаңның сол жолғы елде болған сапарында қасында бірге жүріп, елді бірге аралайды. Алматыға оралғаннан кейін  М. Әуезов «Социалистік  Қазақстан» газеті  арқылы  «Ақын  ауылында» атты  очеркін жариялайды. Онда: «...Абай  үлгісін  өсиет  етіп,  айтып  отыратын  ірі  әңгімешілер  бар.  Олардың  бірі  Жүрекадырдығы  қарт  колхозшы  Оразалы,  одан  көп  сөз  естіп,  көп  тоқыған  баласы  Кәмен,  мұның  өзі  оқыған,  өзі  жазушы,  Ұлы  Отан  соғысынан  жаралы  боп  қайтқан  жас  жігіт  әкесі  білген  әңгіменің  көбін  зор  ынтамен  айтады» деп, берген  бағасы  Кәменнің  болашақ  шығармашылық  жолына  даңғыл  жол  салады.  

     Балдаққа  сүйене  жүріп, 1944 жылы  Семей  қаласындағы  мұғалімдер  институтының қазақ тілі мен әдебиет факультетіне түседі. Оны 1947 жылы  бітіріп,  жоғары  білім  алып, 1948 жылы   Қарауылдағы  Абай  атындағы  орта  мектепке  мұғалім  болып  орналасады.               

     1948 жылдан бастап Кәмен  ұстаздық  еңбек  атқара  жүріп,  40  жылдай  мектеп  жанынан  шығатын  "Абай  ұрпақтары"  қолжазба  журналының  редакторы  болды. 

      Жастарды  тәрбиелеуде,  шығармашылыққа  қалыптастыруда, олардың  бойындағы  рухани бұлақтың  көзін  ашуға   күш  салады.  Кейіннен соның  нәтижесінде  жеті  адам  Қазақстан  Жазушылар  Одағының  мүшелігіне  өтеді.

      Ұстаздық  қызмет  ете  жүріп,  1949 жылы респулбикалық «Леніншіл жас» газетінде Отан соғысы тақырыбына арнап жазылып жатқан «Қасиет» («Жексен») атты тырнақалды еңбегінен үзінді беріледі. Келер жылы повесть жарық көреді. Онда соғыстың ең ауыр 1941-1942 жылдардағы Сталинград үшін күрескен совет жауынгерлерінің ерлік істері,  қазақ  жігіті  Жексен  мен  орыс  қызы  Еленаның  арасындағы достық, ізгілік, махаббат,  ұлттар  достастығы,  соғыс  кезіндегі  өмір  шындығы  суреттеледі.  Новиков, Хасанов,  Гургенадзе  тәрізді  жауынгерлердің  ерлік  істері  баяндалады.

       Енді оның әдеби еңбектеріне сол заманғы сұңғыла, атақтары жер жарған жазушылардың берген бағаларына тоқтала кетейік.

С.Мұқанов: «Қадірлі Кәмен Оразалин; Сенің «Қасиет» атты повесің маған негізінен ұнайды.  Бірінші рет қалам тартқан бұл «тырнақалды» шығармаңда сен жазушылыққа тән  бірнеше белгілеріңді көрсеткенсің. Осы қасиеттеріңе сүйене отырып, «Қасиет» повесін мен негізі қаланып болған шығарма ғой деп есептеймін...» деп жазса,

Ғ.Мұстафин: «...Оразалин Кәмен жолдастың Отан соғысы тақырыбына жазған «Қасиет» («Жексен») атты повесін оқып шықтым. Қарапайым адамдардың қысылшаң  шақтағы жан құбылыстарын, ар, намыс, махаббат, отандық қасиеттерін автор өзгеге ұқсамай өзінше берген. Адамдарды, өмірді суреттеу тәсілдерінде қазақ әдебиетіне әлі енбеген жаңалық ұшқындары бар...» деп баға берген.

З.Қабдолов: «Николай Погодин: Қазақтар үшін, Қазақстан үшін Мұхтар Әуезов екінші Абай, біз үшін Шығыстың Шолоховы», дегенді. Менше Мұқаңа ол аздық етеді, оны Мұқаңның өзінен алып, інісіне бергім келіп отыр. Шығыстың Шолоховы – Кәмен Оразалин. Шолохов болатын себебі, Дон жағалауында жатып «Тынық Донды» жазса, біздің Кәмен Оразалин Ертістің жағасында жатып «Абайдан соң» тетралогиясын жазды. Мен жазушы екенмін деп, кеудесін керіп, анда да бармай, мында да бармай, өзінің туған Қарауылында жатып жазады. Міне, жазушылық еңбекке деген адалдықты Кәменнің маңынан іздеу керек» деп баға берген болатын.

Ә.Кекілбаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген  мақаласында: «...Әдебиет кім көрінгеннің  бір сүйкеніп өтер жол бойындағы қу тұқыл  емес, шын самрұқтар самғап жетіп қонатын ата-бәйтерек болуы керек қой...  Соғыс  тұсында  біреулері майданның,  біреулері тылдың қиыншылықтарын көріп қалған ұрпақ тек таудай талаптарын ғана емес, алған беттен қайтпайтын қайсар мінездерін де танытты. Абырой болғанда, бұл топтағылар, негізінен, көлденең келген көк атты емес, әдебиеттің төл тума перзенттері болып шықты. Әскерден кештеу оралған қос майдангер Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Кәмен Оразалин  шинелдерін шешпестен біреуі Шалқарда, біреуі Шыңғыстауда, солдат өмірінен шығарма жазып, екеуі бір жылда –1950 жылы –біреуі «Курляндия» атты роман, біреуі «Жексен» атты қомақты повесть жазып шыққаны айды аспанға бір шығарғандай айтулы оқиға болды» деп жазды. 

      К.Оразалиннің  әр  шығармасы  халқымыздың  тарихындағы  елеулі  кезеңдерді  суреттеуге  арналған.  Ел  ішінде өз  геройларының  ортасында  отырып, жазушы  өмірде  болып  жатқан  ірі  өзгерістерді  назарынан  тыс қалдырмаған.

      1959 жылы тың  игеру  эпопеясына  арнаған екінші  күрделі  еңбегі  - "Ақ жазық" романы дүниеге келді.

      1961жылы үшінші күрделі шығармасы - коллективтендіру кезеңін жыр ететін "Көктем салқыны" романы жарық көрді.

         Жастайынан  Абай өлеңдерің  жаттап  өсіп,  оның өсиеттерінен үлгі-өнеге,  тәлім  алған  К.Оразалиннің  негізгі басты  еңбегі- заманымыздың  заңғар  жазушысы  Мұхтар Әуезовтың  ғұмырнамасына,  жазушылық  жолына  арнаған эпикалық шығармасы- "Абайдан соң" атты   ІV томдық  романдар  тетрологиясы. 

      1976 жылы Абай  ауылының  өткені  мен  бүгінгісі  жайында және Абай, Шәкәрім, Мұхтар есіміне  байланысты  тарихи  орындар  жөнінде  әңгімеленетін тарихи дерекнама шығармасы -"Абай ауылына  саяхат" атты кітабы  қалың  оқырман  жұртшылықтың  зор  құрметіне ие болды.

      1960 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанды.

К.Оразалин  оқытушылық,  шығармашылық  қызметпен  бірге  ауданның  саяси  және  мәдени  өміріне де  белсене  қатысқан.

      1950 жылдан  аудандық  партия  комитетінің  пленум  мүшесі  болып, үздіксіз  сайланып  келген.  Аудандық  Кеңестің  депутаттығына  да  бірнеше рет  сайланған.

      К.Оразалиннің еңбектері жоғары бағаланып отырған.  Ол "Қазан төңкерісі",

І дәрежелі "Отан соғысы" ордендерімен награтталған. 16 түрлі медальдардың иегері.  4 рет Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Громтасымен марапатталған.

      1958 жылдан бастап Қазақстан  Жазушылар  Одағының  мүшесі.

     1977 жылдан бастап Республикалық  дәрежедегі  дербес зейнеткерлікке өткен.

     "2000 жыл–Мәдениетті қолдау жылына" орай Қазақстан Республикасының  Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Кәмен Оразалин "Парасат" орденімен  марапатталды.

     К.Оразалиннің тағы бір күрделі еңбегі -"Абайдан соңғы арыстар" атты романдар трилогиясы.  Халқымыздың тәуелсіздігі үшін күрескен  Алаш арыстары туралы жазылған бұл шығарма 2002-2005 жылдары аралығында  жарық  көрді.

     Кәмен Оразалин 2008 жылы дүниеден озса да табан аудармастан елде отырып, қазақтың руханият әлеміне үлкен повестер мен эпикалық романдар көшін жеткізген халық жазушысы, «Ғасыр тұлғасы».

     Сайып келгенде, осы шағын мақаланың жазылу мақсатына келсек, өмір бойы өзінің саналы ғұмырын арнаған Абай атасының 175 жылдығына, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Қазақстанға танымал көрнекті халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері, «Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім», «Халық ағарту ісінің үздігі», «Абай ауданының Құрметті азаматы», ел тарихында өшпес ізі қалған «Ғасыр тұлғасының» туғанына 100 жыл толуына орай есімін болашақ ұрпаққа мәңгі қалдыру мақсатында Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылында салынып жатқан жаңа мектепке немесе атаусыз тұрған Қарауыл гимназиясына Кәмен Оразалиннің аты берілуі  әрі заңды, әрі әділетті болады деп есептейміз.


Майсары Рақышев шәкірті Қазақстан Журналистер одағының  мүшесі, еңбек ардагері

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

03 қазан 2024, 10:50
27 қыркүйек 2024, 10:07
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar