USD446.49EUR475.38RUB4.79

КӨСЕМ

23 қаңтар 2020, 09:59
1986 жылдың көктемінде Михайл Горбачев қазақ елінің басшысын Мәскеуге шақыртып қабылдап:-Теңіз мұнай-газ кеніші мен Түменді біріктіріп, бір тұтас кешенді өндірістік аймақ құрсақ деген бастама көтергелі отырмын. Бұған қалай қарайсыз?-деді, жүзіне сұраулы кейіппен қадала қарап.
КӨСЕМ

Қонаевтың елден ерек бір ерекшелігі- Мәскеу өзін қандай жағдайда шақыртса да, оның түпкі арам пиғылын алдын-ала сезіп, соған орай қам жасап, іштей дайындалып, тастүйін боп баратын қасиетінде еді. Бірақ көпірме сөз, көбік ауыз Бас хатшының әлгі ақымақ ұсынысы құлағына түрпідей тиіп, жанын жаралап, ауыр естілсе де өзін сабырлы ұстауға тырысты.

-Ол сіз екеуміз шешетін оңай мәселе емес. Оны тек жер дауы мен жесір дауына көлденең келген көк аттыны өмірі араластырып көрмеген қазақ халқы шешеді. Солардан барып сұраңыз,-деді Димаш жүзі қуқыл тартып.

Горбачев ақкөз ашудан бойын билей алмады. Тұла бойы  жын соққандай дір-дір етіп қалшылдап, үстел үстін шаңын бұрқ еткізіп қойып қалып:

- Ендеше, сіз бен біз бұдан былай тізе қосып, жұмыс істесе алмайтын шығармыз,-деді дауыс көтеріп.

- Михайл Сергеевич, айтқаныңыз болсын,- деді де, Димаш орнынан дүр сілкініп көтерілген бойы ың-шыңсыз қабылдау бөлмесіне беттеді. Аз-кем уақыттан кейін кабинетке қайта кіріп: -Мынау менің хатшылық қызметімнен босатыңыз деген өтінішім, Михаил Сергеевич, - деді нық сөйлеп.

Қонаевтың мысы аса құзырлы қызметтің буынан масайрап, кеудесіне нан пісіп, өзін құдайдай сезінген кім-кімді де басып тұратын еді. Горбачев қанша Бас хатшы болса да кәдімгідей абдырап қалды.

 - Сіздей партияның алтын қорын бағаламай қызметін босату, сайып келгенде  мұның өзі, бүкіл әлем жұртшылығы алдында ұят, күнә екенін ұмытпаңыз. Өтінішіңізді қайтып алыңыз?

- Жоқ, тартпаңызда жата берсін. Рұқсат болса, мен кетейін, -деді сыпайы тіл қатып.

Горбачев басын изеп, қолын ұсынып, ажарлы пейіл танытып, кабинетінде қала берген.

Бас хатшы өткен жылы да бұны өтірік болса да, емен-жарқын қарсы алған. Сол жолы бөлме ішін құпия сырға бөлеп, Қарашығанақты Ресейге берсе қайтеді?-деп алғаш қолқа салған. Димаш сонда: «Бұлар қазақ жерін бөлшектеуге сонша неге құмар? Онсызда алам дегенін алып, жұтам дегенін жалмап жатқан жоқ па?»- деп шамырқанып, аузынан ақ жалын атып, шарт кеткен. Бас хатшы доқ көрсетіп, бұны қорқыта алмасын сезіп, сол бойда аяр қулыққа көшіп, жылы-жылы сөйлеп, қанша арбап, басын дуанадай айналдырып, қалай қиылып өтінсе де қасарысып көнбеген. «Михаил Сергеевич, мені қызметтен босатыңыз», -деді Димаш былай шыға құмыға ойға шомып.

Жетпістің желкен керген кемесі артта қалып, сексеннің сеңгір құз кеудесін керіп, алдынан көрінгенде көненің көзі, көсемнің өзі деп жүрген Димаш та ертеңгі күнін ойлай бастаған. Оның үстіне Горбачевтің билікке келуі орыс шовинистерінің империялық пиғылын күшейтіп жіберген еді. Бұлардың кісілікке жат, қарау істеріне қарсы тұруға Саяси Бюрода жалғыз қалған Қонаевтың шамасы жоқ-ты. Бір жағы шың басына өрмелеп көтерілген күннің еңкейіп, батуға айналғанын сезіп, бір жағы Кремльдің төрінде күркіреп жүргендердің суық көзқарасынан қажып, шаршағанын ойлап, тәуекелдің түйесіне жүгін артып, Мәскеуге шұғыл жүрмек болды. Ұшаққа мініп, туын желбіретіп жеткен бойда қазақ елінің өз күшімен салынған «Қазақстан» қонақүйіне оналасқан Ертеңінде Кунцев ауруханасында емделіп жатқан зайыбы Зуһра Шәріпқызының көңілін сұрауға барып, одан шығып ескі алаңдағы Орталық комитетке ебіл-дебіл асығып тура тартқан.

Ол Бас хатшының кабинетіне бұл жолы өзінің жеке шаруасымен бас сұққан еді. Горбачев та соны күні бұрын біліп, тұла бойын жинақы ұстап, дайын отыр екен. Аз-кем аман-саулықтан соң көп уақыт оздырмай:

- Зейнетке шығу жайында жазылған өтінішіңіз осы таяу күндері Саяси Бюрода қаралады,-деп, томаға-тұйық күйде сәл үнсіз ойланған боп отырды да, ақырғы байлауын айтты. –Қыруар жұмыстан қолым босайтын емес. Соған байланысты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумына Разумовский барсын деп ұйғарып отырмыз.

Димаш бұның арғы астарында құйтырқы тұңғиық сыр жатқанын қапелімде аңғара қоймады. Оның ол кезде оны ойлауға да мұршасы жоқ-ты. Бас хатшы қайтсе де өзінен: «Өз орныңызға кімді» лайық көресіз деп сыр тартып сұрайтын шығар» деп үміттеніп, алаң көңілмен жүзіне барлай қараған. Расында, бұл мәселенің жолы да, жөні де солай еді. Бірақ ол жұмған аузын ашпады. Оның есесіне Димаш сұраған. Горбачевтің жүзі қан теуіп күреңітіп:

- Ол мәселені шешуді бізге қалдырыңыз,-деді сөзін келте қайырып.

Әңгіме осымен біткен сияқты еді. Бас хатшы Димаш күтпеген тосын ұсыныс жасады.

- Мәскеуге көшіп келіңіз, үй-жаймен қамтамасыз етемін. Ол жағына алаң болмаңыз,-деді жорта жадырап.

Рақмет. «Ер туған жеріне» деген. Алла тағала кіндік қаным тамған Алматымда тұруға жазсын. Біздей қарт кісіге одан өзге бақыт, дәулеттің керегі не? –деді Димаш Бас хатшының ізгі ниетіне шын ризашылығын білідіріп.

Ол орнынан түрегеліп, Димашпен қимай қоштасып тұрғандай сыңай танытып:

- Мәскеуге жолыңыз түсіп, алда-жалда келе қалсаңыз, бізге соға кетуді ұмытпаңыз. Қанша дегенмен қоян-қолтық араласып жүрген байырғы дос-жарғандар емеспіз бе? Хош қайыр! – деп қолын қайта-қайта қысып, ұзақ ұстап жібермей тұрып алған.

Оның осы емен-жарқын ажарлы көңілі арада екі –үш күн өтпей басқа бөтен, жат қырынан көрініп, бүкіл сайын далаға қарлы боран суырып жетеді деп кім ойлаған.

 ... Олжас өзінің жеке шаруасымен Мәскеуде жүрген. Кенет билікке жақын орыс достарының бірі бұған телефон соғып, Қонаевты басшылық қызметтен алғалы жатқанын жеткізді.  Бұл жағымсыз хабарды естігенде өзін қанша сабырлы ұстаса да көкірегіне қыжыл кірмей тұрмады.

Кеудесінде арыстан ақырынып, жолбарыс тулап, әділеттің ақмаңдайына шақырып, бұлқынып тұрғандай болды. Көкірегінде түсініксіз бір нәрсе дүмпу атып, жарылып жатқандай сезілді. бірақ сол сәтті буырқанған ашу –ызасын еркіне жібермей тізгіндеп ұстап, сабырлы қалпын бұзбауға тырысты. Сонда да басын шығармаған қалың ойдан арыла алмай: «Соңғы жылдары Қонаевтың басынан қиқу кетпеп еді, ақыры тағынан тайдырмақ болған екен-ау, сонымен тыгым тапса мейлі ғой»-деп сұрланды.

Жиырма алты жыл бойы обком хатшысы болып жұмыс атқарған Асанбай Асқаровтың бұлардан көңілі қалып: «Ауылда туған қызықтың баласы ғой деп, қызметке өсіресің бұ бозымдарды. Бірақ, неге екенін қайдам, солардың қай-қайсысы да ұстасып, сілкілеуге жарамайды. Бір Бюродан қалмай ескі етіктің ұлтанының шегесіндей ұшып-ұшып кетеді. Бұған күйінбегенде қайда күйінесің енді»,-деген еді бірде ызаға булығып.

Асанбайдың сол сөзі есіне түскенде Олжас қайта ширықты. «Алматыда ертең өтетін Пленум немен бітсе де бара көрермін» деп күркіреді. Өзі отырған бөлменің іші көпке дейін жаңғырып тұрып алды.

Олжас бұдан кейін көп кідірмеді. Сол бойда ертеңгі рейске билет алып, таңертең ұшпақ болған. Ауа-райы да қолайлы сияқты еді. Сонда да ол мінген ұшақ неге екені белгісіз, Алматының әуежайына екіжарым сағат кешігіп қонды.

... Бұған ұзаққа созылып, жұрттың ішін жылмағай жаттанды құр сөзбен кептіріп бітетін пленум бұл жолы небәрі 18 минут қана болды. КПСС Орталық Комитеттінің хатшысы Разумовскии Қонаевты қызметінен босатып, оның орнына Ресейдің бір облысында бірінші хатшы боп істеген Колбин деген аты да, зат ыда белгісіз қайдағы біреуді қойды. Жұрттың бәрі жапа-тармағай орындарынан түрегеп, жаңа сайланған басшыға жалпақтап, жамырай қошемет көрсетіп, мәжіліс залын жаңғыртып, алақандары қызып, қып-қызыл болғанша дуылдап қол соқты. Колбин ырза болып, басын изеп, қашан ілтипат білідірігенше қол соғып, тұрып алды. Пленумда оны мәртебе көріп, қол соқпаған бір ғана адам болды. Ол Олжас Сүлейменов еді.

Рафаэль НИЯЗБЕК

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar