USD484.37EUR531.06RUB5.05

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ҚАРА ШАЛЫ

23 қаңтар 2020, 09:51
Шежірелі Шыңғыстың бауырындағы еңселі ел Саржал ауылында дүниеге келіп, қазақ дейтін халықтың жоғын жоқтап, ыстығына күйіп, суығына тоңып, бүкіл саналы ғұмырын ұлт болашағының жарқын болуы үшін аянбай еңбек етіп, тер төккен азамат, тұлға Бәтташ Сыдықұлы еді. Ол ел басына төнген қиын-қыстау замандарды басынан өткере жүріп, еңбекке ерте араласып, туған ауылының өркендеп, дамып көркеюі үшін бар күш-жігерін сарп ете жүріп, білім алды, шыңдалды, шәкірт тәрбиеледі.
ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ҚАРА ШАЛЫ

Өнерді қасиеттеп, сөзді құрметтеген замана қайраткері туған елінің жан ауыртар, иығына түскен жүгін жеңілдетпек жолында маңдай терін тамшылатып жүріп, еңсеруге тырысты. Сол жолда әр істің ұсақ-түйегі демей, ғибраты мол жұмыстарды бойына болмысына біткен ерекше талапшыл мінезімен, асқан еңбексүйгіштігімен жаңа бастамалар көтерді, тың ойларымен нәтижелі істердің жасалуына ұйтқы болды. Семей өңірінде ертеден шешімін таппай келе жатқан тотаритарлық жүйенің мызғымас қамалдарынының іргесін сөгуге арналған бастамалары – бүгінде кез келгеннің қолынан келе бермес ерлікке пара-пар қадамдар болатын.

2016 жылы гимназия ұжымы Сыдықовтар отбасына «Шешендік сөз өнері» орталығын ашуға ұсыныс тастапты. Нәтижесінде Бәтташ Сыдықұлы атындағы орталық ашылып, қазіргі таңда жоғары дәрежеде жұмыстар атқаруда. Осы бағытта жас өрендердің түрлі байқауларға қатысқан еңбектері көпшілік көңілін бір марқайтып тастады.

Бәтташ Сыдықұлының өнегелі ісін кейінгі ұрпаққа насихаттап, ағалық жолын дара жолға айналдырған туған інісі М.Төлебаев атындағы музыкалық училищенің директоры болып қызмет атқарған, бүкіл ғұмырын музыка саласына арнап келе жатқан Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі Хамит Сыдықұлы өткен шақтардан жүрек тербейтін естеліктер айтты.

- Бәкең әр істі құлшына қолға алғанда «Не бел кетеді, не белбеу үзіледі» деуші еді. Қазақ орта мектебін обкомның қасынан, қаланың дәл ортасынан ашқан мектебіне хош келдіңіздер! Оның мектеп өміріне қатысты жасаған елеулі, игі істерінің кейбіріне ғана тоқталсақ, біраз уақытқа созылмақ. Ол Абай елінде 20 жыл қызмет атқарды. Соңғы атқарған қызметі партия ұйымының екінші хатшысы болды. 1962 жылы облыстық теле-радио комитетіне төраға болуға шақыру келеді. Бұл өкімет қызметті Бәтташтың тілін, өнерін, адамгершілігін, іскерлігін бағалап ұсынған еді. Осы мекемеде 13 жыл қызмет істеді. Осы жылдар ішінде керемет жұмыстар атқарды. Семей облысы «Қазақ тілі» қоғамының іргетасын қалаған да осы Бәкең болды. Замандас, тұстастары «Бұл қазақ тілі деген қандай қоғам?» деген сұрағына Бәкең:

Егеменді ел болып нық тұрам деп,

Қазақ тілі жауларын ықтырам деп.

Қақсап жүрген қара шалдың бірімін,

Қазаққа қазақ тілін ұқтырым деп, - жауап берген екен.

Семейде сол кезде қазақ тілінде бір-ақ балабақша болыпты. Бәкең қоғамда жұмыс істеп жүргенде балабақша саны 17-ге жетті. Ал қазақ мектебінен 16-мектеп және 5-мектеп қана қазақша білім берген екен. Өзі қызмет жасап тұрған уақытта қазақ мектептерінің жетеу болды. Сол мектептің бірі және бірегейі осы 37-мектеп еді. Кейіннен бұл мектеп Ы.Алтынсарин мектебі мәртебесін алып, Бәтташтың атындағы кабинет ашалып, бүгінде ол кабинет жұмыс жасап келеді. Өзі ашқан мектебінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатпақ ниет-мақсатымыз  іс басындағы азаматтардың қолдауымен міне, бүгін орындалып жатыр. Бұл – біз үшін зор мақтаныш.  

Қаңтардың ақ түтек боранына қарамастан  мектеп акт залында өткен салтанатты жиналысқа, ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына куә болмаққа келген жұрт сыртқа ағылды. Жиын салтанатына Бәтташ Сыдықұлының көзін көрген замандастары, тәлімін алған іні-бауырлары, шәкірттері, қаланың зиялы қауымы қатысты. Бірге жүріп, ақыл-кеңесін жадына сақтап, тәлім алып үйренген жандар естеліктерімен бөлісті. Семейдегі сол кезде ең алғаш ашылған тәуелсіз телеарнаның басшысы, ТВК-6 телекомпаниясының директоры Байуақов Омабек Қазанғапұлы Бәтташ Сыдықұлының тұлғалық қасеттерін, атқарған еңбектері жайында толғанысын білдірді.

-   Көп жылдар бойы Бәкеңмен бірге қызмет жасап, жанында жүрдім, көп дүниесін үйрендім. Осы телеарнаны ашқаннан кейін көп кеңестерін тыңдадым. Бәкең қарасөздің шебері, аса бір ардақты идеолог қой. Сөйлегенде адам баласының шашынан қара тырнағына дейін жеткізіп, айтып, не нәрсені болсын таратып тұрып түсіндіріп беретін, сендіретін, иландыратын. Адам баласының жүрегіне сөз табатын нағыз идеолог еді. Балаларының тәрбиесіне, білім алуына ерекше көңіл бөлген адам. Қарапайымдылығы да керемет еді. Әр ісінде көпшілікке өзі үлгі болатын. Бір артық сөз жоқ еді.

Бірде жиналысқа А.Даль жазған түсіндірме сөздікті алып алып келеді. Өзіне таңылған «орысша білмейді» деген кейбіреулердің айтқан желеу сөздеріне жауабы: «Мынан кітапты 53 жыл жазған Даль да орыс емес екен ғой» дегенімен бәрін жеңіп, қарсы жаққа соққы бергені есімде. Ұстаздығының да жөні бөлек еді, - деп ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында Омарбек Қазанғапұлы тебірене еске алды.

Егемен ел болып, тәуелсіздігімізді баянды етуде еңбегін аямаған тұлғалар аз емес. Тұлғасы биік, азаматтығы ерен Бәтташ Сыдықұлының қазақ руханиятына қосқан зор еңбегі ұрпақ жадынан өшпек емес. Білім ордасының қабырғасына қойылған ескерткіш тақта болашақ ұрпақ санасына бабасының соңына қалдырған асыл сөздері мен жасаған жарқын істерін ұмытпасқа жасалған тағзым қадамдарының бірі ғана. Ендігі міндет-жауапкершілік қайраткердің соңына қалдырған игі істері мен ғибрат сөздерін замандарға апарар ұрпақ өсіру, тәрбиелеу. Данышпан Абайдың: «Арттағыға сөзің мен ісің қалса, Өлсең де өлмегенмен боласың тең» дегені Бәтташ Сыдықұлы сында болмысы бөлек тұлғаларға айтылса керек.  

 

Үміт ШӘРІПОВА

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

03 қазан 2024, 10:50
27 қыркүйек 2024, 10:07
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar