«Абай жолы» атты жаяу экспедиция сапарының негізгі мақсаты – Абай Құнанбайұлының кіндік қаны тамған қасиетті өлке – Шыңғыстау өңірін, қасиетті Жидебайды өз көзімен көріп, Абай ұрпақтарымен тікелей тілдесу. Сонымен қатар, жастардың қазақ халқының тарихы мен мәдени мұрасына қызығушылығын арттыру.
Ең алғашында төрт адам енген экспедицияға қатысушылардың екеуі денсаулықтарына байланысты сапарын ары-қарай жалғастыра алмаған екен. Бірақ, өздеріне сенімді, бойларында күш-қуат пен ерік-жігер тасып тұрған ағайынды Кушеевтер өз мақсаттарынан таймай, 28 шілде күні қасиетті Семей шаһарына табан тіреді. 1150 шақырымды артқа тастаған олардың салмағы 35 келіден асатын жолдорбасында керекті гигиеналық заттар, азық-түлік пен киім-кешектер де баршылық еді. Сонымен қатар, Абайдың мұрасымен жақынырақ танысуға ниеттенген еріктілер өздерімен қажетті бейнекамералары мен дрон аппаратын ала шығуды да ұмытпапты. Сондай-ақ, еріктілер ақын оқыған медресе мен музейлеріне барып, шығармашылығымен тереңірек танысқан. Саяхаттың қалай өткендігі туралы фотоесеп пен бейнероликтерді экспедицияға қатысушылар күн сайын әлеуметтік желілерде жариялап отырған.
Ерікті тобының жетекшісі Дамир Кушеевтің сөзіне сүйенсек, экспедиция сапарының мәні- биылғы екі ірі оқиғамен тығыз байланысты. Оның бірі –Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы болса, екіншісі, 2020 жылдың «Еріктілер жылы» деп жариялануында.
-Бұл ой маған Талдықорғанға барар жолда туды. Онда мен карантин кезінде сонда болған отбасымды алып кетуге барғам. Бір жағынан досым Әлімжан Баранғұловтың саяхаты мені шабыттандырды. Ол 2012 жылы Түркістанға велосипедпен барған болатын. Мәскеудегі Қызыл алаңнан Медеу мұз айдынына дейінгі жолды жаяу жүріп өткен ерлігі тағы бар. Алматы қаласының тумасы Михаил Моржуковтың әрекеті де мені шабыттандырмай қоймайды. Әрине, Алматы мен Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы арасындағы қашықтық әлдеқайда аз. Бірақ, осы сапарды біз абыроймен өткердік деп ойлаймын,-дейді ерікті.
Дамир ағамызға серік болып, қолдау көрсетіп, жанынан табылған ағасы Дәулет екеуі талай қиындықтарды да көргендіктерін жасырмады.
-Шыны керек, біздің мемлекетіміз осындай ауқымды экспедицияға әлі дайны емес екен. Өйткені, ұялы телефонындағы байланыс желісі көп ауыл-аймақтарда әлі күнге дейін қолжетімсіз. Сонымен қатар, жол тораптарында әжетханалар мен жуынатын жерлер де жоқ. Бұл бізге бірталай қиындық тудырды. Абай ауылы мен Семей қаласы арасында тіптен өзен-көлдер де жоқ болып шықты. Дегенмен, осы арайда ерекше айтқым келгені қазақтың кеңпейілдігі мен қонақжайлылығында. Талай жерді аралап жүргендіктен, адамдардың да қандай екенін көрдік. Барлығы дерлік бізді қарсы алып, ақ дастарханын жайып, жолға дұрыс дайындалып шығуымызға мүмкіндік берді.
Шыны керек, Шығысқа табан тірегенімізде ауа-райынын өзгешелігі де әсер етті.
Альбина ҚИЗАТҚЫЗЫ