Қазақ бұлбұлы Бибігүл Ахметқызының 90 жасқа толу мерекесін оны өнерге қанат қақтырған білім ордасы, биыл өзінің 75 жылдығын тойлап отырған Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясы, қараша айында бастап та кетті. Ұлы әншінің мерекесі 3 желтоқсан күні Елордамызда «Астана – Опера» театрында жалғасты. Әлі де жалғасын табады. Бұйырса, өзінің қара қызының мерекесін, оның туған елі – киелі Семей қаласының халқы да тойлайды!
«Сырлы қасықтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, 90 жастағы Бибігүл апамыз сахнада бұлбұлша сайрап, көрермендерді таң қалдырды. Тарихта 80-90 жаста сахнада ән салған еркек әншілер – итальяндық әнші А.Мазини, орыс әншілері С.Лемшев, С.Козловский, қазақ әншілері Б.Жылысбаев, Е.Серкебаевтар болған. Әйел әншілердің 90 жасында сахнада ән салуы ешқашанда болмаған. Әйел әншілердің 50-60 жаста дауыстарынан айрылуы табиғи жағдай. Ал қазақ бұлбұлы Бибігүл Төлегенова 70-80 жасында да сахнадан түскен жоқ. Бұл – әншілік өнердегі ерекше құбылыс!
Бибігүл Ахметқызы 1929 жылы 16 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге келді. Әкесі Ахмет ән салып, домбыра, гармон, скрипка аспаптарында ойнаса, анасы Майнұр әдемі дауысты әнші, гармонда ойнап, өзін сүйемелдеп, қазақтың, татардың, орыстың, украинның әндерін нақышына келтіріп орындаған. Майнұр Ет комбинатының хорында әнші болып, көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болды. Ахмет пен Майнұрдың отбасында жексенбі күндері, бос уақыттарында көршілері жиналып, балаларына ән салдырып, отбасылық концерт өткізуді әдетке айналдырыпты. Сол концерттің белді әншісі кішкентай Бибі орындықтың үстіне шығып алып, ән салады екен. Оның өнеріне разы болған әкесі:
- Менің осы қара қызым атақты әртіс болады! – деп мақтанады екен. Асқар тау әкесі 1938 жылы Катон ауданында партия хатшысы болып қызметте жүргенде, Жапонияның шпионы, халық жауы деген жаламен қамалып, кейіннен ату жазасына кесіледі. Анасы Майнұр халық жауының жары ретінде қудалауға түсіп, Семейге келіп, қатаң бақылауда болады. Әкеден айрылған балаларын анасы ауыр жағдайда асырап, ел қатарлы өсіреді.
Соғыстың соңғы жылы Бибігүл 7-сыныпты бітіріп, Ет комбинатына киномеханиктің көмекшісі болып жұмысқа орналасып, екі айдан кейін Жестянный цехқа ауысып, шешесіне көмектесіп, отбасының бір тірегіне айналады. Ет комбинатының көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, хорда ән салады. 1946 жылы цех бастығы Игорь Лебедевтің ақылымен Алматыға музыка училищесіне оқуға түсуге барады. Ондағы емтихан алғандар «дауысың жоқ» – деп оқуға алмайды. Бибігүл Ет комбинатына өз жұмысына қайта орналасып, хорда және жеке дауыста ән салып, қалалық байқауларда Москвадан жер аударылып келген орыс жазушысы, тамаша музыкант-әнші Галина Серебрякованың көзіне түсіп, бағы ашылады. Галина Бибігүлді үйіне шақырып, оның дауысын қоюмен айналысады. Бибігүлдің даусы бірнеше айлардың ішінде Академиялық қалыпқа бейімделіп, дауыс диапазоны кеңейіп, тембрі әсемденіп, романстар мен кішігірім арияларды орындауға мүмкіндік алады. 1948 жылы тамыз айында Алматыда көркем өнерпаздар Олимпиадасы өтетін болып, Галина Иосифовна шәкірті Бибігүлді сол жарысқа дайындайды. Олимпиадада Хамидидің «Қазақ вальсін», Туликовтің «Радостный вальсін», Штраустың «Весенние голоса» шығармаларын орындаған 19 жасар Бибігүлді қазылар алқасында отырған К.Бәйсейтова, М.Төлебаев, Л.Хамиди, Н.Нагулиналар бір ауыздан консерваторияға оқуға алуға шешім қабылдайды. Қуаныштан төбесі көкке жеткен Бибігүл Семейге жетіп, ұстазына алғыс айтуға асығады. Міне, солай болашақ қазақ бұлбұлының профессионалдық қиын да, қызықты өнер жолы басталады.
Бір нота білмейтін Бибігүлге консерваторияда оқу оңайға соқпайды. Оның үстіне ерте тұрмыс құрып, нәрестелі болып, өмір қиындығын көреді. Соның бәріне шыдап, оқуын тастамайды. Оның үстіне бірінші педагогымен арақатынастары да шиленісте болады. Соның нәтижесінде Бибігүлдің дауысы дұрыс методикалық сабақ алмағандықтан, мүлде өзгеріп, бар дауысынан айрылудың аз-ақ алдына қалады. Бибігүлді педагогтардың қудалауы басталады. Оған сольфеджио мен вокалдан төмен баға қойып, оқудан шығу қаупі төнеді. Жасынан қиындықпен жасымай өскен, жігерлі Бибігүл сол кездегі консерватория ректоры Ахмет Жұбановқа кіріп жағдайын айтады. Студентті мұқият тыңдаған академик Ахмет Қуанұлы, пән оқытушыларын шақырып алыпғ, түсініктеме алып, факультеттің деканы мен кафедара меңгерушілеріне:
- Сіздер студент Бибігүл Төлегенованың жағдайымен жақсылап танысыңыздар. Бұл студент өте таланты әнші. Оны республикалық Олимпиада да жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін консерваторияға алуға М.Төлебаев, К.Байсейтова, Л.Хамиди тәрізді өнер қайраткерлері жолдама берген. Ал, сіздердің педагогтарыңыз сондай жас талантты 2 жыл оқытып, даусынан айырған. Бұл қалай? Маған тездеп жауабын беріңіздер! - депті.
Сол әңгімеден кейін Бибігүлді атақты опера әншісі Надежда Самышинаның класына ауыстырып, оқуын жалғастыруға мүмкіндік береді. Міне, осылайша академик, ғалым, композитор, қазақ өнерінің қамқоршысы ұлы Ахмет Жұбанов қазақтың болашақ бұлбұлы Бибігүлдің тағдырына араша түседі. Басқа педагогқа ауысқаннан кейін оның даусы қайта қалпына келіп, оқып жүріп радиоға әнші болып, атағы республикаға таныла бастайды. Бибігүл Ахметқызы өз естелігінде:
- Менің өмірдегі, өнердегі тағдырымды шешкен академик Ахмет Жұбанов пен орыстың екі таланты, атақты әйелдері жазушы Галина Серебрякова, әнші-педагог Надежда Самышина, - деп есіне алып отырады.
1954 жылы консерваторияны үздік бітірген жас әнші Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында әнші болып еңбек жолын бастайды. Театрда опералардағы екінші пландағы кішігірім кейіпкерлерді орындап жүреді. 1956 жылы жазғы гастролдік сапардан оралған Бибігүл өзінің опера театрынан жұмыстан шығарылғанын біледі. Жұмыстан не үшін шығарылғаны туралы театр басшылығы тіпті оған ескертпеген де. Біреулер үстінен «домалақ арыз» түсірсе керек. Жалпы өнерде интрига мен қызғаншақтық жиі болатын жағдай. Әсіресе таланттарды көреалмаушылық, олардың жолында аяқтан шалу көп кездеседі. Ұлы әнші Күләш Байсейтова да қызғаншақтар мен «жазғыштардың» құрбаны болған. Екі баласымен жұмыссыз қалған Бибігүл жақсы адамдардың демеуімен республикалық Жамбыл атындағы филармонияға әнші болып жұмысқа орналасады. Бір жамандықтың артында, бір жақсылық болады деген. Филармонияда ол өзінің еңбекқорлығымен, талантымен, өте сирек кездесетін әсем даусымен айналасы 10 жылдың ішінде, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі, Халық артисі, СССР-дің Халық артисі, КСРО, Қазақ ССР-інің мемлекеттік сыйлықтарының иегері атанады. «Талант тас жарады» деген осы шығар!
Міне, осылайша Семейдің қара қызы, әкесі Ахмет айтқандай, қазақ бұлбұлы аталып, әлемге танылды!
«Бибігүл Төлегенова атындағы халықаралық жас вокалистер» конкурсы 10 жылдан бері өтіп келеді. Оған әлемнің әр түкпірінен келген академиялық әншілер өнер көрсетіп, жарысқа түседі. Осы конкурстың өзі – Семейдің қара қызы, қазақтың ұлы әншісі Бибігүлді әлемнің мойындағанын көрсететін қазақ өнерінің зор жетістігі.
Бибігүл Ахыметқызы өзінің туған қаласы киелі Семейді ерекше қадір тұтады. Семей халқының алдына келіп, ән салып, туған үйін көріп, балалығы өткен Ертістің жағасына барып, серуендеуді жаны сүйеді.
Мен Бибігүл апаймен консерваторияда оқып жүрген кезімнен таныспын. Оның себебі, апайдың өзінен түрі де, даусы да аумайтын, анасының жолын қуып опера әншісі болған, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, таланты әнші қызы Мәриямгүлмен консерваторияда бірге оқыдық. Өкініштісі, Мәриям өмірден ерте озды. Ал мен 1988 жылы Семей облыстық Ә.Қашаубаев атындағы филармонияның директоры болғаннан кейін, Семейде жыл сайын апайдың концертін өткізуді әдетке айналдырдық. Әсіресе, 1989 жылы Бибігүл Ахметқызы 60-қа тоғанда, 1999 жылы 70-ке толғанда Семейде облыс басшылығы үлкен мерекелік кешін өткізіп, жаз кезінде барлық аудандарды аралып, ауыл тұрғындарына тегін концерттер беріп, қуанышқа бөлеп едік. Сол концерттік топтың құрамында қызы Мәриямгүл, әнші Дауыл Хайруллин және мен болдым. Апай біздің отбасымызда келген сайын қонақ болып, біз Алматыға барғанда апайдың шаңырағында талай ақ дастарханынан дәм тататынбыз. Сол кездесулерде апайдың өмірі, өнер жолы туралы талай-талай тамаша естеліктерін өз аузынан естіп, кейбір тұстарын жазып алып едім. Бибігүл апай мен басқарған жылдары Семей филармониясына ерекше қамқорлық жасады.
1990 жылдардың ортасында Семей облысында оптимизация болған кезде, аудандардағы клубтар, кітапханалар жабылып, облыстық орыс театры мен Абай атындағы қазақ театры қосылып, мәдениет мекемелерін жаппай қысқарту болған кезде, Семейдің филармониясын да жауып, оның орнына бір эстрадалық ансамбль құру туралы мәселе қойылды. Міне, осы филармония қыл үстінде тұрғанда мен Алматыға Бибігүл апайға барып жағдайды айттым. Ол кісі алдымен қолма-қол облыстың мәдениет басқармасының басшысы Мәулен Масәлимовке хабарласып жағдайды білді. Содан оған облыс басшыларының қазақ өнерінің қара шаңырағының бірін жабуы – бұл қазақ өнеріне деген қиянат екенін айтып, егер облыс басшылығы шешімдерін өзгертпесе, Мәдениет министрі мен республика басшылығына хабарлайтынын айтты. Содан мен Алматыдан Семейге келгенен кейін бір аз күн өткенде, филармонияның 77 штаттық құрамын, 20 штаттық құрамда қалтырып, екі облыстық газетті, екі теле арнаны, филармонияны қосып, «Семей облыстық концерттік және бұқаралық ақпарат құралдары дирекциясын» құру туралы шешім қабылданды. Мені сол дирекцияның бас директры етіп тағайындады. Міне, солай Бибігүл Ахметқызы Семей филармониясын жабылудан сақтап қалды.
Семей филармониясында 1988 жылы дирижер Мырзағали Айдаболовтың жетекшілігімен қазақ халық аспаптары оркестрін құрып, оның презентациясын жасағанда, Бибігүл апай мен Мәриямгүлді оркестрмен ән салуға шақырдым. Бибігүл Ахметқызының жаңа құрылған оркестрмен ән салып батасын бергені, оркестр ұжымына ерекше жігер мен сенімділік берді. Оркестріміз екі-үш жылдың ішінде республикаға танымал болды. Алматыда, Астанада Бибігүл апайымыздың қатысуымен филармонияның оркестрі мен әншілерінің сан мәрте концерттерін опера театры мен үлкен концерт залдарында табыспен өткіздік.
1992 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің бір жылдығына орай, республика атынан 16 желтоқсан күні әлемнің ең атақты концерт залының бірі – Москвадағы Чайковский атындағы концерт залында біздің Семейдің облыстық филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрі (дирижері Серік Малаев) және әншілерінің концертін өткізу жоспарланды.
Мен тағы да Бибігүл апайдан Москвадағы концертке қатысуын өтіндім. Ол кісі келісімін беріп, бізді ерекше қуанышқа бөледі.
Моквадағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен өткен мерекелік концертте оркестр қазақ күйлерін және әлемдік классикалық шығармаларды Бибігүл апай, баритон Дауыл Хайруллин, тенор Аймұханбет – ол мен, классикалық романстар мен ариялар, халық әндерін орындадық. Концертті Бибігүл апай екеуміз Абайдың «Айттым сәлем, қаламқас» әнін дуэтпен орындап, соңғы куплетті әншілер мен залдағы көрермендер қосылып шырқадық. Концертіміз жоғары деңгейде өтіп, Москва қаласының мэрі Борис Елциннің орынбасары бізге оның атынан алғыс айтты. Концерттен кейін, «Украина» қонақ үйінде Бибігүл Ахметқызының туған күнін тойладық. Сол түні Москваның аспанында қазақ әні мен күйі таң қылаң бергенге дейін асқақтап тұрды.
Мен Семей филармониясына сіңірген еңбегі үшін, 2003 жылы Б.Төлегенованың туғанына 75 жыл толуына орай, филармонияның қазақ халық аспаптары оркестрін «Бибігүл Төлегенова атындағы қазақ халық аспаптары» деп атау туралы тиісті орындарға ұсыныс жасап едім, олардан «тірі адамның аты заң бойынша ешқандай көше не ұжымға берілмейді» деген жауап алдым. Содан біздің филармонияның Көркемдік кеңесі ақылдасып, қазақ халық аспаптар оркестрін «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестрі деп атауды ұйғардық. Содан бері оркестріміз «Бибігүл» оркестрі деп аталады.
Қазіргі кезде Семей қалалық Мәдениет сарайына Бибігүл Төлегенованың атын беруді облыстық мәслихатының депутаты, белгілі кәсіпкер Марат Құрманбаев бастаған Азаматтар ұсыныс жасап жатыр. Біз, өнер саласының қайраткерлері, ұлы әншінің 90 жылдығына орай осы ұсынысты бір ауыздан қолдаймыз!
Семейдің қара қызы, халқының дана қызы, КСРО социалистік еңбек ері, Кеңестер Одағының халық артисі, КСРО Мемлекеттік, ҚР мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, профессор-педагог БИБІГҮЛ АХМЕТҚЫЗЫ ТӨЛЕГЕНОВА қандай атаққа болса да лайық тұлға!
Аймұханбет Бейсембеков,
ҚР Мәдениет қайраткері, профессор, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі