USD483.23EUR534.74RUB5.12

Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова – 90 жаста

20 желтоқсан 2019, 17:07
Семей архивінде әнші апамыз Бибігүл Төлегенованың туу туралы акт жазбасы сақталған.
Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова – 90 жаста

Қасиетті қарт Семей топырағы қаншама белгілі ұлы тұлғаларды, ақын- жазушыларды, ғалымдарды дүниеге әкелді. Семей елі осындай бір туар азаматтарымен әлемге әйгілі.  

Міне, осындай ірі тұлғаларымыздың арасында Әнші, КСРО және Қазақстан халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Ахметқызы Төлегенова да бар.

Бұлбұл үнді, күміс көмей әнші Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың  туғанына 90 жыл толып отыр. Бибігүл апамыз 1929 жылы 16 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге келген. Әйгілі әнші өнер жолын қаламыздағы ет-консерві комбинатында қатардағы жұмысшы бола жүріп көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысудан бастады. Әншінің өнер жолына бағыт берген Семейге жер аударылған жазушы Галина Серебрякова мен жетекші ұстазы, Халық әртісі Надежда Самышина болды.

Өнер жолын көркемөнерпаздар үйірмесінен бастаған. Ол Қазақ радиосының, Қазақ мемлекеттік филармониясының әнші-солисі, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әнші-солисі болып қызмет етті. Алматы мемлекеттік консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.

1958 жылы Мәскеу қаласында қазақ өнерінің онкүндігінде әншілік биігінен көрініп, сол жолы Қазақ  ССР халық әртісі атанды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы вокал кафедрасының профессоры. Әнші репертуарында қазақтың халық әндері, Қазақстан композиторларының шығармалары бар. Л. Хамидидің «Қазақ вальсі», Е.Брусиловскийдің «Қос қарлығаш», М. Төлебаевтың «Еске алу» және Батыс Еуропа композиторларының шығармаларынан вальс, романс, арияларын жоғары деңгейде орындады.

Өзінің концерттік-орындаушылық өнерін шеберліктің жоғары сатысына көтеріп, классикалық дәрежеге жеткізді.

Семей қаласының 250 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өткізілгені тарихтан белгілі. Осы шараға КСРО Халық артисі Бибігүл Төлегенова да белсене қатысып, үлкен концерттік бағдарламасымен шығып халық алғысына бөленді. 1968 жылы шілде айында «Семей қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Қазіргі таңда әнші бұлбұл апамыз аяулы ана, немере, шөбере сүйіп отырған абзал әже. Бибігүл Ахметқызын өзінің жерлестері мәңгі мақтан етеді, өйткені ол әншілік өнердің шыңын бағындырған, көптеген шәкірттерін додаға қосып, баптаған нағыз ірі тұлға.

Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында Бибігүл Төлегенованың кіндік қаны тамған жері Семей екенін дәлелдейтін құжат туу туралы акті мемлекеттік сақталуда. 

Л.Қ.Қадырова,
ҒАА және құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

4 сағатқа жетпей
27 қыркүйек 2024, 10:07
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar