USD448.15EUR483.46RUB4.86

Ерлік шұғыласы

16 сәуір 2020, 13:58
Адамзат тармағындағы II дүниежүзілік соғыста кеудесін Отан үшін отқа тосқан ер-азаматтар аз болған жоқ. Олардың ерлігі бүгінгі ұрпақтың мәңгі есінде. «Ер етігімен су кешкен ат ауыздығымен су ішкен» сұрапыл кезеңді бастан кешіріп, елге оралған жауынгерлердің қатары қазір сиреді. Сол соғыста әйгілі №18 Армия әскерлерінің құрамында болып, елімізді жаудан қорғауда ерен ерлік көрсеткен ерлердің бірі Сиқымбай Сапаров көзі тірі болса 100 жасқа толар еді.
Ерлік шұғыласы

Соғыс күн сайын жақын адамдарды бір-бірінен ажыратты. Бірақ қиындыққа мойымаған ұлы дала батырлары қан майданда ерлік туын құлатпады. Рухын асқақ ұстады. Қанды қырғын 1418 күн мен түнге созылып, оқ қардай борады. Ұрыс алаңында біздің сан мыңдаған бауырларымыз Отан үшін отқа түсіп, қаншама боздақтарымыз сұм соғыстың құрбаны болғаны шындық

Қалай десек те, бұл өте сұрапыл да қиын жылдар. Жауынгерлердің тек бір ғана мақсаты болды: Отанды қорғау және тек қана жеңіске жету. Бұл дегеніміз-нағыз Отанға деген ерлік-шұғыласы. Ел басына түскен қиындықты халқымызбен бірге көтеріп, жалындаған жас кезінде соғысқа қатысып, өмір мен өлімнің айқасын бастарынан кешірген азаматтар қанша ма?!

Солардың бірі, 1920 жылы Қаратал ауылында шаруа отбасында дүниеге келген Сиқымбай Сапарұлы еңбек жолын 18 жасында бастауыш мектеп мұғалімдігінен бастады. Арада екі жыл өткенде небәрі 20 жастағы бозбала мектеп директоры болып тағайындалады. Тағы екі жылдан соң Мақаншы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне жоғарылатылады. Артынша қан майданға аттанады. Сауаты мен атқарған қызметіне байланысты полктік мектепті және  әскери-саяси курстарды оқып бітіргеннен кейін әуелі 3-ші Армияның 5-ші Орел атқыштар дивизиясы құрамында Брянск майданында, артынша әлгінде аталған даңқты 18-ші Армия жауынгерлері қатарында Солтүстік Кавказ, 4-ші Украина майдандарында шайқасты. Соғыстан соң Украин КСР-інің Ішкі Істер органдарында қызмет еткені, қираған Донбасс қаласын қалпына келтіруге атсалысқаны, сондай-ақ қимыл жасаушы Армия құрамында Чехословакия, Венгрия, Польша, Германия жерлерін азат етуге қатысқаны өз алдына арнайы хикаяға азық боларлық хикметтер. «Қызыл жұлдыз» 1-ші және 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендері, көптеген медальдар мен арнайы марапат қағаздары капитан Сиқымбай Сапарұлының майдан жолдарынан абырой мен өткенін айғақтайды. Айтпақшы, алдын-ала айта кетейік, арада талай жыл өткен де жоғары аталған әйгілі 18-ші Армия  Ардагерлер кеңесінің төрағасы Алексей Николаевич Копейскиннің 2-ші дәрежелі «Суворов» ордені Қызыл тулы 237-ші атқыштар двизиясының бұрынғы жауынгері, отставкадағы капитан Сиқымбай Сапаровқа Мәскеуде «18-ші Армия ардагері» естелік төсбелгісін құрметпен тапсырғаны бар екен. «Ер есімі-ел есінде» деген осы!

Қандықасап сұрапыл  соғыстан соңғы бейбіт өмірді туып-өскен елінде жалғастыру мүмкіндігіне 1946 жылы қол жеткізген майдангер Үржар ауданында мұғалім, мектеп және Науалы Балалар үйінің директоры, «Қызыл ту» газеті редакциясының, Үржар аудандық партия комитетінің қызметкері болып еселі еңбек етті. Кейіннен, яғни 1970 жылдан өмірінің соңына дейін Мақаншы ауданындағы орта мектептердің директоры лауазымында білікті басшылығымен танылды, сый-құрметке бөленді. Халық ағарту саласының үздігі, аудандық Кеңестің депутаты ғана емес, абзал азамат ретінде де көптің құрметтісі бола білді. 1986 жылдың 23 шілдесінде 66 жасқа қараған шағында фәниліктен бақилыққа аттанған Сиқымбай ақсақалдың  өнегелі өмірі өркен жая бермек, есімі ел жадында мәңгілік жаңғыра түспек. Бұған айқын айғақ, дәйекті дәлел жетіп артылады. Солардың бірі-Мақаншы ауылы әкімінің 1994 жылдың 26 мамырындағы шешімімен Мақаншы ауылындағы бұрынғы Строительная көшесінің атауы өзгеріп, оған Сиқымбай Сапарұлының есімі берілген.

 

Майдангер, ұстаз Сиқымбай Сапаров аз ғұмырында тындырған ісі, сіңірген еңбегі аз емес екен. Сөйте тұра қашанда кішіпейіл, қарапайым. Мінез бен істің үйлесімі жарастық тауып, қадірін арттырып тұрғаны сезілетін. Жүріс-тұрысында, сөз саптауында тектілік байқалатын. Қашанда ілтипатты, елгезек көрінуі, біреулерге жанашыр боп көмектесуге бейім тұруы да сондықтан шығар. Кімнен өнеге алдық, кімді өнеге тұтамыз? Осы сұрақтарға жауап іздегендей жан-жағымыздағы адамдарға үңілетініміз бар. Осындайда Сйқымбай аға, еріксіз ойға оралады. Түптеп келгенде, бәріде тәрбиеге саяды. Ардагер аға тәрбие мәселесіне ерекше мән беріп, екі сөзінің бірінде қазақы тәрбиенің небір мысалдарын алға тартатын. Бұған өзінің құдай қосқан қосағы, отбасының пірі, асыл ана Күләш Кәрімқызының да ықпалы аз болмаса керек. Дүниенің жалған екеніне ешкім қарсы тұра алмайды. Оған қолдан келер шара мен дәрмен жоқ. Жарық дүниені жалпағынан басып жүргенде ортаймас қуанышы бар үлкен шаңырақтың иесі, алтын қазығы, оқу-ағарту  ісінің үздігі, мейірім шуағы мол әке, халыққа сыйлы азамат атанған Сйқымбай Сапаров.  

Ағамыздың қызығын көріп, кемеліне кенеле алмай кеткен ұл-қыздары өмірден өз орындарын тапқан. Оқыған, тоқыған. Бәрі де білім алып билікке көтерілген. Балаларының қай-қайсы болмасын әке жолымен абыройлы еңбек етіп келеді.

                -Біз әкеміздің армандап кеткен мақсат-мұраттарын шама-шарқымызға қарай жүзеге асырып жатырмыз деп ойлаймын. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөздің жаны бар. Сондықтан да әкеміздің рухы мен аруағы риза болса, екен деп  перзенттік парызымызбен қолдан келген құрметімізді жасап жатырмыз. Әкеміздің алдындағы қарызымызды біз ешқашан ұмытпаймыз,-дейді ұлы Әріп.

                Міне, ұлағатты ұстаз, ақылгөй әкеден тәлім алған ұрпақта ұяда көргенін іліп отыр. Олардың өзара жан жадыратар жарасымдылығы мен ынтымағы көз қуантады.

Мақаламыздың соңында жақсы өнеге әкеден балаға мирас екенін, сондай-ақ «Жақсының аты өлмейді» дегенді айтқымыз келеді.

Дүйсенбек Жақсыбаев

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar