USD449.3EUR489.69RUB4.89

Елі ардақтаған абыз ақсақал

19 ақпан 2020, 15:33
Шежірелі қарт Ертістің бойындағы Семей шаҺарында өмірі мағыналы белестерден тұратын тоқсан жастың төріне парасат пайымымен жеткен абыз ақсақал бар. Балалық шағы соғыс өртіне шарпылып, белі қайыса жүріп, майданға кеткен аға, әкелерінің орнын басып, тылдағы жұмыстарды атқарды, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген мақсатпен ересектерден қалыспай еңбек етті. Қазаққа біткен қайсар мінезді жас бұл қиыншылыққа еш мойымай, қайта оны қарсыласа жеңе жүріп, өмір ұсынған ауыр да жауапты міндеттерді алған бетінен қайтпас қайсарлығы арқасында жеңе білді. Жалынды жасты ауыр еңбек шыңдады, мінезін қалыптастырды, бойына жігер, табандылық қасиеттерін дарытты, бойын тіктеді. Қайта қиындыққа қайралған бозбала мінез өткірлене түсті.
Елі ардақтаған абыз ақсақал

Тегі жақсының – өзі жақсы

Соғыс ауыртпалығы оларды тез есейтті. Әкесі Ілиястың  ержетіп қалған Мұстафаға майданда аттанарда: «Балам, енді есейдің, анаң мен ініңе бас-көз бол, ендігі шаңырақ иесі – өзің» деп аманат етіп тапсырғаны әлі күнге дейін есінде. Аманатқа адал ұл әке сөзін берік ұстанып, қайнаған өмірдің бел ортасында жүрді, анасына тірек, інісіне қамқор болды. Текті әкенің тәрбиесі, соңғы аманаты жас қыранның қанатын қатайтты. Отан үшін қаза тапқан майдангер әкесінің орнын ойсыратпай ендігі жерде шаңырақтың егесі өзі екенін жас Мұстафа жан-дүниесімен сезінді.          

Арман қанатындағы жас білімге ұмтылды. Сөйтіп, Алматыдағы іргелі оқу орны Қазақ мемлекеттік университеттің тарих факультетіне оқуға түсті. Тарихшы-ұстаз Қарағанды қаласында еңбек (жолын бастады. «Жас келсе, іске» дегендей, педагогикалық училищеде жастығына қарамай, оны директордың орынбасары лауазымына қойды. Жауапкершілікті сезінген жалынды жас қала өмірінің барлық игі шараларына білек сыбана кірісті, өзінің білімді, қайсар да өткір мінезімен танылды. Қарағанды қаласында үлкен еңбек жолының алғашқы кірпіштері қаланды, жай ғана қалана салған жоқ, берік нық, сапалы қалана түсті.

Болашақ, өмірлік жары Лимараны жолықтырып, өмірлік болуға серттесті. Майданға кеткен ері оралмаған  Қайни ананың уайым торлаған жүзіне қуаныш үйірілді, тағдырына шүкіршілік етті. Өмірден өткенше қабақ шытпай қараған ізетті келініне риза болып, батасын беріп кетті. Лимара апайдың әкесі Ұлбауұлы Түсіп оқыған, домбырамен қоңырлата ән салатын, көкірек көзі ояу, мықты азамат болған деседі көз көргендер. Жақсы әке, жақсы ананың тәрбиесін көрген Лимара әпкеміз ибалы келін бола білді. Қос анасының жаралы көңілдерін қамқор әрекетімен, жүрек жылуымен демеді. Қазақ отбасының жылуы мен берекесін келтіретін жаны жақсылыққа толы аналар барында әр отбасы мейірім шапағатқа бөленері хақ. Қиындыққа қасқая қарсы тұрып, балаларын мәпелеп өсіріп, қатарынан кем қылмай өсіретін, қазақ әйелінің болмысы неткен мықты еді?!

Қыранның қыран болмағы – самғауынан

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлының «Ұлтқа қызмет ету, білімнен емес мінезден» деуі ғұмыр белестерінде мағыналы іздері сайрап жатқан, парасат иесі Мұстафа Ілиясұлының болмысын танытар алғы сөзіміз іспетті. Ел іргесін нықтап, білімі мен тәжірибесін қоса жұмсап, халқына қызмет ету – қатайған қанаттың ендігі жерде ұлт мүддесіне қызмет етер шағы еді. Ойына түйген ақылы мен тәрбиесі, ерте есейткен еңбек жолы демеу болып, Қарағандыдан бастау алған білім беру ісіндегі жұмысын жақсы жүргізіп, ел алғысына бөленді. Қазақта «Ер – туған жеріне» деген сөз бар. Қарағандыда жемісті еңбек ете жүріп, жас Мұстафаның сағынышы туған өлкеге қарай алып ұшты. Сөйтіп олар 1958 жылы туған жерге табан тіреді. Жалынды жас Новопокровка ауданындағы Знаменка орта мектебіне жетекшілік етеді. Ауыл мектебінде кездесер қиыншылықтар мен бөгеттерді жеңу үшін бар қажыр-қайратын, жігерін жұмсады. Жары Лимарамен ынтымақты үй бола жүріп, мектеп жұмысын ілгерілетті. 1965 жылы Бородулиха ауданы қайта құрылып, Мұстафа Ілиясұлы Аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып сайланады. Өзін шебер ұйымдастырушылық қабілетімен, жұмысқа деген асқан жауапкершілік қасиетімен көрсете білген білікті азамат көп кешікпей Аудандық кеңестің төрағасы болып, осы ауданда ұзақ жылдар тұрақтап жұмыс істейді. Ісіне мығым, сөзіне берік, табанды мінезімен қай істе болсын жарқырай көрінген азамат көпшілік ризашылығына бөленеді. Жақсының мейірімді жүрегінен ынта-ықыласымен беріле жасаған жұмысы ел назарынан тыс қалған жоқ. Сол кезеңде ауданның көркейіп өсуінде Мұстафа Ілиясұлының жарқын қолтаңбасы бар екені хақ.

Баспа ісінің шебері

Семейге біржола ауысқан соң Мұстафа Ілиясұлы баспа ісі, полиграфия, және кітап саудасы істері жөніндегі басқарма бастығы қызметіне тағайындалады. Ол кезде облыстық және аудан орталықтарындағы баспаханалардың жұмысы қыруар еді. Баспагерлік жұмысты шебер ұйымдастыра жүріп, өз ісіне деген құнттылығының арқасында газеттің, кітаптың оқырман қолына уақытында жетуін қамтамасыз етті. Мұндай орасан еңбек тек азаматтың азаматының ғана қолынан келетін еді. Өндірістік бірлестікте талай жаңашыл бастамалар жасалды. Мұстафа Ілиясұлы Полиграфия өндірістік бірлестігінің бас директоры қызметін атқарған жылдары талай шаруа дөңгеленіп, болашақ баспахана үйінің іргесі қаланды. Бірақ қоғам өзгеріп, бұл жарқын істің орындалуы кешеуілдей берді. Талай жыл орнына нық қойған баспахана ісін жастарға тапсырып, құрметті зейнеткерлікке шықты.  Қазіргідей жұмысты жеңілдететін техника жоқ заманда, барлық жұмыс қолмен жазылып, терілетін шақта азабы мен машақаты көп жұмысты атқарған Мұстафа ағадай азаматтар еңбегін келешек ұрпақ мақтан етері даусыз.

Бойындағы іскерлік, сан жылдар жинақтаған тәжірибе, ұлт рухына бей-жай қарай алмаушылық Ілияс ағаны тыныш отырғызбады. 90-жылдардың басында 1918 жылы Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов шығарған «Абай» журналы араға талай жыл салып халықпен қайта қауышты. Белгілі қаламгер Рысхан Мұсаұлы бастатқан журналистер «Абай» журналының оқырман қолына жетуі үшін кездескен қиындықтарға қарамай еңбек етті. Журналды шығару ісі қиындаған кезде саналы ғұмырында журналистерден ешқашан қол үзбеген Мұстафа Ілиясұлы сонау Ленинградтағы, Украинадағы достары көмектесіп, қағазды шетелден алдырды. Мұндайда кезіндегі шетелдегі басқосулардың септігі тигенін ризашылықпен еске алады. Аталмыш журналды Алматыдағы «Дәуір» баспасынан шығарып, демеушілерді де өзі іздеп табады. Мұндай игілікті істің ұлы Абай тойына керемет тарту болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Мұстафа Ілиясұлының журналдың алғаш жарық көрген жылдары тиражы көбейіп, елге таралауына қосқан еңбегі зор екенін баса айтқымыз келеді. Баспа жұмысының жанданып, жақсы жұмыс істегені де Мұстафадай алғыр басшылардың тұсы еді. Асыл ағаның елге қадірлі еңбегі елеусіз қалған жоқ. Екі рет «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен, Жоғары Кеңес Президумының Құрмет громаталарымен марапатталады.

Өмірдің өзі – үлкен мектеп

Абай: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады»-дейді. Қиындығы мен қызығы, ағы мен қарасы, жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін өмір көшінде мәнді де мағыналы ғұмыр кешудің бақыты – адал еңбек етіп, ел айта жүрерліктей, болашақ ұмытпастай ғибратты іс қалдыруында болса керек. Жақсы адамның жүріп өткен жолына тірлігінде түйгені, сабырлы мінезі, сырлы ақылы қосылғанда тұлғасы одан әрі биіктей түсетіні бар.

Мұстафа Ілиясұлы – қандай қызметті атқармасын асқан ыждаһаттылықпен, іскерлікпен атқарған жан. Айналасына сыйлы, шаңырағының бәйтерегі, абыз ақсақал осы жасында кемелділік пен кісіліктің шыңында тұр. Өткенге көз жіберсе, тарам-тарам өмір жолдары келеді көз алдына. Қызығы мен қиындығы араласып келген өмірдің өзі – бір мектеп. Басшылық қызметте қарамағындағы адамдарды да өзіндей өсіп, толысып, адал қызмет етуге үндеді. Өзі де үлгі бола білді. Бүгінде бірге қызметтес болған замандас, інілері асыл ағаның берген өнегесін, қамқорлығын еш уақытта ұмытқан емес.

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол» деген Абай сөзі дәл Мұстафа Ілиясұлындай асыл азаматқа арналса керек. Тамырын тереңге жіберіп, жапырағын кеңге жайған мәуелі бәйтеректің саясында асыл жары, балалары, немере-шөберелері бақытты ғұмыр кешуде. Қанында тектілік пен бекзаттық бар Ер тұлғасы арқалы ақын Қасым жырлағандай,

«Ей, тәкаппар дүние,

Маған да бір қарашы.

Танисың ба сен оны,

Мен қазақтың баласы!»-деп әлемге жар салып тұрғандай. Тоқсан жасты бағындырған Мұстафа Ілиясұлына «Мерейтойыңыз құтты болсын. Ұзақ өмір сүріңіз, абыз ақсақал!» демекпіз.

Үміт ШӘРІПОВА  

 

    

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar