USD412.24EUR470.98RUB5.81

Баба рухына құрмет – ұрпақ парызы

31 қаңтар 2020, 13:25
Ұлттық тарихи мұра, салт-дәстүрімізді дәріптеп, жас ұрпаққа мұра етіп қалдыру – бүгінгі күннің еншісіндегі жауапты міндеттердің бірі. Осы мақсатта ел болып жиылып, болашақ үшін жасалатын шаралардың маңызы айтпаса да түсінікті. Осындай игі шараның, Қазақстан бойынша кең қанат жайған игілікті істің биыл Семей өңіріне аманат етіп табысталғаны өңір үшін зор жауапкершілік жүктейді. Аталмыш шараны ұйымдастыруда болашақта атқарылар жұмыстарды анықтап, қор мәселесін шешу мақсатында ақылдастар алқасы кеңесу үшін бас қосты.
Баба рухына құрмет – ұрпақ парызы

Жиынға «Кетбұға-Төлегетай» халықаралық қорының үйлестірушісі Мұхамеджанов Манарбек, «Кетбұға-Төлегетай» халықаралық қорының Семей өңірі бойынша басшысы Ысқақов Хамит, этнограф-тарихшы ғалым Мұхамедиұлы Мұхамедқазы, тарихшы ғалым, профессор Амантай Исин, Кәкімжан Қаженұлы қатысты.

               Хамит Ысқақов, «Кетбұға-Төлегетай» халықаралық қорының Семей өңірі бойынша басшысы:

               - Бүгінгі жиналып отырған шаруамыз – 2020 жылдың 25 қыркүйегінде Төлегетай бабамызға арналып өткізілетін шараның жоспарын ақылдасу. Бабаның мазары Қызылорда облысы Жаңақорған ауданынан 24 км жерде орналасқан. Біз Семей өңірінің азаматтары бүкіл Қазақстан болып, бұл шараны өткізуіміз керек. Жылда өтетін Төлегетай бабамыздың рухына арналған игі істердің биылғы жылғы эстафетасы біздің Семейге табысталды. Ауыспалы Елтаңбаны Жаңақорған елінің азаматтары бізге аманат етіп тапсырды, біз қабылдап алдық. Бұл ауқымды жұмысты үлкен сеніммен, жауапкершілікпен өткізуіміз керек. Бүгінгі басқосудағы мақсатымыз – болатын жағдайлардың барлығын келісіп, құрылған қорға қаржы құю. Барлық нәрсе қаражатқа келіп тіреледі.  Сондықтан біз қандай жағдайда болмасын бәріміз береке-бірлік көрсетіп, жан-жақтан біріккен жұмыс жасап, азаматтарды, туыстарды жұмылдыруымыз керек. Қор құрылды, сол қорға адамдарды тарту жұмысын ұйымдастыруды қолға алауымыз керек. Сондықтан алдын-ала келісім бойынша біздің ең бірінші міндетіміз – ас беру болатын болса, екінші – Төлегетай баба тарихына қатысты ғалымдардың еңбектерін жинақтап кітап шығару. Тағы бір ауқымды іс – баба мазарының басында семейліктерден ескерткіш ретінде тәу етіп барған адамдар тоқтайтын, түстенетін киіз үй формасындағы ғимарат салып беру. Оның сызылған жоба-кескіні дайын. Енді қорға жиналған қаражаттан алатын керекті жабдықтарды ұйымдастыруымыз керек. Жұмыла кіріссек, ойдағыдай өтеді деп ойлаймын. Айта кету керек, мұның алдында семейліктер екі рет ас өткіземіз деп алып, өткізе алмай қалған жағдайы бар. Сондықтан бір жағынан біз үшін бұл – сын, намыс. Осы ауқымды жұмысты абыроймен атқарып шықсақ деген дейміз. Қорға демеушілік көрсетеміз деп құлшынып отырған азаматтар бар.

               Мұхамеджанов Манарбек, «Кетбұға-Төлегетай» халықаралық қорының үйлестірушісі:

               - Төлегетай бабамызды ұлықтау мақатында басқа облыстар әр түрлі іс шаралар өткізді, ашылу салтанаты жасады, ас берді, бәйге ұйымдастырды. Біздің ойымыз – Семей ғана өткізеді деп қарап отыру емес. Әр облыста құрылған қор көп. Осы қорларм біріктіріліп, бір-ақ қорға жиналу қажет. Қазақстандағы «Кетбұға-Төлегетай» қоры болып, іс жасауымыз керек. Жұмыстардың бәрі айналып келгенде, қаражатқа тіреледі. Осы атқарылып жатқан жұмыстардың мақсаты біреу-ақ. Ол – қазақтың басын қосу. Руыңды біл, еліңді біл. Бірақ қазақ болып бірігу.

               Үй салу деген оңай шаруа емес, бірталай қаражатты керек етеді. Киіз үй салынатын жердің мәселесін анықтап алу қажет. Бұл шараға жылда мың жарым адамдай қатысады. Бұл өңірден 200-дей адам қатысармыз. Ал негізінен оңтүстіктің тұрғылықты халқы қатысады. Оның үстіне ас ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңына дөп келіп отыр. Бұл біз үшін үлкен абырой және сын.

 

               Этнограф-тарихшы ғалым Мұхамедиұлы Мұхамедқазы, шежіре жағынан тартып берді.  

                - Тасқа басылған тарихы жоқ, жиып қойған архиві жоқ көшпелі қазақ бабамыз жайында айтқан қиындау соғатыны рас. Көп дүние аңыз арқылы жеткен дүниелер. Төлегетай бабамыз – өзінің қасиетіне, ерлігіне байланысты рудың көсемі, биі болып ел басқарған адам. Кейде шежіре мен тарихтың сәйкеспейтін тұстары да кездеседі. Бабамыз –  тарихта қалған үлкен тұлға. Төлегетайдың төрт баласы – Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуыл. Рулы елдің тарихта өте көп қиындықтарға ұшырағын белгілі. Төлегетайдың ұрпағы бүгінде өсіп-өніп қалың Найман елін құрайды.  Төлегетай – тарихта болған адам. Мұхамеджан Тынышбаевтың жазбаларында Ташкентте басылған қазақ халқының тарихына қатысты еңбекте Төлегетай баба жөнінде мәліметтер жазылған.

               Төлегетай өз заманында өте белгілі адам болған, өз тұқымына билік жүргізген. Даңқы шыққан жалаңтөс батырға қожалар қызын беруді лайық көрген. Ол кезде қожалар пайғамбар әулетіненбіз деп өздерін халықтан жоғары бағалайтын. Оларға қыз бермейтін. 1646 жылы Төлегетайға қызын бергені оны хан әулетіне пара-пар санағандығын деп есептеледі. Бұл күндері Қаракерей ішіндегі Қылыш қожамыз дейтін рулы ел бар. Ел ішінде бұлар өздерін Төлегетайдың қайын атасы Қылыш бабаның ұрпақтарымыз деп есептейді. Төлегетайдан тарайтын төртеудің іргесі бөлінбеген, ынтымағын, туыстығын сақтап келе жатқан адамдар.  Жоңғар шапқыншылығы кезінде Арқадан ауған ел  Алтай, Тарбағатай өңіріне қарай ойысып отырған жағдайлары болған. «Ақтабан шұбырындыға» дейін Қаптағай Найман ұлысының ұраны болған. Жоңғар соғысынан кейін Қабанбай ұраны алмастырған. Монғол тілінде жабайы түйенің бурасын қаптағай деп атаған. Әсіресе көне түрікте Наймандарда батырларын, билерін бұқа, бура, қаптағай, қаптағай, төбет, барақ деп атаған. Қаптағай бабаның кабірі Түркістанда екенін білесіздер.

               Тағы бір дүние Қылыш әулие дүниеден өтерде өзін Төлегетайдың қасына жерлеуді тапсырған. Біз Төлегетай бабамыз жайында айтқан кезде Мұхамеджан Тынышбаевтың естеліктерін еске аламыз, түс көргендегі балаларына берген сөздері, сол кезедердегі Қылыш әулиенің берген бағасының беделі биік адам болғанын аңғарамыз. Төлегетай бабамыздың ұрпақтарының жаугершілік заманда ерлікпен шайқасқандығы, рухы басылмайтын  өр мінезді, елін, жерін жаудан аянбай қорғайтын ел болған деседі тарихи дерек-аңыздар.

               Амантай Исин, археолог-тарихшы:

               - Біздің ата-бабаларымыздың тарихы – тереңде. Наймандар  Шыңғысқан заманында көп күйзеліс көрді. Ол кезде бұлар жеке-жеке тайпа халықтар. Сол кезеңде ел шашырады, бытырады. Әрбір елдің өзінше шежіресі бар. Аруақты атаның бірі – Төлегетай. Заманында би, батыр болған. Таңбаларына қарап ру, тайпа анықталған. Тоғызтаңбалы Найман да кездейсоқ құралған жоқ. Ғұндық жүйе сақталған. Мұның барлығы елді біріктіру, жалпы қазақты тұтастандыру үшін жасалған. Ол сол кездегі идеология.

               Төлегетай бабаның рухына арналып жасалып жатқан игілікті іс – құптарлық дүние. Бұл халықтың ынтымағын көрсетеді. Осы арқылы біз қазақ болып бірігіп отырмыз. Ешбір ру, тайпа бір-бірінен артық емес. Тұлғаларға лайықты құрмет көрсету дұрыс деп есептеймін. Тек қана рушылдыққа салынбау керек.

               Баба рухына тағзым көрсетпек мақсатында өткен ақылдасу жиыны алдағы атқарылар жұмыстарды жоспарлы түрде белгілеп, ай сайын кездеспекке уағдаласып тарасты.   

Үміт ШӘРІПОВА

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2020
Әрленім және құрастыру
SemStar