USD491.7EUR531.28RUB5.07

МЕНЕН СІЗГЕ – МОТИВАЦИЯ

02 қыркүйек 2022, 17:48
Адамды болымсыз немесе жақсы деп бағалауға асықпаңыз! Алдымен іс-әрекетін бақылаңыз, егер бірге жолаушы болып көрмесеңіз, бірге жұмыс істемесеңіз, бірге тұрмасаңыз, жақын араласпасаңыз қателесуіңіз де мүмкін.
МЕНЕН СІЗГЕ – МОТИВАЦИЯ

Әсіресе, әлеуметтік желіде имидж, образ оңай қалыптасады. Себебі, адам ойланып сөйлеп, дайындалып әрекет етеді. Жаман дегеніңіз өте жақсы, жақсы дегеніңіз нашар адам болуы да ықтимал. Адамның көбі кейде алыстан ғана тым жақсы көрінбек. Жақындаған сайын ол туралы түсінік өзгере беруі мүмкін. Түрін бояусыз көрген сияқты, жанын жалаңаш көресіз. Жасанды қылықтар, әрекеттер менмұндалап сыртқа шығады. Егер жақсы адам екеніне, адамдығына көзіңіз жетсе, онымен қарым-қатынасты үзбеңіз. Мына дүниенің жарқылына айырбастамаңыз. Себебі, адам баласының іздеп, таппай жүретіні – шынайы достық пен жүрек жылуы емес пе.

Адамгершілік - асыл қасиет, адамның жан қазынасының биік тұғыры. Әрине, барлығымыз жақсы адам болуға бейілдіміз, тырысамыз. Өмірде жақсы жандар көп. Асып-тасыған байлығы болмаса да, ортасына сыйлы, сөзі салмақты, адамгершілігі биік, есті азаматтар бар. Атақ-даңқы, лауазымы болса да кішіпейлдігі мен адамгершілікті сақтай білгендер баршылық. Бірақ, солардың ішінде жасанды кішіпейілдік, өтірік қамқор болу, сырт көзге жақсы көрінудің амалдарын жасап жүргендері қаншама десеңізші. Олай болса, шынайлық пен жасандылықты ажырата аламыз ба? Кейде «адам тани алмаймын» дегенді естіп жатамыз. Алайда, күндердің күнінде ол жасандылықтың да беті ашылатын күн туады. Яғни, ол адамдар жақсы актер, өз рөлдерін жақсы сомдайды. Сырт-көзге әдемі жымиып, қарапайым болып көрініп, жылы-жылы сөздер айтып, асыра мақтап, өтірік қамқор болып, халіңді біліп, пайдаланып кететіндер де болады екен.

Бір өкініштісі, мұндай адамдар көбіне өмір бойы дәл осы маскамен жүруі мүмкін. Бұл екіжүзділік. Міне, осындай мінезден аулақ болайық. Кісілік - өресі биік, қастерлі қасиет. Кісілік пен кішілік ұлылықтың белгісі. Бұл сөздің екінші жағы да бар. Біреу келісер біреу келіспес. Бір адамдарды «кісі» болып кетті деп айтып жатады. Неге? Аяқасты атағы шықса не болмаса байып кетсе, бастық болса кісі болып кетті дегенді естиміз. Қандай дәрежеге жетсек те «кісі» болмайық. Біреудің ала жібін аттамау, үлкенді сыйлау, кішіге ізет үлкенге құрмет көрсету, махаббатқа берік болу, сүйгеніңе адал болу, шынайылыққа ұмтылу, әділеттілік таныта білу. Тізе берсек адамдықты танытар әдеттер мен ізгі амалдармыз көп-ақ. Бірақ, біз өмір сүріп жатқан заманда адамгершілікті сақтап қалу оңай емес. Себебі, бізді азғыратын ақша бар, алтын бар, атақ пен даңқ бар, желідегі мыңдаған лүпіл бар. Бір мәрте жақсы болып көрінетіндер де көп, қайырымдылық жасап атын шығарып, артынан теріс сөздерді айтып жүргендер де бар. Осының барлығы біздің шынайы бет-бейнемізді көрсетіп, адамгершілік танытуымызға кедергі жасайды. Жақсы адам деген атқа лайық болайық, оны ұстап жүруден асқан қасиет жоқ, сірә.

Сан- түрлі қиындықтан сізді алып шығатын сенімді серігіңіз - сенім, жанның тазалығы, өзгеге істеген жақсылығыңыз. Көңіл бөліңіз! Дүние қумаңыз. Оған уақыт жоғалтпаңыз. Оны - өзіңізден, ардан, адамдықтан биік қоймаңыз. Қойған кезден бәрі кері кетеді. Иә, керек дүние көп. Бірақ ол адамнан жоғары тұрмауы керек. Оның орны - есік жақта, төрде - адамдық. Дүние тұрмақ уақыты келгенде адамды алып қала алмаймыз. Және инені де әкете алмаймыз. Өмір сүріңіз! Сізге өмір сыйға берілген.  Ауасыз неше минут тұруға болады, сусыз ше? Оларды сатып алатын болсақ ше?! Ол қымбат болса ше? Ал біз қайдағы қажетсіз “керектердің” соңында өмірді тәрк етіп жүрміз. Өмірге саналы көзбен, ояу көкірекпен қараңыз.

Өмірде ең маңыздысы - жақсы көру. Жақсы көру талай жақсымен кездестіреді, адамға талай есікті ашады, қаншама игі істерге жетелейді және нағыз өмір сыйлайды. Жақсы көруді ер мен әйел арасындағы сезіммен ғана байланыстырмаңыз. Махаббат - әлемді тербеп тұрған ұлы күш. Жақсы көрудің маңыздылығын адам ертерек түсіне алмайтыны өкінішті. Оны әдетте кеш ұғады. Өмірдің соңында пенде ғапыл қалады. Мәннің бәрі жақсы көрудің айналасында ғана екеніне көзі кеш жетеді.

Қазір отырған әлеуметтік желің, дәл қазір жарыса жазып жатқан сенсация, алған білімің, жұмысың, ақшаң, жанталаса жинаған атағың, дүниең, т.б. толып жатқан “құндылықтар” - мұның бәрінің соңғы демің үзілерде маңызы болмайды. Сенің есіңде тек қана кімді жақсы көргенің, адамдармен қарым-қатынасың, жақсылық жасағаның ғана қалады. Өкінішің де, қимасың да сол сәттермен ғана байланысты болмақ. Негенің бәрі тек осылардың айналасында ғана қойылады. Ешкім жақсы көлік мінбедім, зәулім сарайда тұрмадым, жақсы орынтақта отырмадым деп өкінбейді. Бұлар дүниедегі ең қолжетімді дүние екенін түсінеді. Өкінішке орай, өмірдің соңы әбден қартайып, өлуге дайындалатындай мүмкіндік бере алмайды. Кез келген сәт соңғы болуы мүмкін. Қалтасы жоқ киім киерде дәл күллі мақсаттарың күлкілі әрі тым арзан болып қалады. Олай болса, ең керексізді бірінші,  ең маныздысын соңғы орынға қоюдан уақытында арылыңыз.

Сымбат  ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar