Әлемдік спортта, яғни былғары қолғап бәсекесінен әлемдік деңгейде екеніміз барлығына белгілі. Кешегі Бекзаттан бастау алып, Серік пен Бақтияр ізін жалғап, бүгінгі күні Генадий Головкин, Қанат Ислам, Данияр Елеусіновтер өздерінің жарқын жеңістерімен қалың көпшіліктің есінде қалды. Шыны керек, бокс біздің елімізде дамудың шарықтау шегіне жеткен деп сеніммен айтуға болады.
Тіпті, сегіз бұрышты алаңда, яғни ережесіз жекпе-жектен октагонда қарсыластарын ойсырата ұтып жүрген жастарымыз да жарап тұр. Олар: Қуат Хамитов, Жалғас Жұмағұлов, Шавкад Рохмонов жасындай жарқылдап, қазақ елін әлемге танытуда.
Айта берсек көп қой, шіркін...
Ендігі біздің елде әлі күнге дейін дамымай, шетте кенжелеп қалған спорт түрлерін де айта кеткен артық болмас. Иә, кейіндеп қалған спорт түрін ойға оралтсақ, футбол еске түсетіні анық. Алаңда бір доптың артынан қуғандардың алатын айлықтары да аз емес. Бірақ, нәтиже үшін ойнайтын ойыншылар саусақпен санарлық. Қалғаны пендешілікке салынып, ақшаның соңынан жүгіретіндер қазақ футболының дамуы үшін емес, материалдық дамуына қатты көңіл бөлетін секілді. Осыдан кейін қайдан ғана футболымыз алға баса қойсын. Әрине, жалғыз фактор бұл емес.
Футболды дамыту жолында кейбір азаматтар аянбай тер төгуде. Мысалға алатын болсақ, Қайрат Боранбаев “ФК Қайрат“ академиясын ашып, жастайынан балаларды сол жерде тәрбиелеп, болашағын жарқын етпек ниетте жұмыс жасап жатыр. Қолға алған ісі жылдан-жылға оң нәтиже көрсетіп отыр. Ол жерден талай таланттар шығып, өздерін мықты деңгейде көрсетуде.
Екінші даму жағынан «далада қалған» спортымыз - қысқы спорт түрлерінен. Мәселен, хоккей, шаңғы спорты, мәнерлеп сырғанау сынды мұзда орындалатын ойын түрлеріне қазақ баласының не ынтасы, не икемі жоқ.
Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсетіп жүрген жалғыз “Барыс'' хоккей клубының жағдайы да мәз емес. Құрамында үш қазақ баласы ғана бар. Қалғаны орыс және басқа ұлт өкілдері. Осының өзі қазақ баласының хоккейге ыңғайы келмеуінің айқын дәлелі емес пе...
Кешегі мәнерлеп сырғанаудан үздік болған марқұм Денис Тэн де кәріс ұлтынан болғаны белгілі. Әлі күнге дейін сол спорт түрінен жарқ етіп шыққан қазақ баласын көрмедім. Осының өзі де бір дәлел.
Негізінде біздің еліміздің тең жарты бөлігінің ауа райы қысқы спорт түрлерін дамыуға өте қолайлы. Шығыс, Солтүстік, Орталық Қазақстанда қар десең қар жауып, мұз десең мұз қатады. Осындай өңірлерде қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында түрлі спорт кешендері мен мұз айдындарын салуға әбден болады. Болмай бара жатқан күннің өзінде Алтай сынды биік, жоталы тауларда жаттығу жұмыстарын өткізуге де мүмкіндіктер бар. Қысқы спортты дамыту үшін сол саланың жетекшілері білек сыбана іске кіріссе деген ізгі ниеттеміз.
Адам игермейтін сала болмайды. Пенденің қолынан ниет болса барлығы келеді емес пе. Ол үшін, қызығушылықты арттыратын арнайы шаралар қабылданып, жағдайлар жасалса, қазақ баласы хоккейді бұйым көрмей, мәнерлеп сырғанауды да меңгеріп, шаңғымен еркін «шабатыны» сөзсіз...
Ернұр ДҮЙСЕНҒАЗЫ