USD491.7EUR531.28RUB5.07

Бақытын бапкерліктен тапқан

28 шілде 2022, 16:56
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы № 47 орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің ұстазы және каратэ спорт түрінің жаттықтырушысы Байгелді Айдын Қуанұлы мырзамен сұхбаттасудың сәті түсті.
Бақытын бапкерліктен тапқан

- Айдын мырза, спорт әлеміне қалай келдіңіз? Бала кездегі арманыңыз ба? Әлде жаттықтырушы болуды қосымша табыс көзі деп есептейсіз бе?

- Ең алдымен, спортты жақсы көріп, келешекте осы бағытты таңдауыма ата-анам ерекше ықпал етті. Кішкентай кезімнен түрлі үйірме жаттығуларына қатыстырды. Қазіргі таңда спорт саласында жүргеніме он бес жылға жуық уақыт болды. Бапкер ретінде жеті жыл  қызмет атқарып келемін. Қосымша табыс көзі деп есептемеймін. Алға қойған мақсаттарым айқын, ниетім таза. Бүгінгі таңда көңілім түкпірінде ұялаған жеңістің көк туын желбіретіп, шәкірттерім биік белестерді бағындырса деген арман. Осыған күш салудамын.

- Бапкерлік жолға қалай келдіңіз? Не түрткі болды?

- Бас кезінде бапкер боламын деген ойдан аулақ едім. Құрылыспен, саудамен де айналыстым, бірақ өзімді таба алмай жүрдім. Көңіліме қона қоймады. Сонан соң, күрес үйірмесіне жазылып, жаттыға бастадым. Бір жыл өткенде каратэ үйірмесіне ауысып кеттім. Міне, осы спорт түрінде өз орнымды тапқанымды сезіндім. Өз қалауың бойынша қызығушылықпен басталған  жұмыс бүгінде өз нәтижесін беруде. Бапкерлікті мен емес, мені бапкерлік таңдады деп толықтай айта аламын.

- Аға, спорт саласында өзіңіз  үлгі тұтатын кімдер бар?

- Еліміздің көк туын әлемге желбіреткен қаншама батыр ағаларымыздың барлығын өзіме үлгі көремін. Атап айтар болсам: Жақсылық Үшкемпіров, Мұстафа Өзтүрік, Бекзат Саттарханов, Геннадий Головкин, Жәнібек Әлімханов сияқты чемпион жеңімпаздарымыздың жетістіктерін оқушыларыма әрдайым насихаттап отырамын. Сол  тұлғалардың жеткен белестерін  дәріптеп, шәкірттеріме жігер беремін. Өзгені үлгі тұта жүре, қоғамда өз орындарын ойып тұрып қалдыруға баулимын.

- Каратэге деген жастардың қызығушылығы қандай?

- Балалардың жас мөлшеріне қарай, әрқилы. 5-9 жастағы балалар арманшыл келеді. Осы жастағы балалардың тобымызда саны басым.10-11 жастағы балалар белгілі бір мақсатпен келеді. Шыны керек, кейбірі арықтауды ойлайды. Енді бірі дене бітімін өзгерткісі келеді. Өз білуімше, бала   арманшыл болғаны дұрыс. Сонда ғана биік мақсатқа жетуге болады.

- Каратэнің бірнеше түрлері бар. Соның ішінде сіздер айналысатын қайсысы? Тарқатып айтып өтсеңіз.

- Каратэ – өзін-өзі қорғау үшін қолданылатын жекпе-жек өнерінің бір түрі. Ол сондай-ақ физикалық және психикалық тәртіпке баса назар аударуымен танымал болды. Каратэнің кейбір түрлері қаруды пайдаланғанымен, ол шайқаста өзін-өзі қорғаудың қарусыз әдісі ретінде бағаланады. Каратэнің он бір түрі болса, біздің айналысатынымыз «толыққанды» деп аталады. Киокушин жапон тілінде «соңғы шындық» деп аударылады. Бұл каратэнің агрессивті, жауынгерлік стилі. Оның ерекшеліктері мыналар:

- Ол денемен толық жанасу спаррингі, агрессивті соққылар және жоғары соққылар элементтерін қамтиды.

- Қарсыластарға бір-бірінің басын, сондай-ақ, дене мен аяқтың басқа жерлерін тебуге рұқсат етіледі.

- Қарсыластың денесіне тізе соғуды қамтитын тізе соққыларына да рұқсат етіледі. Айқын басымдылықпен ғана жеңіске жетеді.

- Сіздерге неше жастан бастап  балалар келеді? Айырмашылық жоқ па?

- Кейбір ата-аналар баланың икемді, ширақтығына қарай төрт жастан бастап береді. Негізінде толық бес жастан бастап  орталыққа қабылдаймыз. Жас ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі топтарға топтастырылады.

- Қазіргі қызмет жасап жатқан орталығыңыз жайлы айтсаңыз.

- Бапкер ретінде алғаш жұмысымды қарапайым мектептің бір бұрышынан бастадым. Кейін шәкірттерімнің  үлкен жетістіктерге жеткенін көріп, ынталандыруды жөн санадым. Жабдықталған үлкен спорттық залды жалға алдық. Онда балалар дайындалу үшін барлық жағдай жасалынған. Халықаралық деңгейде жарысқа қатысатын мақтаныштарымыз да бар.

- Жеңіске жету бапкерге қаншалықты байланысты?

- Жеңістің барлығы тек бапкердің арқасында деп айта алмаймыз. Алдымен, ата-ананың қолдауы маңызды. Баланы екі жақтап қолдайтын болсақ, алынбайтын қамал қалмайды. Спортшының өз еңбегі мен талпынысы да аса маңызды.

- Каратэнің әр түсті белгілері болады деп жатады. Осы тұрғысынан не айта аласыз. Деңгейлеріне қарай қалай ажыратамыз?

- Әуелі үйірмеге келген сәттен ақ белдікпен бастайды. Ақ түс – тазалықтың белгісі. Жақсылықтың нышаны.  Баланың жеткен жетістіктеріне қарай, жарты жыл сайын белдік түсі де ауысып отырады. Орташа деңгейдегі жасөспірімдерге көк түсті белдік тағылады. Сары белгі мен қоңыр белгідегі балалар жарысқа шығып, барынша бейімделген деп есептеледі. Ең жоғарғысы – қара белбеу. Ол шәкірттердің дайындығына да жоғары талаптар қойылады.

- “Балалар жылына” байланысты іс-шаралар ұйымдастырыла ма? Жарысқа қанша уақыт дайындық керек?

- Облыстық және қалалық деңгейде турнирлер ұйымдастырылып жатыр. Жалпы, жарыстарға көп сұраныстар келіп тұрады. Әсіресе, соңғы айларда қыздар арасында халықаралық жарыстар жиі болды. Қазақстан чемпионатына дайындық екі ай көлемін құрайды. Жеңіс үшін жоғары дәрежеде дайындық қажет. Қазақстан чемпионатында жақсы өнер көрсеткен жағдайда келесі турнирге жолдама алады.

- Шет мемлекетпен тәжірибе алмасу жүргізіле ме?

- Иә, әрине. Әртүрлі дәрежеде оқу-жаттығу жиындары өткізіледі. Бапкерлердің дәрежесі мен іс-тәжірибесін өсіру үшін кездесулер өткізіледі. Киокушин федерациясының ұйымдастыруымен жылына бір рет, бес күндік жиындар өткізіледі.

- Балалармен жұмыс істеу қиын болмады ма?

- Жоқ. Себебі, барлық шәкірттерімнің талпынысы жоғары. Лезде барлығын қағып алады. Мен олардың ерекше шабыттарына қарап, болашақта үмітімді ақтайтындықтарына сенімдімін. Алдағы уақыттағы жарыстарда жеңіске жетіп, қаламыздың атын шығарады деп ойлаймын. Мен олармен мақтанамын. Өзімнің жетпеген жеңістерімді, олардан көргім келеді.

- Аға, салихалы сұхбатыңызға рахмет! Бізге беймәлім ақпараттарға қанықтық. Алдағы уақытта, жеңістер көп болсын! Шәкірттеріңіз атыңызды әлемге әйгілеуді нәсіп етсін...

- Рахмет. Өзіңізге де шығармашылық табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан

Сымбат Жайсанбекова

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar