Бүгінгі бағдарлама - әйелі екеуінің отасқан кезде туылған баласын өз балам деп мойындамай отырған ер адамға арналған екен. Тіпті, айтуға да ұят! Қашаннан бері біздің қоғам некеде туылған баланың кімдікі екенін талқылайтын болған, қашаннан бері менің намысқой ағаларым жұбайының өмірге әкеліп қолына салған сәбиіне менікі ме, басқанікі ме деп сенімсіздік танытатын болған және қыл аяғы қашаннан бері менің қарагөз әпкелерім жарым, жартым деп келген ер-азаматының көңіліне соншалықты ауыр күмән қалдырып, осындай өте ұятты тақырыпты бүкіл қазақ жұртшылығының алдына шығарып, үлкен даумен шешілуіне жол беретін болған?!... Бұл не болғаны сонда?!.. Қазақ деген текті халықтың тентек ұл мен қыздарының арқасында абыройы айрандай төгілді ғой.
Сонымен, бір жарым сағатқа созылған бағдарлама барысында көп жандар өз ойларын жеткізіп, әркім өз бетінше тоң пішіп, өз болжамдарын айтып жатыр. Жасалған ДНК сараптамасының қорытындысын тіпті ең соңына қалдырыпты. Мен ұялдым! Шынымды айтайын, мен қатты уайымдадым! Ішімнен Құдай-ай, бала өзінікі болып шықса екен, сараптама қорытындысының нәтижесі оң болса екен деп тіледім.. Тіпті тест қорытындысы жазылған қағазды ортаға алып шыққанда жұмысымның бәрін тастай салып, орындыққа құлап қалмайын дегендей мықтап отырып алыппын. Өзімнің сырт көзге әбестеу көрінетін қылығыма назар да аударып тұрған жоқпын. Тағдыры шешілгелі сот үкімін тыңдағалы тұрған айыпталушыдай болып көзім бақырайып теледидарға қарап қаттым да қалдым. Бір сәтке демімді де шығармай, бала 99,98% аталған ер азаматтың баласы, қан алдамайды, мұрагері дегенде ғана мойнымнан ауыр жүк түскендей, уһ деп демімді алдым-ау?! Бір сәтке қуанып кеттім.. Қуанғанымнан күліп те жібердім. УУУҺ! Жеңіс!!!..
Жеңіс! Менікі сол баяғы «кемедегінің жаны бірге» келеді-ау қуанғаным. Жеңіс дедім.. Қуандым. Отырарды бір өзім алып келгендей болып.. Жеңіс!.. Бірақ, артынша мұңайдым. Жеңіліс!.. Әйел адамның өз еркегіне адалдығын дәлелдеп, баласын мойындатып жатқаны өте жақсы әрине, ол бала жаңа басқа біреудікі болып шықса мен өте қапа болып қалар едім. Бірақ, екі адамның арасында ғана болатын, екі жанның ғана білуі тиіс ақиқатын қалың жұртшылықтың талкысына салдыртып отырған, сол арқылы өзінің бір намысын түсіріп алған қарагөз, тілдес, Отандас әпкеміз үшін қынжылып қалдым.
Бұндай тақырыптар алдағы уақытта көтерілмесе екен деймін! «Міне балаң! » дегенде, «Менікі ме, шынынды айт!»-деп қуана айқайлай, әкелеп жүгіріп келе жатқан қара домалақ баланы қолымен тежеп тоқтатқанша, жақсы күндер мен тәтті түндердің нәтижесі ғой деп, істегенін мойнына алып, жауапкершілігін сезіне отырып: «Келе ғой, мұрагерім! Өмірімнің жалғасы! Қаным, барым, байлығым!» - деп бауырына басса, қандай жақсы көрініс болар еді. Мен бұл жерде біржақты ер адамды ғана кінәлі санағым келмейді. Отбасылық өмірде қателік екі жақтан да кетеді. Менің тек қалауым - екі ересек адамның арпалысында, бітпейтін майданында сәби жылап калмасыншы ортада! Қара домалақ бүлдіршіндеріміз ең жақын екі адамының дау-дамайын емес, той-думанын ғана көріп өссінші. Тілегімнің бас-аяғы осы.
Сіздер де тілеңіздерші, көп тілегі орындалмай қоймақ емес...
Ақмарал Қанатқызы