Психологиялық зерттеулерге сүйенсек, ең қолайлы жас 23-25 жас аралығы екен. Ал, 18 жас тым ерте дейді. Себебі, мектепті енді бітірген қыз үлкен өмірге енді аяқ басқан кезінде тұрмыс құратын болса, оның оқу мен отбасылық өмірді қатар алып жүру қиынға соғады.
Осы кезеңде қыз баласы оңы мен солын танып, отбасылық өмірге, ана атануға дайын болатын кезеңдердің бірі екен. Ал, бұрындары қазақтың дәстүрінің бірі қыз алып қашу деген болса, қазір ондай дәстүр жойылып бара жатыр. Себебі, танымайтын жігіттің еш келісімсіз күшпен алып қашса, заң алдында жауапқа тартылады. Сол себепті қазір әр адамның өз еркі бар. Дегенмен, отбасын құруда еліміздегі әр өңірдің салты әртүрлі. Оңтүстік өңірлерде қыз алып қашу салты әлі сақталған деседі. Ал, Батыста ерте жастан тұрмысқа шығуға ата- анасы қарсылық білдірмейді екен.
Сонымен, «Қыздар қай жаста тұрмыс құрғаны дұрыс?» деген сауалға бірнеше адамның ой-пікірін біліп көрген едік. Жанна есімді замандасымыздың айтуынша, тұрмыс құру жасқа байланысты емес. Яғни, қашан тұрақты жұмысқа тұрып, үй алып, өз жағдайын жасар болса, тұрмыс құруына кедергі жоқ. Ал медицинада, репродуктивтілік тәрбиенің бірінші қағидасы 18 бен 35 жас аралығында ғана бала туғаны абзал. «Сондықтан ер балаларға үйлену жасы 25-35 деп, ал қыздың отбасын құруын 22-30 жастың арасы деп белгілеген болар едім»,- дейді Жанна.
Ал, Ұлжан апайдың көзқарасында қыздар 19 жастан асқан соң тұрмысқа шыққаны дұрыс. «Бірақ қазір 15 жасында кетіп жатқандар бар. Таңғалмайтын болдық. Айырлысып та жатады. Бірақ бақытты болып жататындар да бар. Ер балалар көбіне ерте үйленіп жатады. Көбіне қыздың аяғын ауыр болуы себеп болады. Араларында түсінбеушілік болып жататындар бар», дейді ол шындықты жасырмай.
Қазіргі заманда жеке өмірін екінші орынға қойып, карьера жасау жолында жүрген бойжеткендер қаншама?! Өмірлік серігін іздегенде жігіт бойынан сын мен мін іздей беретін қыздар шаңырақ көтеруге асықпайды. Қызмет жолында ісі табысты болып, «оң босағада» отырғандардың да саны аз емес. Жігіттер жағы «нормальный» қыз жоқ» десе, қыздар «нормальный» жігіт» жоқ деп жарысады. Сонда «Нормальный» деген қандай адам? 25 жастан асқан соң қыз да, ұл да адамның жаман жағын көруге бейім келеді. Мінсіз адам болмайтыны белгілі, алайда, өмір заңдылықтарынан қашпай, бақытты ғұмыр кешуге ұмтылған. Шынымен де, адам бойынан мін іздеп тұратының рас. Не болмаса, «идеал» адамды санамызда елестетіп алатымыз шындық. Мүмкін ол да дұрыс шығар, кездескен әрбір жігтке еріп кете бермей, біраз ойланып барып шешім қабылдауы керек. Себебі, өміріңнің соңына дейін болатын сол адам. Көпке топырақ шашпаймын, байқағаным қыздардың көпшілігі астындағы көлігіне, үй-жайы бар жігітке шыққанды қалайды. Көп жағдайда болашағын ойлап тұрады.
Психологтардың тұжырымдамасында: «Болашақ отбасын құруда ерлі-зайыптылардың жас ерекшелік дайындығы ғана емес, олардың психологиялық даярлығы да маңызды. Болашақ шаңырақ иелерінің бір-бірін толық танып, жақсы түсіністік қарым-қатынаста болуы да үлкен рөл атқарады. Отбасының берік болуы болашақ ерлі-зайыптылардың өзіне байланысты. Олар болатын қиыншылықтарды алдын-ала сезіп, саналы түрде соны жеңіп шығуға бел бууы қажет. Әрине, отбасында түрлі экономикалық, әлеуметтік және жеке тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты мәселелер туындамай тұрмайды. Ондай қиыншылықтардың соңы отбасының ыдырауына әкеп соғатыны да белгілі. Осы ретте, жастардың 26-30 жаста отбасын құрғаны дұрыс. Сонымен қатар, қыз балалардың ерте есейетінін ескерсек 22-25 жас қыздар үшін қолайлы» деп отбасын құру үшін әр адам моральды, материалды және психологиялық тұрғыдан отбасылық өмірге дайын болу керек екені айтылған.
«Отбасы - шағын мемлекет» деп жатамыз. Ендеше, осы шағын мемлекетті құру, онда өмір сүру адамнан үлкен ептілікті, көрегенділікті, шыдамдылықты талап етеді. Қай жаста отау құрсақ та, бастысы береке мен бірліктің ұйытқысын бір жерге жинаған үлгілі отбасы атану басты мақсат болса екен. Той-томалақта жастарға «Бір жастықта қартайыңдар» деп тілек білдіріп жатады. Сол тілектің орындалуына ер де әйел де бірдей атсалысса қанша жаста үйленіп, отау құрғаның маңызды емес.
Әлия НҰРБЕКҚЫЗЫ