USD523.58EUR549.71RUB5.01

Атақты «маскүнеммен» сұқбат

20 желтоқсан 2019, 17:27
Шаншу.
Атақты «маскүнеммен» сұқбат

− Аса құрметті Күндемас Басжазар­ұлы, сіздің атақты маскүнем екеніңізді бүкіл қала жұртшылығы жақсы біледі. Айтыңызшы, не үшін іше бересіз?
− Өте орынды сұрақ. Бірақ неге іше беретінімді өзім де білмеймін.

− Кейбір маскүнемдерден неге іше бере­сің деп сұрасаң, «іш, іш» деп шайтан түр­тіп тұрады, − дейді. Сізді шайтан түртпей ме? 

 − Шайтан дегенмен шаруам жоқ.

 − Шайтан түртпейтін болса, неге іше бересіз?

 − Ой, сіз түсінбейсіз ғой. Мен тектен-текке ішпеймін.

 − Сонда енді не үшін ішесіз?

 − Мен елдің, жердің, қоғамның жағдайын ойлағандықтан ішем ғой.

Қайбір жетіскеннен ішеді дейсіз?

 − Анығырақ айтсаңыз.

 − Мен енді бәрін тізе бермей, қатты ішіп кеткен кездерімді айтайын. Сонау бір жылы банкке салған ақшамның 500 мың теңгесі күйіп кетті. Өліп-тіріліп жинаған ақшам ғой. Сосын мен де күйіп кеттім. Әйда, сілтедім кеп. Естен танғанша іштім.

− Енді сіз сілтеді екен деп, банк ақшаңызды қайтарып бермейді ғой.
− Мәселе банкте емес, мәселе Үкіметте болып тұр ғой. Біздің Үкімет көк тиын да қайтарып берген жоқ. Сосын сілтедім. Өшімді «ақаңнан» алдым. Әйтпесе, сілтеп жыным бар ма?

− Иә, содан кейін.

− Біз өзі қаланың шетінде тұрамыз, мал ұстаймыз. Бірде қорадағы бұзаулы сиырымды, құлынды биемді бір түнде ұрлап кетті. Сотқа арызданып едім, сот: «Сіздің бар малыңызды елімізде әбден байып, Англияға былтыр қашып кеткен атақты жемқор Жайынбай Қарынбаев ұрлапты. Соны сыртынан соттап, 15 жылға үкім шығардық», − дейді.

− Ау, айналайын, сот-ау, менің малым былтыр емес, бір ай бұрын ғана ұрланған десем, «жоқ, былтыр ұрланған, біз атақты бақсыға бал аштырдық, Англиядағы Қарынбаев ұшақпен келіп алып кеткен» деп бет бақтырмайды. Ал енді осындай сотқа қалай күйіп кетпейсің, қалай ішпейсің?

 − Сіз ішкенде сот басқа үкім шығарар дейсіз бе?

 − Сот басқа үкім шығармайтынын білген соң ішкен жоқпын ба? Әйтпесе, ішіп жыным бар ма? 

 − Иә, содан кейін.

 − Осы менің маскүнем болуыма теледидар деген «пәле» кінәлі. Содан небір «қызықты» көремін де, ішемін кеп.

 − Қандай қызықты айтып отырсыз?

 − Ой, қызық көп қой. Мәселен, жоғарыдағы атасақалы аузына біткен қазақтардың қазақша сөйлемейтіні, сөйлей алмайтыны қандай қызық.
 − Енді олар қазақшаны басқа ұлт өкілдері түсінбейді деп ұялады ғой. 
 − Иә, сол ұялғанының өзі қандай қызық десеңші. Біздің биліктегілер өте ұялшақ. Үкіметтің мәжілісін қараңызшы. Бірыңғай қазақтар отырып, бірыңғай орысша сөйлейді... 

− Күндемас Басжазарұлы, сонда сіз қазақ­ша сөйлемейтін Үкімет үшін ішпейсіз бе?

 − Неге ішпеймін, ішемін. Маған сылтау керек. Мен қазақшаға аузы қисаймайтын ұялшақ министрлер мен әкімдер үшін де, жоғары лауазымды шенеуніктер үшін де, теледидардан қазақша қойған сұраққа орысша жауап беретін ұялшақ кемпір-шалдар үшін де ұялыңқырап отырып, іше беремін. Осылар мені әбден маскүнем етіп болды.

− Сонда сіз бұларға күйінгеннен іше­сіз бе, жоқ әлде сүйінгеннен ішесіз бе?
 − Бірде күйінгеннен, енді бірде сүйінгеннен іше беремін.

 − Күйінішіңіз көп пе?

− Көп қой, көп. Қазақ көші неге тоқтап қал­ды деп күйінемін, жетім қазақ балаларын жы­латып, неге шет­елге саттық деп күйінемін, қолжетімді баспанаға неге қол жетпейді деп кү­йі­немін, мыңдаған қазақ қыздары неге бай­ға шыға алмай жүр деп күйінемін, өмірі­мізге нәр беретін, сән беретін страте­гия­лық ма­ңызы зор нысан­дарды неге кәріс, қытай үн­діс сияқты жатжұрттықтарға беріп қой­дық деп күйінемін, құдай жарат­қ­ан жерімізді, көлі­мізді, тауымызды, орман-тоға­­йы­­мызды неге жекеге сат­­тық деп күйі­немін. Ой, мен күйі­нетін нәрселер көп қой, көп.

− Сонда осылардың бәрі үшін күйініштен іше бересіз бе? Жанып кетуіңіз мүмкін ғой.

 − Әрине, оңай емес, ден­саулық та дал-дал бол­ды. Сонда да, ішпесем − мұрным қышиды, табаным ыси­ды, шекем тырысады, арқам құрысады, қо­лым қал­ты­райды, буыным сырқы­райды, тізем діріл­дейді, көзім іріңдейді, тама­ғым құрғай­­ды, басым қалтыл­дап, бір «орнында» тұрмайды.

− Астапыралла, астапыралла! Не деп кеттіңіз? Неге доқтырға көрінбейсіз?
− Ау, айналайын, оның емі «анау» ғой, «ақаң» ғой. Қырлы стақанмен біреуін қылғытып жіберсем, «манағы­ның» бәрі қоя қояды, жым болады.

− Денсаулығыңыз дал-дал болса, қой­майсыз ба?

 − Жо...жоқ, қоймаймын, қоя алмай­мын. Мен шенеуніктер таза қазақша сөйлегенше, бойдақ қазақ қыздары түгел байға шыққанша, Англияға ұрлап әкеткен малдарымды қайтарып бергенше, іше беремін, іше беремін, іше беремін... 

Дамир ӘБІШЕВ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:
ОЙЫННАН ӨРТ ШЫҒА ЖАЗДАП…
07 қыркүйек 2023, 16:54
Шіріген алма
12 сәуір 2023, 15:53
Ежелгі дос
08 ақпан 2023, 10:16

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar